Тоқсанда тұғыры мықты

Алдыңғы буын ағалардың өлшеусіз еңбегі, тамаша таланты туралы аз жазылып жатқан жоқ. Бірақ, ешқашан көптік етпес еді. Өйткені, олардың көл-көсір қарекетінің өзі желкілдеп өсіп келе жатқан жастар үшін жарқын мысал. Осындай жалпақ жұртқа жақсы атымен танылған, үлгілі ісімен өнеге көрсеткен ардагердің бірі – Моисей Гольдберг.

Сәуір айының орта шенінде Целиноград ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Моисей Михайлович тоқсан жасқа толып отыр. Сөзіміздің басында Моисей Михайловичтің қиырдағы
Украина жерінде дүниеге келгендігін айтуға тиістіміз. Ел шетіне жау келіп, дүниенің астан-кестеңі шыққан тұста олардың отбасы қазақ даласына қоныс аударған. Осы жерге әбден бауыр басып, еңбек етіп, тамырын тереңге жайған көптеген адамдар тәрізді бұлардың да әулеті сайын даланы, көңілі даладай кең, таудай асқақ адамдарды әбден жақсы көріп кеткен. Өздерінің екінші Отандары санайды.
Әкесі Михайл зұлмат соғыстың басталған кезеңінде опат болыпты. Арғы жақтан дүниені тітірентіп басқыншы жау келе жатыр. Аяуды білмейтін, мейірімнен ада жолын өрттей жалмап келе жатқан. Жазықсыз адамдармен қоса елдің жинаған байлығын да талан-таражға салып, сабақты жіп қалдырмай жоюда. Михайл шаруашылықтың ірі қара малдарын соғыс шебінен алыстатып, жау қолына түспесін деп айдап келе жатқанда басқыншыларға кезіккен. Сол уақытта И.Сталиннің шаруашылық мүлкін аман алып қалу туралы Жарлығы да болған екен. Қолға түскендерді немістер бірден атып тастаған.
Әке ажалы туралы соңғы дерек осындай. Соғыста еш кінәсі болмаса да жау оғынан ажал құшқан асылдан қалған тұяқ Моисей Михайлович екеуіміз сан мәрте сапарлас болдық. Әсіресе, ауыл шаруашылығының қат-қабат науқандары кезінде. Астаналық  ауданның көктемгі егіс, күзгі орақта біз араламаған алқаптар жоқ десе артық айтқандық емес. Сол сапарларда қаламдас ағаның жан дүниесін айқын аңғардым деп айта аламын. Алдыңғы буынның ішіндегі қаламы қарымды, өз ісінің шынайы шебері болып танылған Моисей Михайлович әр кезде көңілді жүретін, көп нәрсені аңғарып, көкірегіне түйе білетін аңғарымпаз адам. Шаруашылықтың әлдебір қиын түйінінен басы қатып отырған басшыны әп-сәтте өзінің әзіл лепесімен сергітіп, көңілдендіре білетін. Кіммен болсын тіл табысу қолынан келетін. Ал, қалам ұстаған, жазар мақаласына дерек іздеген адам үшін бұл өте керек қасиет.
Жасы жер ортасынан асса да әлі де қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақстан мен Ресейдің көптеген басылымдарымен шығармашылық байланыста.
– Қазіргі күні біздің көптеген шенеуніктеріміздің газет-журнал оқымайтындығы қынжылтады, – дейді ол, – ал, жастардың жайы болса, тіпті аянышты. Олар тәлімі мол, тағылымы зор басылымдарды оқудың орнына интернетпен шұғылданады. Мүмкін заманның ағымына сай ол да керек шығар, бірақ, көркем әдебиеттің жастар тәрбиесіндегі орнын ештеңе айырбастай алмайды. Абай мен Пушкинді, Әуезов пен Толстойды оқымаған адамның жан дүниесі, рухани байлығы қандай болуы мүмкін.  
Моисей Михайловичтің аяқталмаған жоғары білімі бар. Оның да өзіндік себептері аз емес. Бұл кісілердің тұшына білім алатын уақыттары қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді ғой. Әйтсе де, тумысынан жаратқан ие талап пен талантты молынан берген ардагердің өмірден үйренгені аз емес. Оған қоса, өзінің таңдап алған мамандығына деген зор сүйіспеншілігі бар.
Мен ол кісіден атақты әдебиетшілер, өз республикамыздың мәдениет саласының майталмандары туралы көп естідім. Сондағы бір таң қалатыным есте сақтау қабілетінің күштілігі.
Басқаны былай қойғанда тың игеру жылдары Ақмолаға келген КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы Н.Хрущевпен де кездескен. Ол тұста М.Гольдберг Ақмола облыстық радиосының бас редакторы болып қызмет еткен екен. Өз дәуіріндегі ірі тұлғалардың көпшілігімен жүздескен. Мәселен, республикамыздағы ірі лауазым иесі Сабыр Ниязбеков, аты аңызға айналған Роза Бағланова, Социалистік Еңбек Ері Иван Шарф тәрізді адамдармен жүздескен. Кейбір сәттеріне мен де куәмін. Мысалы, Иван Иванович қазақ тілін жақсы білетін еді. Кейде маған қарап көзін қысып қойып, қазақша сөйлесетін. Сөйтіп, Моисей Михайловичтің әзілдеп, қытығына тиетін.
Сен оған жылдам аударып берме, кішкене қиналсын деп қоятын. Сапар соңында қаламдас аға Иван Иванович
не туралы айтқаны жайлы сұрап, білгісі келетін. Қызығы мен қиындығы астасып жататын журналистік жолдағы сондай бір әдемі сәттер көңіл түкпірінде сақталып қалыпты.
Жауынгер жанр – публицистика оның оң жамбасына келетін дүние. Өңіріміздің көптеген адамдарының талайлы тағдыры мен тамаша өмірбаяны ардагердің қаламына ілікті. Моисей Михайлович Абиров, Бурбах, Шарф және Қамзебаевтардың еңбегін жалпақ жұртқа танытқан қаламгер.
Еңбек адамы оның сүйікті тақырыбы. Сондықтан да, И.Сауэр мен М.Қамзебаевтар тәрізді өздерінің еңбектерінің арқасында еліміздің байлығын еселеп жүрген азаматтарды көңілі сүйіп жазып келеді.
Қазақстандық журналистиканың ақсақалы саналатын Моисей Гольдбергті тоқсан жылдық торқалы тойымен құттықтай отыра, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасының бақытын тілейміз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
журналист.

Суретте: ғалым-агроном Ғалым Құдайбергенов пен Моисей Гольдберг.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар