Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бояумен сырлас жан - АРҚА АЖАРЫ

Бояумен сырлас жан

«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы жоғары оқу орнын тәмамдаған жүздеген жасқа үлкен еңбек жолына өзіндік бір жолдама болды десек, артық айтқандық емес. Бірсуат ауылында  тұратын татар қызы Нина Мустакимовнаға да осы жоба өмірден өз орнын табуына көмектесті.

 

Қазіргі таңда кейіпкеріміз аталмыш елді мекендегі Фурманов орта мектебінде сурет және сызу пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Өткен жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін үздік тәмамдаған ол жолдама арқылы ауылға барып еңбек етуге қуана-қуана келіскенін айтты. Өйткені, өзінің туып-өскен жері де осы Бірсуаттан алыс емес. Ауылдың тыныс-тіршілігі Нинаға бала кезінен етене таныс. Мектепте бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ суретке құштар қыз табиғаттың кескін-келбетін ақ қағазға бояумен түсіріп, салған суретін ата-анасына көрсеткенше асығады екен. Қатал тағдыр оны небары он бес жасында әке-шешесінен айырып, жетім етсе де, Нинадан сурет өнеріне деген махаббатын тартып ала алмады. Керісінше, қағаз бен бояу татар қызының сырласына айналып, жүрегіндегі мұңын, сағынышын, қуанышын бөлісумен
келеді.
– Адамның өмірі түрлі-түсті картина секілді. Неге десеңіздер, біз көбіне қуаныш пен қайғыны ақ пен қара түстерге балап жатамыз. Тағдыр жолымда қаншама қиын сәттерді бастан өткерсем де, мен ешқашан мойыған емеспін. Ата-анам дүниеден озғаннан кейін, сіңілім екеуімізді үлкен әпкеміз тәрбиелеп өсірді. Күресуді, ешқашан мойымауды өмір үйретті, – деген пікірде бойжеткен.
Әңгімесіне қарап отырсақ, ол шынымен де өзінің қайраттылығының арқасында біраз жетістікке қол жеткізгенін көреміз. Отбасының тірегі әкесі, аялайтын анасы болмаса да, әлдебіреулер секілді жаман жолға түсіп кетпей, ұстаздық деген ұлы жолда ақырын қадам басып келе жатыр. 5-6 сыныптарға суреттен сабақ берсе, 9-сыныпқа сызуды үйретеді. Мектепте арнайы маманның жоқтығынан, өзінің тікелей міндетімен қатар, еңбек пәні мұғалімінің жұмысын қатар алып жүр. Мектеп директоры Омартай Сұлтанбеков, басқа да әріптестері жас маман жайлы жақсы пікірде. Ал, отбасына келетін болсақ, Нинаның өмірлік серігі Марал Тұяқов ауылда механизатор. Бүгінде екеуі Жанболат және Ерболат есімді қос ұлды тәрбиелеп отыр. Сөз арасында кейіпкеріміз қазіргі оқушылардың болашақтарын көбінесе заңгер, есепші мамандықтарымен байланыстырғысы келетініне, мұғалімдікке, әсіресе сурет пәнінен ұстаздық етуге бара бермейтініне реніш білдірді. Нина да ұстаз боламын деген арманына оңайлықпен жеткен жоқ. Алдымен сурет салудың қыр-сырын облыс орталығындағы сурет мектебінде жүріп үйреніп, оны қызыл дипломмен аяқтағасын, аталмыш білім ордасына сырттай оқуға түсті.
–  Әр мереке сайын оқушыларым тақырыпқа сай түрлі-түсті бояулармен безендіріп плакаттар жасайды. Биылғы бірлік мейрамына да өз тартуымыз бар. Шәкірттерім елімізде тұратын ұлт өкілдерін ұлттық киімде салып, бірлік сөзінің мағынасын осылай көрсетті. Сіздердің газеттеріңіз арқылы мен де барлық жерлестерімді осынау айтулы күнмен шын жүректен құттықтап, әр шаңыраққа бақыт, береке, молшылық тілегім келеді, – деген  жас маманнан телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында Бірсуат ауылы жайлы сұрағанымызда, ол мұнда түрлі ұлттың өкілдері тұратынын, олардың басым көпшілігі орыстар екенін айтты. Балалар да жыл санап көбейіп келеді. Ауылда он бір жылдық мектеп бар. Нинадай талапты жастардың жүрегі «ауылым» деп соғып тұрғанда, мұндағы білім ошағының оты ешқашан сөнбейтініне, ауылдарымыз көркейе беретініне сенімдіміз.
Бірсуат ауылы,
Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар