Біз ұлттық салтты көздің қарашығындай сақтауды парыз санаған Қайыркәмал апайдың үйіне кіргенде, ол қоржын тігіп отыр екен. Алдымен көзге түскені бөлменің төрінде жиюлы тұрған көздің жауын алатын құрақ көрпелер болды. Көркемдеп қиюластыра тігілген қолөнер бұйымдары үйдің сәнін келтіріп тұрды.
Қайыркәмал Қайыржанова кішкентай кезінен бастап қолына ине ұстаған. Үлкен апасы тігінші болған екен. Білген-түйгенін үйретіп, жанынан қалдырмай іс тігуге бейімдепті. Бүгінде 63 жасқа келген апай зейнеткерлікке шыққанша Кеңөткел ауылының мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарған. Әр сабаққа тыңғылықты дайындалып, барлық көрнекіліктерді өзі жасап жүріпті.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін түпкілікті қолөнерге мойын бұрыпты. Алғашында тоқыма тоқыған апай, кейін тойға қоржындардың қажеттігін ескеріп қалталар тіге бастаған. Ұлттық нақышта безендірілген бұйымдарды негізінен көрші-қолаң, ағайын-туыстар үшін жасаған. Кейіннен он саусағынан өнер тамған тігіншінің дүниелері жер-жерге тарап, сұраныс та арта түскен. Қайыркәмал апайдың айтуынша, осы уақытқа дейін алпысқа жуық қоржын тіккен. Бірінен — бірі өзгеше. Қызылды-жасылды маталардан жасалған қоржындар ұлттық қолөнердің керемет үлгісі іспетті. Түрлі оюлармен әшекейленген заттарға ұсақ моншақты тігеді екен. Бұл асқан ыждаһаттылық пен тиянақтылықты қажет етеді. Себебі, кейбір қолөнершілер моншақтарды тіккеннен гөрі, жапсыра салуға әуес. Оңай жолды іздемейтін ісмер жан сапаға баса назар аударады. Қашан да ізденіс үстінде жүретін қолөнерші өз сөзінде бір қоржынды екі күнде аяқтап шығатынын
айтты.
Қажет материалдарды әуел баста облыс орталығынан жеткізіп отырыпты. Алайда, Көкшетау қаласында маталарға деген сұраныс төмен болған соң, апайға керекті материалдар түспейтін болыпты. Қазіргі уақытта матаны Қостанайдан әкеледі.
– Қазақ халқының қолөнері өте бай. Сол өнердің өшпеуіне атсалысқым келеді. Мектеп оқушыларына үйретіп, дарынды ізбасар шәкірттер қалдырсам деймін. Өз ісімді кеңейткім келеді. Алайда, денсаулығыма байланысты оған мүмкіншілігім жоқ, – дейді Қайыркәмал апай.
Күнделікті тіршіліктің қам-қарекетін жасаған соң, сүйікті ісімен айналысатын ісмер жанның ақжарқын көңіліне риза болдық. Бір сәт тыным таппай, өмірін еңбекпен өткізіп келе жатқан апай жаз бойы көкеністерді баптайды.
Елемес ата екеуі үш қызғалдақтары Айнагүл, Гүлжан және Жұлдызайды тәрбиелеп, қияға қондырып, ұзақ жылдық бейнеттерінің зейнетін көріп отыр. Апайға аудан әкімшілігі үлкен міндет жүктепті. Қайыркәмал Рашидқызы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Бір ел, бір тағдыр» атты көрмеге Зеренді ауданының рәмізін жасамақшы. Біз он саусағынан өнер тамған апайға сәттілік тілеп, қоштастық.
Ырысгүл АШУОВА
Кеңөткел ауылы,
Зеренді ауданы.