Аудан орталығында қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі – Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың жүлдесі үшін қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы үшінші республикалық турнир өтті.
Осымен қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылып отырған додаға Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар және Ақмола облыстарынан 2004-2005 жылдар аралығында туған 217 жасөспірімнен құралған 19 команда қатысып, тоғыз салмақ бойынша сынға түсті.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Гүлнәр Әбілқайырова мен батырдың туған-туыстары және жерлестері қатысып, жас спортшылардың жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді.
Екі күн бойы өткен жарыс қорытындысына сай 29 келі салмақта ақкөлдік Дияр Жүсіпов бірінші орын алса, 32 келі салмақта Жамбыл облысынан келген Әділет Ахметқали, 35 және 38 келі салмақтарда ерейментаулықтар Әділет Пойызбаев пен Олжас Еренғайыпов, 42 салмақта павлодарлық Алмас Әбдуәлиев, 46 келі салмақта қызылордалық Ернар Есенгелді, 51 келі салмақта қорғалжындық Мақсат Ғалымов, 57 келі салмақта тараздық Райыс Бейбарыс және одан жоғары салмақта тағы бір ерейментаулық Жандос Тілеубердинов жеңімпаз атанды. Жалпы, осы жарыста жергілікті Ақкөл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жүлделі орындарға ең көп ие болды. Жеңімпаз балуандардың барлығы бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Аслан НЫҒМЕТЖАНҰЛЫ.
Ақкөл ауданы.