Облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Бірлік ауылының іргетасы өткен ғасырдың 90-шы жылдары қаланған. Сексенінші жылдардың соңында «Тұрғын үй-91» деп аталатын бағдарлама қабылданып, құрылыс жұмыстары қарқын алған еді. Сол тұста қала маңынан жаңа ықшам аудан бой көтере бастады. Онда көп қабатты емес, бір және екі пәтерлі бір қабатты үйлер тұрғызылды. Баспана негізінен фарфор зауыты мен автобаза кәсіпорындарының жұмысшыларына арналған еді.
Содан бері міне, ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы кезең ішінде облыс орталығының бір ықшам ауданы саналатын елді мекен өсіп, өркен
жайып, іргелі ауылға айналды. Ауыл деп отырғанымыз, қаламен іргелес жатса да мұнда қаладағыдай көп қабатты зәулім үйлерді көрмейсіз және бас-аяғы жинақы өз алдына бірлігі жарасқан бір елді мекен болып отыр. Дегенмен, мұнда шалғай ауылдардағыдай жолдың нашарлығы, ауыз судың тапшылығы сияқты өзекті мәселелер жоқ. Кірпіштен қаланған бір қабатты сәулетті үйлер мен екі-үш қабатты коттедждер еңселі көрінеді. Әдемі қоршаумен қоршалған, жолдары тегіс, көшелері оқтаудай түзу ауылда қала тұрғындары көретін игіліктердің көбі бар.
Үш қабатты жаңа мектеп 2014 жылдың наурыз айында пайдалануға берілген. Бүгінде мектепте 247 бала тәлім-тәрбие алып жатыр. Аралас мектеп деп аталғанымен, басым көпшілігі қазақша оқитын балалар. Спорт залы, кітапханасы мен асханасы бар мектеп қазіргі заманғы оқу құралдарымен жабдықталған. Балалардың оқып білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда сондай-ақ, 80 орындық мектеп жанындағы балабақша бар екен. Түрлі пәндер бойынша үйірмелер, спорт секциялары жұмыс істейді.
–Ауылымыз көпұлтты. Қазақ, орыс, өзбек және күрд, кәріс, сыған ұлтының өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр, – дейді ықшамаудандағы №22 негізгі мектебінің директоры Баян Сәрсембаева.
Елді мекенде қазір 375 үй, мың жарымдай тұрғын бар. Жекеменшік дүкендер жұмыс істейді. Автобус қатынасы да жақсы жолға қойылған. №9 автобус таңертеңнен қас қарайғанша
үзбей жүреді. Қаланың дәл іргесінде орналасқан ауылдың тұрғындарының дені қаладағы түрлі мекемелер
мен ұйымдарда жұмыс істейді. Бірлі-жарым өз кәсібін ашып алғандар бар.
– Ауылдың ақсақалдар кеңесі осыдан екі жылдай бұрын құрылған еді, күнделікті өмірде кездесетін түрлі мәселелерге қатысты барлық шаруаларды өзара ақылдасып шешіп отырамыз, – дейді ақсақалдар алқасының төрағасы Халел Бескемпіров.
Ақсақалдар кеңесі айына екі рет бас қосып, түрлі түйткілді мәселелерді талқылайды. Ауылды абаттандыру, коммуналдық қызметке, тазалыққа, түрлі шараларды өткізуге қатысты мәселелер ақсақалдардың араласуымен шешімін тауып жатады. Тіпті, балалар мен жастар арасында кейбір тәртіп бұзушылықтар орын алып жатса құқық қорғаушыларды араластырмай, алдымен ақсақалдар талқысына салып, тентектерін өздері тезге салып отырады екен. Ал, өздері шешуге шамалары жетпейтін мәселелер болса, құзыретті органдарға хат жолдап, солар арқылы шаруаны бітіруге күш салады. Түтіні түзу шығып отырған ауылда дегенмен, барлық мәселе шешімін тапқан деуге болмайды. Ауыл тұрғындарын қазіргі толғандырып отырған көкейкесті мәселе – көшелерде жағажолдардың жоқтығы. Мұнда екінің бірінің үйінде автокөлік бар. Мектепке бара жатқан балаларымызды машина қағып кете ме деп ата-аналар уайым жейді. Іргелі ауылда монша жоқ. Балалар мен жастар бос уақытында ойнайтын спорт алаңы салынса артық болмас еді.
Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары, мектеп директоры Баян Сәрсембаева тұрғындарды толғандыратын бірқатар мәселелер осы аумақтан қалалық және облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған Ғалым Бекмағамбетов пен Рүстем Қалышевқа жеткізілгендігін, депутаттар өз кезегінде қолдан келгенше көмек көрсетуге уәде бергендігін айтты. Халық қалаулылары жұртшылық алдында берген уәделерін қазірдің өзінде орындай бастапты. Ауыл көшелеріндегі электр лампалары ауыстырылып, көше жарығы қалпына келтірілген. Наурыз айында 185 мың теңге қаржы бөлініп, мектептің айналасын көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Оған қоса, жергілікті жастарға арналған спорт алаңын ашу үшін 620 мың теңге қаржы бөлініпті. Жазға қарай орталықтағы «Надежда» сауда дүкенінің жанындағы жерден спорт алаңы салынбақшы. Монша салу мәселесі де жуық арада шешімін табады деген үміт бар. Сондай-ақ, биыл жазда көше жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізілу жоспарланып отыр.
–Мен мұнда 2000 жылы көшіп келіп, үй салған едім. Ол кезде шағын ғана ауыл болатын. Қазір жыл санап өсіп, құрылыс көптеп салынып жатыр, – дейді ауыл тұрғыны Темірғали Өтепов ақсақал.
Бірліктің тұрғындарының бәрі бау-бақша салады. Мал ұстайтындар да бар. «Есік алдындағы бақшаға салған картоп пен көкөніс өзімізге толық жетеді», – дейді Темірғали ақсақал. Тұрғындар өздері ақша жинап үйлеріне су құбырын тартқызып алған. Яғни, судан еш тапшылық жоқ.
Биылғы Наурыз мейрамын ауыл тұрғындары үлкен салтанатпен атап өтті. Наурыз көже пісіріп, жергілікті өнерпаздар халыққа концерттерін ұсынды.
«Құдайға шүкір, ауылымыз жыл санап өсіп, өркен жайып келеді. Ең бас-тысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Қазақ «бірлік болса, тірлік болады» деп текке айтпаған ғой», – дейді ақсақалдар кеңесінің төрағасы Халел Ғафурұлы. Бұл игі тілекке біздің де алып қосарымыз жоқ.
Суреттерде: Достық көшесі; жаңа мектеп ғимараты; шағын орталықта тәрбиеленетін бүлдіршіндер.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.