Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің ашылғанына биыл 40 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде оқу орнынан білім алып шыққан мыңдаған түлектер еліміздің әр өңірінде мәдениет саласында еңбек етіп жүр. Олардың арасында ұстаздар да, мәдениет ошақтарында қызмет істеп, осы саланы дамытуға үлесін қосып жүрген мамандар да, өнерді серік етіп үлкен сахналарда колледжден алған білімдері мен таланттарын халыққа танытып жүрген өнер адамдары да бар. Осының бәрін ескере келе, тілшіміз оқу орнының өткені мен бүгіні туралы колледж директоры, есімі көпке белгілі дәстүрлі әнші Саян Мұхамедиярмен кездесіп, әңгімелескен еді.
– Колледж түлектері бүгінгі күні еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында оңтайландыру салдарынан жабылып қалған ауыл клубтары мен кітапханаларын қайта ашып, жоқтан бар жасап, аяғынан тұрғызу айтуға ғана оңай шаруа десек, сондай қиын міндетті мо-йындарына алып, абыроймен атқарған түлектеріміздің көптігін мақтаныш етеміз. Қазіргі таңда колледжде елу мұғалім сегіз мамандық бойынша 128 шәкіртке сабақ береді. Ұлт аспаптар бөлімі, орыс халық аспаптары бөлімі, үрмелі және ұрмалы аспаптар бөлімі, дәстүрлі ән мен эстрадалық ән бөлімдері, фортепиано, дирижер және хор дирижері бөлімдері бар. Шәкірттеріміздің саны аз болғанымен облыс көлемінде өтетін концерттер біздің қатысуымызсыз өтпейді деуге болады. Сондай-ақ, өнер жолына түсіп, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген таланттарымыз да аз емес. Кезінде осы білім ордасын тәмамдап, консерватория, музыка академиясын бітірген жастарымыздың өздері білім алған колледжде ұстаздық етіп жүргендері де бар. Колледждің 40 жылдық мерейтойы қарсаңында осы білім ордасынан түлеп ұшқан, қазір үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген бірқатар өнерпаздарымыз келеді деп күтіп отырмыз. Сәуір айының 18-19-да облыстық филармонияда үлкен концерт береміз деп жоспарлап қойдық.
– Біржан сал колледжі алғаш ашылған тұста осы оқу орнына басшылық жасап, іргесін кеңейтуге сүбелі үлесін қосқан танымал өнер иесі, белгілі композитор Манарбек Бексейітов жайында да айта кетсеңіз.
– Колледж 1976 жылы ашылғанда алғашқы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, жаңа оқу орнының өсіп дамуына елеулі еңбек сіңірген сол кісі болатын. Манарбек ағамыз жиырма жылдай табан аудармай осы оқу орнын басқарып, білім ордасының облыстағы іргелі оқу орнына айналуына сүбелі үлес қосты. 1990 жылдарда еліміздегі бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер оңтайландырылып, жабылып жатқанда оқу орнының шаңырағын шайқалтпай аман қалуына сол кісі үлкен еңбек сіңірді десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, оңтайландыру бұлты біздің оқу орнымызды да шалмай қалған жоқ. 1996 жылы Көкшетаудағы Ақан сері атындағы колледжбен Біржан сал атындағы колледжі біріктірілді. Біріккен оқу орнының басшылығына Рафаиль Зұлқарнаев келді. 1999 жылы қайтадан колледждер өз алдына жеке оқу орындары болып құрылды да, Біржан сал атындағы колледж тізгінін енді Гүлзара Қанапиянова ұстады. Одан кейінгі жылдарда Жақып Көшкенбаев, Қайырлы Сәрсенбаев басшылық қызмет атқарды. Мен колледж директорлығына 2013 жылы келдім.
– Колледж ішінде бірқатар жеке өнер ұжымдары жұмыс істейтінін білеміз. Солар жайында кеңірек айтып берсеңіз.
– Колледж қабырғасында бірнеше өнер ұжымдары бар. Солардың әр- қайсысына жеке-жеке тоқтала кетейін. Манарбек Бексейітов ашқан қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрамында 60 білім алушы өнер көрсетеді. Қазіргі күні оған Ербол Базаров жетекшілік етеді. Бұл оркестр Югославия, Венгрия мен Польшаға дейін барып, қазақ өнерін танытып келді. 1999 жылы Мәскеудің «Россия» концерт залында өткен «Соз-вездие дружбы» атты фестивальге қатысып, жақсы өнер көрсеткен еді. Қазақ оркестрі деп аталғанмен, бұл өнер ұжымы тек қазақ халқының ән-күйін орындаумен ғана шектелмей, шетел әуендерін, классикалық шығармаларды да орындайды. Бұл олардың әлем музыкасынан сусындап, жан-жақты болып өсуіне ықпал етеді.
Орыс халық оркестрін кезінде Яков Гербед ашқан болатын. Қазіргі жетекшісі Болат Аминов. Қазақстан бойынша мұндай оркестрлер екеу-ақ. Біреуі Павлодар қаласында болса, екіншісі осы Біржан сал атындағы колледждің оркестрі. Бұл өнер ұжымының құрамында 35 білім алушы өнер көрсетеді. Олар да қазақ оркестрі сияқты көптеген шет елдерге барып, жүлдегер атанды.
Сонымен қатар, бізде хор ұжымдары да бар. Оны Маргарита Гурычева ашқан болатын. Үлкен хорда 3-4 курстың білім алушылары болса, кіші хор 1-2 курс оқушыларынан құралған. Жетекшілері Галина Колесникова мен Марина
Дауытова. 1990 жылы Асылтас
Тасымова қазақ ұлт аспаптар бөлімінің жеке хорын ұйымдастырды. Ол 1995 жылы Павлодарда өткен республикалық фестивальдің лауреаты атанды. 2007 жылы Астанадағы Музыка
академиясында Композиторлар одағының шақыруымен жеке концерт берсе, 2008 жылы сол қалада өткен республикалық фестивальдің лауреаты болып оралды. Колледждің тағы бір іргелі өнер ұжымы ол – «Оқжетпес» фольклорлық ансамблі. Оны кезінде Манарбек Бексейітов ашқан еді. Бүгінде оған Дәурен жетекшілік етуде.
Колледжде 2006 жылы эстрадалық бөлім ашылып, қазіргі заманғы музыка саласының мамандарын даярлау қолға алынды. Осы бөлімнің ішінен эстрадалық джаз оркестрі құрылды. Бүгінде оркестрге Владимир Бронников жетекшілік етуде. Бұл оркестр 2012 жылы «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы ұйымдастырған джаз орындаушыларының байқауында жүлделі екінші орынды иемденді. Жалпы, ауыз толтырып айтуға болатындай осындай жетістіктеріміз аз емес. Әр жылдары оқу бітірген шәкірттеріміз Алматы, Мәскеу, Екатеринбург, Челябинск, Бішкек, Санкт-Петербург, Вена сияқты қалаларда мәдениет, өнер саласында жемісті қызмет етіп жүр. Қырық жылда қол жеткен жетістіктеріміз, дегенмен біз үшін басты өлшем болмауы керек. Алдағы уақытта да өңіріміздің, еліміздің мақтанышы болар талантты, талапты шәкірттерді көптеп тәрбиелеу біздің ең басты және негізгі мақсатымыз болып қала береді.
Сұхбатты жүргізген Мерген ТОҚСАНБАЙ.