Кеше облыстық әкімдікте Көкшетау қаласында православ шіркеуінің құрылысына байланысты кеңес өткізілді.
«Новый Собор» қоғамдық қорының төрағасы А.Мартыненконың айтуы-на қарағанда, бүгінгі күні келісім-шарттардың бәрі жасалып, құрылыс алаңында алғашқы жұмыстар басталып кеткен. Таяудағы күндері іргетасын бекітетін қазықтар қағылады. «Қорға бүгінгі таңда 6 миллион 400 мың теңге қаржы жиналды. Бұл 9 ұйым мен 3 жеке адамның қаржысы. «Аскоп» фирмасы шіркеу құрылысына алғашқылардың бірі болып қаржылай көмек көрсетті» деп атап өтті А.Мартыненко. Кеңес барысында өңір басшысы жобамен танысып, осы бағытта жұмыс істей беру керектігі жөнінде тапсырма берді.
Естеріңізге сала кетейік, Көкшетауда бес жүз адам сиятын, жалпы құны
1 миллиард 148 миллион теңге тұратын шіркеу құрылысы басталуда. Сондай-ақ, храм жанынан жексенбілік мектеп ашу да жоспарлануда. Жаңа шіркеу Қопа көлінің жағасында тұрғызылмақ.
Сондай-ақ, кеңес барысында өңір басшысы «Юбилейный» футбол стадионы құрылысының жобасымен танысты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Патюткинаның айтуына қарағанда нысанды қайта құруға жұмсалатын қаржы
2 миллиард 54 миллион теңге. Облыс әкімі жобаны қайтадан қарастырып, шығынды азайту жөнінде тапсырма берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.