Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өзімді нағыз қазақ сезінемін - АРҚА АЖАРЫ

Өзімді нағыз қазақ сезінемін

ұлтымыздың тілін, салт-дәстүрін  жетік меңгерген Галина Клейвене осылай дейді

– Жас кезімнен қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп бірге өскендіктен болар, қазақ тілі мен үшін ана тілімдей болды, – дейді Шортанды ауылындағы №2 мектептің технология пәнінің мұғалімі Галина Клейвене. – «Қазақ балаларымен бірге өстім» деп қазір айтып отырмын ғой, ол кезде біз кімнің қай ұлттан екендігіне «бас ауыртып» жатпайтынбыз.  Балқаш қаласында туғаныммен балалық шағым Ақадыр ауданындағы Киік стансасында өтті. Бірге ойнайтын балалардың бәрі дерлік қазақ болғандықтан болар, жасымда ана тілім – орысшаны дұрыс білмейтін едім десем  сенесіз бе? Ал, өсе келе тілмен бірге қазақтың салт-дәстүрлерін де бір қазақтай білетін болдым, – дейді Галина Николаевна сөзін әрі қарай сабақтай келе. –Бұл орайда алдымен анам Елизавета Николаевна мен алғашқы ұстазым Римма Григорьевнаның еңбектерін, маған берген тәрбиелерін ерекше атап өтер едім.
Бүгінде облысымыздың Шортанды ауылындағы №2 мектепте технология пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Галина Николаевнамен әңгімелесе қалсаңыз кәдімгі қаймағы бұзылмаған ауылдағы қазақтың келіншектерімен кездескендей әсерде қаласыз. Менің сыпайылық танытып  «Сізбен қай тілде сөйлесейін?» деген сұрағымның орынсыз екендігін  жөн сұрасқан соң-ақ түсініп, өзім ыңғайсыздандым. Шынында да, қазақша сұрасаң орысша жауап беруге бейім тұратын көптеген бауырларымыздан соң өзге ұлт өкілінің қазақшадан қысылатын жайым жоқ дегенін естіген қызық екен.Сондай-ақ, «ішімдегіні тауып ал» дегендей қойған сұрағыңа ғана там-тұмдап жауап беріп қана отырмай ашық әңгімелесетін қасиеті де ауылда өскен адамның ақ-жарқын мінезін аңғартады.
– Мемлекеттік тілді меңгеру үшін ешқандай арнайы заңның қажеті жоқ, тек оған деген қажеттілік, ең бастысы орта керек, – дейді одан әрі Галина ханым.  –Сосын әрине елге, өзіңді бауырына басып отырған қазақ халқына деген құрмет қажет. Рас әлі де болса мемлекеттік тілдің қолданыс аясы өз деңгейінде емес. Дегенмен, кейінгі жылдары жағдай біршама жақсарды. Бұл орайда мектепте ғана емес, үйде, балабақшада тілді меңгеруге баса назар аудару қажет. Мәселен, менің күйеуім литва халқының өкілі. Бұрын ол қазақ тілін мүлдем түсінбейтін. Қазір шүкір түсінеді, кейінгі кезде тіпті аздап сөйлейтін болды. Мен де өз кезегімде литва халқының салт-дәстүрлерін үйренуге тырысудамын. Рас жолдасым да Қазақстанда туып-өскен азамат. Сондықтан, өз ұлтына қатысты көп нәрсені жетік білмейтін шығар. Алайда, өзің араласатын әр ұлыстың ерекшеліктеріне, мәдениетіне ден қою адамдарды жақындастыра түседі, бауырмалдыққа, сыйластықпен қарауға баулиды. Жалпы, Галина Николаевнаның мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде меңгергендігін оның 2000-2011 жылдар аралығында Шортанды ауданындағы Степной ауылында  бастауыш сыныпқа қазақ тілінде дәріс бергендігінен-ақ байқауға болады. Ал, 2011 жылы аудан орталығы – Шортанды ауылына қоныс аударғаннан бері №2 мектепте технология пәнінен сабақ береді. Технология пәні деп отырғанымыз кәдімгі еңбекке баулу сабағы ғой. Бір назар аударарлығы, Галина Николаевнаның шәкірттерінің сабақта, түрлі үйірмелерде жасаған туындылары негізінен қазақтың салт-дәстүрлеріне арналған екен. Бұл да оның жас жеткіншектердің еліміздің, халқымыздың тарихына ден қойып, өзгелерге ұқсамайтын ерекшеліктерін біліп, мәдениетімізде сусындап өсуіне ерекше назар аударатындығын көрсетеді.
