15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні елімізде 1999 жылдан бері тойланып келеді. Бастапқы жылдары кей өңірлерде ішінара аталып өтсе, қазір еліміз бойынша кең қанат жайып келе жатқаны қуантады.
Бұл өмірде адал махаббаттан асқан құдірет жоқ. Жастарды халқымыздың тарихында ерекше орын алатын Қозы Көрпеш – Баян сұлудың бір-біріне деген адал, пәк, кіршіксіз таза сезімдері арқылы шынайы сүйіспеншілікке баулу мақсатында қолға алынған осы бір мереке ұл-қыздарымыздың бойына ізгілік, инабаттылық нұрын себезгілеп, ақ адал сезімдерге бастаса дейсің. «Махаббат – дүниедегі барлық күштің, барлық қуаттың бастау өзегі. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ»,–деп атап көрсеткен Қазақстанның Халық жазушысы, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы бүкіл елімізге әйгілі «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабының авторы Әзілхан Нұршайықов ағамыздың пікірі де бұл орайда, өз құндылығын еш уақытта жоймақ емес.
Бір қуанарлығы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні біздің облысымызда да жылдан-жылға танымал болып келеді. Бұған биыл облыс орталығының білім, мәдениет орындарында, орталық саябақта осы күнге орайластырылып өткізілген мазмұнды шаралар айқын дәлел. Бұл жөнінде газетіміздің өткен санында да хабарлаған болатынбыз. Ал, бүгін оқырман назарына осы шаралардан түсірілген фототілшіміз Берік Ескеновтің бір топ суреттерін ұсынып
отырмыз.
Қазіргідей жастар сезімінде селкеулік көп болып, ажырасулар көбейіп отырған заманда Ұлттық ғашықтар күні осы бір келеңсіз көріністің тежелуіне септігін тигізіп, ұл-қыздарымыздың бір-біріне деген бал сезімдерін баянды ете түссе, нұр үстіне нұр!..
«Арқа ажарының» өз ақпараты.