Биыл аудан диқандарының алдында 566,2 мың гектар алқапқа тұқым сіңіру міндеті тұр. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 544,8 мың гектар жерге себіледі.
Тұрғындардың жерін есепке алғанда картоп алқабы 196 гектарды, көкөніс алқабы 133 гектарды, майлы дақылдардың алқабы 7 мың 900 гектарды құрайды. Азықтық дақылдар 12 мың 530 гектар жерге сіңіріледі. Аудан бойынша көктемгі егіс науқанын өткізу үшін 59 мың 500 тонна тұқым құйылған. Қамбадағы тұқымдық астықтың барлығы тексерістен өтті, оның 41,8 мың тоннасы бірінші және екінші сортты тұқым. Өңірдегі «Жер-1» элиталық тұқым шаруашылығы өзге ауыл шаруашылығы құрылымдарын тұқым қажеттілігімен толық көлемде қамтамасыз етті.
Көктемгі егіс науқанында 355 «К-700», 202 шынжыр табанды трактор және 81 өнімділігі жоғары егіс кешені қатысады. Көктемгі дала жұмыстарын өткізуге ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы дайын. Тек 8 мың 365 тонна дизель отыны қажет. Бүгінгі таңда шаруашылықтарда оның 607 тоннасы бар.
Кепілдендірілген дизель отынын тасымалдау кестеге сәйкес жүргізілуде. Биылғы жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, егіс кезінде 7 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу межеленген. Несиелеу бағдарламасы бойынша «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының кепілдігімен көктемгі дала жұмыстарын өткізуді несиелеуге 629 миллион теңге бөлінді. Өңірдің 151 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушісі «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына өтінімдер берген. Бүгінгі таңда ауданның шаруашылықтары 230 миллион теңгенің несиесін алды. Сондай-ақ, жергілікті «Жарқайың» несиелік серіктестігінен он шаруашылық несие алды.
Октябрь БАЙЕГІЗОВ,
Жарқайың аудандық ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы.