Облыс əкімі Сергей Кулагин Тəуелсіздік алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Достығымыз жарасқан» фестиваліне қатысып, жұртшылықты мерекелерімен құттықтады.
Бұл күні аспаннан төгілген күн нұры да, алаңға бірінен соң бірі ағылған көпшіліктің жүздерінен де достықтың жылы лебі есіп тұрғандай. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін мерекеге жиналып, бəрі осынау маңызды күннің шырайын келтіруге үлес қосты. Балалар сурет мектебінің шəкірттері бірлікті бояу тілімен жеткізіп, «Əлем балалар көзімен» атты асфальттағы сурет сайысына қатысса, этномəдени бірлестіктер де қарап қалмай, арнайы павильондарда өздерінің ұлттық ас мəзірлерінен дастархан жайды. Осы орайда, біз «Видергебурт» Ақмола облыстық немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелерін сөзге тартқанымызда, олар мейрамға арнап немістердің ұлттық тағамдары – кухэн тоқашын, ет пен картоптан жасалған ыстық тамақ штрудель жəне крепли тоқбасарын əзірлеп əкелгендерін айтты. Биылғы Қазақстан халқының бірлігі күні православиеліктердің ұлық мерекесі Пасхамен тұспа-тұс келгендіктен, орыс қауымдастығының павильонынан Пасха наны мен түрлі түске боялған жұмыртқаларды көруге болатын еді. Тұрғындар əр дастарханнан дəм татып, бір-біріне ақ тілектерін арнап жатты. Əсіресе, өңір басшысының құттықтау сөзі ақмолалықтарды бір серпілтіп тастады. Облыс əкімі бүгінгі тəуелсіз Қазақстан көптеген ұлттар мен ұлыстардың Отаны, туған жері екенін, олардың осы елде тату-тəтті тұрып, экономиканың əр салаларына үлес қосып келе жатқанына тоқталып, тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде құрылған Қазақстан халқы Ассам-блеясын ерекше атап өтті.
–Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдары небір ауыртпалықтарды бастан өткердік. Біраз адамдар бұл сынақтарға шыдай алмай өздерінің тарихи Отандары Ресей, Германия, тағы басқа мемлекеттерге қоныс аударды. Сөйтіп, елде 14 миллионға ғана жуық адам қалған болатын. Сол кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатына сенген халық бүгінде бейбітшілікте ғұмыр кешіп жатыр. Біз 25 жылда əлем құрметтейтін мемлекет құра білдік. Ендігі кезекте ассамблеяның алдында Елбасы ұсынған бес институттық реформаның бірі «Болашағы біртұтас ұлт» жоспарын жүзеге асыру міндеті тұр. Дамыған отыз елдің қатарына кіру біздің қолымыздан келетініне сенемін. Мереке күні баршаңызға бақыт, денсаулық, ырыс-ынтымақ тілеймін, – деп атап өтті облыс әкімі Сергей Кулагин.
Одан кейін облыс əкімі бастаған делегация қоғамдық бірлестіктердің павильондары тұрған этноқалашықты аралап көрді. Тұрғындар болса, алаңда ұйымдастырылған спорттық шаралар – қазақша күрес, кір көтеру, дойбы, баскетбол жарыстарын сүйсіне тамашалады. Жас палуандар бірінен соң бірі боз кілемге белдесуге шығып, қазақ күресінен ептіліктерін көрсете білді.
«Қазақстан – туған елім, туған жерім» патриоттық шығармасымен басталған мерекелік бағдарлама Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті студенттерінің орындауындағы бимен жалғасты. Көздің жауын алатын əсем ұлттық киімдермен жасанған бойжеткендер ортаға шығып, облыстың үздік дизайнерлерінің сəн үлгісін көрсетті. «Мəңгілік ел» əнінің сүйемелдеуімен аспанға көгершін құс бейнесіндегі шарлар ұшырылды. Бірлік пен бейбітшілік ұлықталған мұндай шаралар облыстың барлық қалалары мен аудандарында да өз сəн-салтанатымен өткізілді. Достықты бəрінен биік қойған тəуелсіз еліміздің ырысы арта берсін демекпіз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.