Көкшетау қалалық саябағында 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күніне арналған кеш болып өтті.
Қазақ халқының лиро-эпостық жырларының ішіндегі ең көркемі әрі ең көп таралып, танылғаны Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жыры десек қателеспеспіз. Осы екі кейіпкерді қазақ шынайы махаббат пен сүйіспеншіліктің символы етіп алғалы қашан. Тағдыр қоспаған ғашықтардың бәрін Қозы мен Баян сияқты болды-ау деп ұқсастырып жатқанын да сан мәрте кітап бетінен оқығанымыз бар. Ал, осы екі ғашықтың есімін жыл сайын сәуір айының 15-і күні бұрынғыдан да жиі айтатын болдық. Себебі, 2001 жылдан бастап елімізде ғашықтар күні осы уақытта тойланып, ол Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні деп ресми түрде аталды.
Көктемнің жаймашуақ күнінде саябаққа жиналған жастар қарасы қалың болды. Бәрінің басын бір алаңға қосып, әдемі ән мен әсерлі күй, қызықты сайыстар мен ұлттық ойындар ойнатылып, кеш соңында ең әдемі, ең белсенді жұптар анықталды. Олар Аспандияр мен Әйгерім және ғашықтар күнінің қарсаңында отбасын құрған Ақжол мен Жадыра. Аттары аталған жастар «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу – 2016» деген атаққа ие болып, естелік сыйлықтарымен марапатталды. Бағдарлама жастарға арналған би кешімен жалғасты.
Кешті Көкшетау қалалық әкімдігі және қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Мерген ТОҚСАНБАЙ