Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ах-уалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы еліміздің дамуының жаңа кезеңдерін айқындайтын тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі. Жолдау – халық пен мемлекеттің ең басты және өзекті проблемаларына жауап беретін, өзінің маңыздылығы жағынан айрықша құжат.
Мемлекет басшысы айқындаған жаңа меже – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету, әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Жолдау экономикалық реформалардың негізінде дағдарыс ахуалында экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған, экономикалық саладағы шұғыл әрі тиімді қадамдар бойынша нақты міндеттерді қамтиды. Реформалар ұлттық валютаның өзгермелі бағамы, жаңа инвестициялық саясат, активтерді заңдастыру, бюджеттік саясатты оңтайландыру, өзіндік жеке бас-тамалар мен еркін әрі оң бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау, еңбек өнімділігін екі есе ұлғайту тәрізді басты жаңашылдық сипатты қамтиды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында мүлікті, ақшаны, құнды қағаздарды, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесін жария ету науқаны жалғасып жатыр.
Науқанның негізгі мақсаты – қосымша қаржыны жария етілген капитал ретінде экономикаға тарту. Бұл өз кезегінде мүлікті жария етуге және заңды айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Аталмыш Заңға сәйкес, қала мен аудан әкімдіктерінде комиссия құрылып, азаматтардың өтініштерін қабылдау пункттерінің орналасатын жері анықталды және қажетті ақпараттарға арналған стендтер рәсімделді. Жергілікті атқарушы органдардың комиссиялары ұсынған деректер бойынша облыс аумағында науқан басталғаннан бері биылғы жылдың 22 сәуіріне дейін жалпы сомасы 14 123,1 миллион теңгені құрайтын 1724 өтініш келіп түскен. Оның ішінде тұрғын үй нысандары бойынша 1127, тұрғын үйге жатпайтын нысандар бойынша 2169 өтініш бар. Бүгінгі күні жалпы сомасы 8 935,7 миллион теңгені белгілеген 1165 өтініш бойынша мүлікті жария ету жөнінде шешім қабылданды. Оның ішінде 799 тұрғын үй нысаны, 1565 тұрғын үйге жатпайтын нысан бар.
Мемлекет әртүрлі тетіктерді, соның ішінде бірқатар активтерді бәсекелес ортаға беру арқылы жекешелендіруді пайдалана отырып, экономиканың әр саласындағы мемлекеттің ықпалын қысқартып отыр. Бірінші кезекте мемлекеттің қатысуы қажетсіз бәсекелестікті енгізу соңғы тұтынушыға ұсынылатын қызметтердің сапасына әсер етуі қажет салаларға қатысты болып отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысымен квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелі ортаға беру қарастырылған.
Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған жаңа кешенді
жоспары қабылданды. Бұл жоспарды жүзеге асырудың басты индикаторы 2021 жылы республикалық меншік ұйымдарын 15 пайыз, коммуналдық меншік ұйымдарын 5 пайыз қысқарту болып саналады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын орындау мақсатында облыстық әкімдіктің 2016 жылғы 18 ақпандағы №А-1/12 қаулысымен Ақмола облысының коммуналдық меншігінің бәсекелі ортаға беруге жататын ұйымдарының тізбесі бекітілді. Бұған сәйкес 11 ұйым бәсекелі ортаға беруге жатады. Оның ішінде аумақтарды көгалдандыру, абаттандыру, қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинаумен және жолдарды жөндеумен айналысатын кәсіпорындар кіреді. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалымен айналысатын 6 кәсіпорын бәсекелі ортаға беруге жатады. Спорт және денсаулық сақтау саласындағы 5 кәсіпорын 2017-2020 жылдары бәсекелі ортаға беріледі. Жекешелендіру кәсіпкерлікті дамытуға мықты серпін беруі қажет. Өйткені, жеке сектор үшін нысандар саны көбейеді. Бұрын мемлекеттің қарамағында болған бизнестің жаңа бағыттары пайда болады.
Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауы тұрақты және гүлденген Қазақстанды қалыптастырудың, экономикасы дамыған және сараланған әлеуметтік саясатты ұстанатын, қуатты мемлекет негізінде болашағы бір ұлтты құрудың жүйелі саяси бағдарын көрсетеді. Біз жаңа жаһандық ахуалдың сындарына қарсы тұруымыз қажет және оған мүмкіндігіміз бар. Осыған байланысты барлық атқарушы органдар мен біртұтас қоғамның күш-жігерін жұмылдыруды қажет ететін міндеттер
қойылды.
Талғат БӨЛТЕНОВ,
облыстық қаржы басқармасының басшысы.