Облыстық оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Динара Орлова Бурабай ауданы Мәдениет ауылының тумасы. Ол ұлты орыс болса да, осы ауылдың қазақ мектебінде оқыған.
Шоқан Уәлиханов атындағы көпсалалы колледждің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін аяқтаған соң, «Көкше» академиясында білімін сырттай бөлімде жалғастырды. Сондай-ақ, республикалық балалар мен жеткіншектерді оңалту орталығында ұзақ жыл мұғалім болып жұмыс істеді. Ал, 2014 жылдан бері облыстық оқыту-әдістемелік орталығында тынымсыз еңбек етіп келеді. Өзге ұлт өкілінің мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге үлес қосып жүргеніне орталық тыңдаушылары да, әріптестері де дән риза.
Сонымен қатар, ол облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде, басқа да мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінен сабақ береді. Жас маманның әр сабағы қызықты, әрі мазмұнды өтеді. Бұған ұстаздың өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігі себеп деп ойлаймын. Динараның бұл қасиетін шәкірттері де байқап, тілді үйренуге деген құлшыныстары күннен- күнге арта түсуде.
Кейіпкеріміз жастайынан қазақ ауылында өскендіктен халқымыздың салт-дәстүрін, тілін де өте жетік біледі. Әкесі Владимир мен шешесі Балқия бес бала асырап, олардың барлығын қазақ мектебінде оқытқан екен. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған қыздарының жетістіктері туралы айтсақ, ол 2008 жылы өзге ұлт өкілдері арасында өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты аудандық сайыста жүлделі бірінші орынды иеленді.
Ал, 2009 жылы «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық сайыстан да құр алақан қайтқан жоқ. Талай мәрте мемлекеттік тілге арналған форумдар мен конференцияларға қатысты. Қазіргі таңда, қазақ тілі мұғалімдері арасында алдағы мамыр айында өтетін облыстық сайысқа дайындық үстінде. Әріптесімізге өмірде зор табыстарға қол жеткізіп, биік шыңдардан көрінуіне тілектестік білдіргіміз келеді.
Зайра ЖАЙЛАУБАЕВА,
облыстық оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы.