Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков бастаған бір топ сенаторлар Ақкөл қаласындағы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» жер үсті басқару кешенінде болды.
Орталықта болған комитет мүшелері телекоммуникациялық «KazSat-2» және «KazSat-3» серіктерін басқаруды қамтамасыз ететін «Ақкөл» жерүсті басқару кешені бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Ұжым алдында сөз сөйлеген комитет төрағасы Икрам Адырбеков Дүниежүзілік авиация және ғарыш күнімен құттықтады.
Сонымен қатар, ол жақында Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдағанын да атап өтті. Аталған құжатта экономика, азаматтық қорғаныс, қоршаған орта, геодезия және картография, сәулет және қала құрылысы салаларында ғарыш қызметінің нәтижелерін іс жүзінде пайдалану үшін құқықтық тетіктер көзделген.
Кездесуде сенаторлар алға қойылған міндеттерді іске асыру барысында туындайтын, заңнамалық қолдауды талап ететін өзекті мәселелерді де шешуде жәрдемдесетінін айтты.
Аслан ОСПАНОВ
Ақкөл ауданы.