Айтпақшы, Галина Николаевнаның айтуынша келіні украин қызы Вероника да үйде өзін кәнігі қазақтың келіндері сияқты ұстайды екен. Бұл да әрине енесінің тәрбиесі.
– Майысып отырып қаймақ қатқан күрең шайды қалай құйғанын көрсеңіз ғой, – деп келіні туралы ерекше бір ілтипатпен сөйлейді ол. – Сондай-ақ, бауырсақ пісіру, қазақша ет асу біздің үйде жиі қолға алынатын шаруалар. Қысқасы, біздің жанұяның ауылдағы қазақ отбасыларынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Жалпы, өзіңіз де білесіз әзірге қазақ тілі толық басымдыққа ие бола қойған жоқ. Дегенмен, кейінгі уақыттағы оң өзгерістерге қарай отырып, Қазақстанды мекендейтін барлық этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеретіндігіне сенемін. Бұл орайда әсіресе, жастардың  мүмкіндіктері мол. Ол үшін әрине, балабақшалар мен мектептерде бәрі қазақша болу керек. Қысқасы, қазақи орта қажет. Сонда ғана іс алға басады.
Ендігі бір мәселе, ол халықты «мемлекеттік тілді біледі» немесе «білмейді» деп бөлуге болмайды. Сайып келгенде, Қазақстанды Отаны санайтын этнос өкілдерінің бәрі де белгілі бір дәрежеде қазақтың салт-дәстүрлерін меңгерген, тарихын да жақсы біледі. Мәселен, Қазақстандағы орыстар мен Ресейдегі орыстардың айырмашылығы жер мен көктей. Ал, енді мемлекеттік тіл проблемасы дегеніміз уақытша құбылыс.
Міне, бұл өзін Қазақстанның патриоты санайтын, бала-шағасының жарқын болашағын қазақ елімен байланыстырып отырған ұстаздың көзқарасы. Жасыратыны жоқ, Шортанды ауданында бір кездері мемлекеттік тіл мүлдем кенже қалған еді. Басқа ұлт өкілдерін айтпағанның өзінде, өзіміздің бауырларымыздың да көпшілігі  қазақ тілі дегенде күмілжіп қалатын. Ал, бүгінде жағдай мүлдем басқаша. Әрине, бәрі тамаша деуге болмас. Дегенмен, тіл мәселесінің шешімін таба бастағандығы ақиқат. Мемлекеттік тілді жете меңгерген Галина Николаевна сынды ұстаздардың тек мектепте ғана емес, өзінің отбасында да мемлекеттік тілді насихаттауы, салт-дәстүрлерді ұстанып, өзін шынайы қазақ сезінуі де соның бір айғағы. Осындай патриоттық сезімі жоғары адамдардың қарапайым іс-әрекеттерінің жалаң ұрандар мен анда-санда бір өткізілетін науқандық шаралардан көп артық екендігі дау тудырмайды. Ал ең бастысы, олардың ешқандай нұсқаусыз, ешкімнің жетегінсіз мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсу жолында қолдарынан келген мүмкіндіктерді мейлінше тиімді пайдалануларында. Қазақстанды өз Отаны санайтын, оның жарқын болашағына сенетін осындай жандар өзгелерге үлгі болуға тиіс.
Әңгімеміздің соңында «Енді бірер жылда мемлекеттік тіліміздің өрісі кеңейіп, әрбір қазақстандық білетін, еліміздегі барлық этнос өкілдерінің ортақ тіліне айналатындығына   күмән жоқ», – деген Галина Клейвенеге «аузыңа май» дегіміз келеді.         
   Талғат ҚАСЕН.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар