Дина Мурашова – сұңғақ бойлы, аққұба келген келбетті қыз. Қазақ тілінде майын тамызып сөйлеге-ніне қарап, риза боласың. Ал, Динаның өзі «мен қазақ елінде тұрамын», сондықтан, бұған таңырқауға негіз жоқ деп есептейді.
Дина бүгінде Березняковка орта мектебінің 11 сыныбында оқиды. Мектеп табалдырығын аттағанда бірден қазақ тілінде оқытылатын сыныпқа қабылданған. Оның айтуынша, тілдің қыр-сырын танып-білуге, ең алдымен, әжесі Гүлжауһар Мұқышеваның көмегі тиіпті. Кішкентай кезінен қазақ фольклоры үлгілерін, оның ішінде ертегілерді көп оқыпты. Сондай-ақ, ол қазақтың философиялық мағынасы терең мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін үнемі жадында сақтауға тырысқан. Ал, мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Сана Байшораеваның көмегімен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармашылығымен танысып, қолы қалт етсе кітап оқуға ден қояды. Оқушысының ерекше қабілетін байқаған ұстаз түрлі сайыстарға қатыстырады. Осылайша, Дина аудандық «Абай оқулары» байқауына тұрақты қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Сол додалар оны қанаттандырып, қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын оқуға ынталандырып келеді.
Оның тынымсыз еңбегі аудандық, облыстық «Абай оқулары» сайысы мен республикалық «Тіл парасат» қазақ тілі білгірлерінің байқауында жеңіс әкелді. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Дина «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысты. Мұнда ол Асқар Егеубаевтың «Дат» шығармасын нақышына келтіріп оқып берді. Нәтижесінде, қырық баланың ішінен топ жарып шығып, жеңіс тұғырынан табылды. Бұл ретте, қайсар қыздың Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері Құмарбек Қалқатаевқа айтар алғысы шексіз. Ол Динаны жан-жақты қолдап, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетінің ұңғыл-шұңғылын үйретіп, жеңіске жетуге себепші болыпты. Айта кетерлігі, жас өрен аталмыш байқаудың облыстық кезеңіне бес жыл қатарынан үзбей қатысып, ал, ағымдағы жылы ғана бас жүлдені жеңіп алған екен. Бұл ұзақ жылдар бойы талабының шыңдалуы деп ұғындық.
Бойында көшбасшылық қасиеті мол Дина сабақты да жақсы оқиды. Ол «Алтын белгіден» үміткер. Болашақта Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің журналистика факультетіне оқуға түсіп, тележүргізуші болуды армандайды. Сол мақсатқа жету үшін аудандық «Зерделі Зеренді» газетіне мектепішілік шаралар жөнінде жиі қалам тартады. Әңгіме барысында оның дос қызы, ұлты неміс Альбина Рудт та қазақша жақсы сөйлейтінін жеткізді. Ол мың бұрала билеп, халық әндерін тамылжыта шырқағанда дауысына тамсанбайтын адам кемде-кем екен. Екеуі өзара қазақша шүйіркелесіп, қоғамдық шараларда белсенділік танытып
отырады.
– Мен әркез ізденіс үстіндемін. Жеткен жетістіктеріме тоқмейілсімей, одан да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгім келеді. Сахнаға шыққан сайын бойымды қобалжу сезімі билесе де, жеңіске деген зор ұмтылыс алға жетелейді, – дейді ол.
Үлбіреген арудың қазақша сөйлегенін көргендердің іштей риза болып қалатыны рас. Ендеше, жігерлі қыздың талабына нұр жаусын демекпіз.
Ырысгүл АШУОВА
Зеренді ауданы.