Көктем келіп, күн жылынған соң қыс бойы қар астында жатқан түрлі қоқыстар қаламыздың келбетін бұзады. Осы орайда, көше тазалығын сақтауға және абаттандыруға байланысты ұйымдастырылатын дәстүрлі сенбіліктердің маңызы зор.
Тазалықты әр адам өзінен бастағаны жөн. Аялдамаларда автобус күтіп тұрып, темекісінің тұқылын аяғының астына тастай салатындар, көшеде келе жатып балмұздақтың немесе сусынның құтысын лақтырып кететіндер бар. Мұның бәрі қаламыздың көркін бұзып, ластандырып жатады. Әрине, аула сыпырушылар көшелер мен аулаларды күнделікті тазартады. Дегенмен, кей жерлерде қоқыс шашылып жататынын күнде көріп жүрміз. Мекемелер мен ұйымдар өткізетін бейсенбіліктер мен сенбіліктер кезінде сондай қоқыстардың бәрі жинастырылып, ағаштардың діңдері, жағажолдардағы бардюрлер әктеліп, қаламыздың көркі кіріп қалады.
Сондықтан, барша облыс, қала тұрғындарын осындай шараларға белсене қатысуға шақырамыз. Өзіміз тұрып жатқан қаламыздың көрікті де таза болуы өз қолымызда екендігін естен шығармайық.
Жадыра ӘУБӘКІРОВА,
М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми
кітапханасының әдіскері.