Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Немере ағам - АРҚА АЖАРЫ

Немере ағам

«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген бұрынғылар. Кезінде жас болдық, көп дүниеге мән бермедік. Жастық адам өмірінің ең биік шыңы, уайымсыз, қайғысыз бір кезең.

Қызық-ай,  жастық,
Көңілде  мастық,
Бай, кедейлік білінбей,
Қыз көрсем күліп, тұрғанын  біліп,
Көп шаруаның біріндей,
Ішпей-жемей мастығың,
Еркіңе қоймай жастығың, –
деп Шәкәрім ақын да айтқан емес пе. Солай демекші,  жастықтың желігімен жүргенде орда бұзар отыздың, қамал алар қырықтың қалай өтіп кеткенін де білмей қалады екенсің.
Міне, қазір жасымыз сексенге келіп қалды. Өзім туралы айтатын болсам, Атбасар ауданының өркендеуіне бір кісідей үлесімді қостым. Сонау тың көтеру науқанында темір тұлпарды тізгіндеп, алғашқылардың бірі болып, жер жыртып, егін ектім. 1952 жылы Макин ауданындағы Қарағаш кенішінде Алдаберген Тыржанов, Хамит Жақыпов, Асхат Тәженов, т.б. азаматтармен механизаторлықты оқып, тракторшының куәлігін алдым. Оқуды бітірген соң, Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов атындағы колхозда еңбек жолымды бастадым.
Сондағы айтайын дегенім, биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 71 жыл толып отыр. Осы Ұлы Жеңісті қазақ халқы айтулы мереке ретінде атап өтпекші. Атбасардан шыққан жалғыз қазақ батыры Ақан Құрманов Қосбармақ ауылында дүниеге келген. Ол кісі туралы айтылды да, жазылды да, елі, халқы жақсы біледі. Ақанды бала кезімде көргенімді айтайын. Ол кезде жас баламын. Ақан Атбасардағы қазақ мектебінде оқып жүргенде, біздің үйге келгені бар. Ол уақытта Самаркада тұратынбыз. Сол маңайда Бүйректал деген жер бар еді. Ақан мені кішкентай болсам да, өзімен бірге аңға алып шығып, құс ататын. Мылтықтың дауысынан шошымасын дей ме, құлағыма мақта тығып қоятын. Бір қызығы, үйректі қонып отырғанда емес, ұшып бара жатқанда атып түсіретін. Керемет  мерген еді. Мені мойнына отырғызып, қолында жаңағы атып алған үйректері бар, үйге қайтатынбыз. Осы бір қас-қағым сәттер есімде қалыпты. Күні бүгінге дейін көз алдымда жатталып, көкірегімде сайрап тұр.
 Ақанның әкесі Құрман, менің атам Сәдуақас, Айтжан атам бір әке, бір шешеден туған үш ағайынды болыпты. Сонда мен Ақанға немере іні болып келемін. Сәдуақас атамнан туған әкем Мұқаш және інісі Ахмедия қолына қару алып, майданға аттанды. Сол кеткеннен оралған жоқ.
Ақанның жалғыз ағасы Сержанды жасы 70-терге келіп қайтыс болғанда, 1968 жылы болуы керек, өз қолымызбен  жерледік. Ол кісі соғысқа барған жоқ, еңбек армиясында болды. Үйленіп отбасын құрып еді, баласы болмады. Ал, Ақан ағамыз соғысқа кетіп, қаза тапты. Ол кісіде де артында ұрпақ қалмады. Көңілге бір медет тұтары,  Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрмановтың есімін ел есінде сақтау үшін осы күні біраз шаруалар жасалған.
         
 Қайыркен СӘДУАҚАСОВ,
                 батырдың немересі, зейнеткер.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар