Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбекті қорғау – еңбек адамын қорғау - АРҚА АЖАРЫ

Еңбекті қорғау – еңбек адамын қорғау

Шын мәнінде адам еңбегі мен оның денсаулығын қорғау өте маңызды. Оның ар жағында қаншама адамдардың тағдыры тұрғандығы айдан анық. Осыған орай, 2003 жылы Халықаралық еңбек ұйымы сәуір айының 28-і күнін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні деп жариялаған болатын. Маңызды мәселеге орай, Халықаралық кәсіподақтар қозғалысы да дәл осы күнді өндірісте жүріп жарақаттанған немесе жұмыс орнында қайғылы оқиғаларға душар болып қаза тапқандарды еске алу күні ретінде атап өтуде.

Халықаралық еңбек ұйымының жан-жақты сараптамасына қарағанда, әлемде әр жыл сайын 2,3 миллион адам жұмыс орнында жарақат алса, әр күн сайын алты мыңнан астам адам айтып келмейтін әрқилы апаттың кесірінен денсаулықтарына зиян келтіреді екен. Жалпы бүкіл әлемде әр жыл сайын 340 миллионға жуық жұмыс басындағы оқыс оқиғалар тіркеледі.
Мұның барлығы дөңгелеген дүниенің қауіпке толы тыныс-тіршілігін аңғартатын жайлар. Енді газет оқырмандарының назарын облысымыздағы кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек пен денсаулықты қорғау жайына аударғаным жөн. Бізде де жұмыс барысында жарақат алу, мертігіп өмірлік мүгедек болып қалу, тіпті, адамдардың қаза табу фактілері аз емес. Мысалы, 2015 жылы 76 оқыс оқиға орын алып, сол оқиғалардың салдарынан 85 адам әртүрлі деңгейде жарақаттанған, 17 адам қаза тапқан. Осы жалаң цифрлардың ар жағында қаншама отбасын қайғы-қасіретке душар қылып жатқан өзекті өртер өкініш жатыр.
Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма еңбекті қорғау бағытында қыруар жұмыс атқаруда. Ұйымдар мен кәсіпорындарда болып, ондағы еңбек пен денсаулықты қорғау мәселесіне жіті назар аударып, кездесіп жатқан кемшілікті шұғыл түрде жойғызу жөнінде талап қоюда. Бірақ, өкінішке орай оқыс оқиғалар фактісі азаймай отыр. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында негізінен техника қауіпсіздігін сақтамау, еңбек пен денсаулық қорғауға басшылық және лауазымды тұлғалар тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбеуі салдарынан облыста 10 оқыс оқиға орын алды, 12 адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болды.
Еңбек инспекциясы орын алған оқиғалардың себеп-салдарын тереңірек зерттей келе, жалпыға ортақ, жиі кездесетін кемшіліктерді анықтап отыр. Атап айтатұғын болсақ, ол ең алдымен техника құралдарын пайдалану кезінде тиісті қауіпсіздік шараларын сақтамау, жұмыс ырғағын ұйымдастыру барысында әртүрлі ағаттықтардың жіберілуі, басшылық тарапынан қатаң бақылаудың болмауы, сонан соң жұмысшыларға еңбек қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндірілмеу.
Мұндай жағдайлар әлі де бар. Мемлекеттік еңбек инспекциясы алдын алу шараларының талаптарын мұқият орындауды талап етуде. Әйтсе де өкінішке орай, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары еңбек адамына қауіпсіз жағдай туғызып, қажетті шараларды мықтап қолға ала бермейді. Негізінде жауапты тұлғалар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөліп, бұл істі халықаралық стандарттарға сәйкес оң жолға қоюға тиісті.
Адам – ең қымбат қазына. Оның өмірі мен денсаулығын қорғау аса маңызды іс. Сондықтан, тағы бір рет жұмыс берушілердің жадына кейбір талаптарды сала кетудің артықшылығы болмас. Мәселен, құрамында елуден астам адамы бар өндіріс ошағында негізгі жұмыстан босатылған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау маманы болуға тиісті. Бүгінгі таңда облыстың 381 кәсіпорнында техника қауіпсіздігінің инженері қызмет етуде.
Астана, Көкшетау, Степногорск қалаларында оқу-кеңес беру орталықтары жұмыс істейді. Осы орталықтарда мамандар еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты оқып, тереңірек меңгереді. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан Республикасының Еңбек Заңына сәйкес 811 маман оқып, білім алды. Мұның барлығы адамдардың жұмыс барысындағы қауіпсіздігі үшін. Негізгі міндет облыста еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесін жетілдіру. Ол үшін мекемелер мен ұйымдар еңбек адамдарының жарақат алмауына, денсаулығына зиян келтірмеуіне ықпал етулері керек. Дүниежүзілік еңбек пен денсаулықты қорғау күні басқарманың мемлекеттік инспекторлары еңбек ұжымдарында болып, еңбек адамдарымен кездесу өткізеді.
Бұл шараларға жұмыс берушілер міндетті түрде қатыстырылады. Жүздесу барысында аталмыш ұйымдағы еңбекті қорғау, еңбек адамын қорғау тәрізді өзекті жайлар қаншалықты жүзеге асырылып отырғандығы айтылып, әр күн сайын талаптың күшейіп келе жатқандығы еске салынады. Бұл да көп болып қолға алынатын, ұжым басшыларының ынта-жігерімен жүзеге асатұғын шаруа.
Құрметті жұмыс берушілер! Әрқашан еңбек адамдарына жағдай туғызу, олардың денсаулығы мен еңбегін қорғау сіздердің қасиетті борыштарыңыз екендігін ұмытпағандарыңыз жөн. Әрбір еңбек адамының тағдыры – сіздің жеке жауапкершілігіңізде.

Мәлгаждар АЛДУОВ,
мемлекеттік еңбек инспекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар