Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тыл тыным таппады - АРҚА АЖАРЫ

Тыл тыным таппады

Ұлы Отан соғысында республиканың өзге облыстары секілді Ақмола өңірі де жеңісті жақындатуға өз үлесін қосты. Бұған облыстың мемлекеттік мұрағатында сақталған көптеген құжаттар дәлел. Соғыс басталысымен жұмыстың бәрі күрт басқа арнаға көшіп, негізгі салмақ елде қалған қарттар мен әйелдердің және бұғанасы қатпаған балалардың иығына түсті.

1941 жылы облысқа Мелитопольск танк құрастыру зауыты көшіріліп әкелініп, негізгі цехтары педагогикалық училищенің алаңдарына орналастырылды. 1941 жылы 20 қарашада белгіленген уақыттан 20 күн бұрын алғашқы өнім – снарядтар шығарылды. Кейін миналар мен гранаталар шығару жолға қойылды. 1943 жылдың 1 мамырында зауытқа «Еңбек майданының гвардияшылары» жоғары атағы берілді. Сондай-ақ, Көкшетауда Мәскеу түбінен көшірілген Подольск тігін машиналары зауыты орналастырылды. Макинка бекетінде Ленин атындағы зауыт қарқынды жұмыс істеді. Олардың барлығы өндірісті қайта құрып, қорғаныс мақсатындағы өнімдерді шығаруды қолға алды. Степняк қаласында орналасқан «Қазалтын» тресі де алты мың жұмысшының басын біріктіріп, алтын өндірді.  
Ақмолалықтар тек майданда ғана емес, тылда да ерекше ерлік көрсетті. Олар жеңісті жақындату үшін барын салды. Тыл еңбеккерлерінің майдандағыларға көрсеткен қамқорлығы мол болды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен бар күш-жігерлерін осы мақсатқа жұмылдырды. 1944-1945 жылдары Ақмола облысы майданға көмек беру және халық арасында көпшілік қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша республикада бірінші орында болды. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, біздегі тыл еңбеккерлерінен шамамен 70 миллион рубльге  жуық ақша және мемлекеттік әскери қарыздарды төлеуге 187 миллион рубль қаражат түскен екен. Тұрғындар қорғаныс қорына өздерінің бар жиған-терген ақшаларын, еңбекақыларын құйды. 1943 жылы ақмолалықтардың қаражаты есебінен құрастырылған «Осоавиахимшылар» танк колоннасы Кеңес әскерінің қатарын толықтырды. Қару-жарақпен қатар, майдан даласына киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар үзбей жіберіліп отырды. Мерекелерге орай, тылдағы  ұжымдардан, жекелеген адамдардан сәлемдемелер жөнелтілді. Жауынгерлер 6346 тон, 26060 жұп пима, 17809 жұп төсек жабдықтары, 19667 құлақшынмен қамтамасыз етілді.
Соғыстың басынан аяғына дейін азық-түлікке толы 120-ға жуық вагон майданға жөнелтілді. Мәселен, 1942 жылдың ақпанында Ақмола бекетінен Волхов майданының жауынгерлеріне сәлемдеме жіберілсе, ал, сәуірде азық-түлік пен киім-кешек Ленинград, келесі жылы Оңтүстік-Батыс майданындағыларға да жетті. Кадрлардың жаппай ауысуына, біраз адамдардың соғысқа кетуіне қарамастан, Отан қорғауға аттанған сарбаздарға демеу боламыз деген мақсатпен облыстың кәсіпорындары жұмыс жоспарын 200-300 пайызға артық орындап отырды. Жетпеген жұмысшыларды кәсіпорындар қайта оқытып, соғыс аяқталғаннан кейін олар жоғары білікті мамандарға айналды. Мал шаруашылығының мамандары мемлекетке 594426 тонна сүт, 24459 тонна ет тапсырып, соғысқа дейінгі ет өндірісінің көлемін екі есеге арттырды.
Ақмола теміржолшылары да соғыс кезінде қажырлы еңбек етіп, майдан қажетін өтеп отырды. Олар 76 паравоз бригадаларына бірігіп, республика мен одақ көлемінде майданға және шаруашылыққа қажетті құралдарды, заттарды тасымалдады. Ақмола теміржолшылары «ФД» және «СО» сияқты жаңа паровоздар алды. Соғыс жылдары өндіріс пен транспортта жалпы өнім 4 есеге өсті.
Мұнымен қоса, өңірдің соғыстан жараланып оралған жауынгерлердің емделуіне қосқан үлесі мол. Дәрігерлер мен мейірбикелер әр сарбазға ерекше қамқорлықпен қарады. Осының  арқасында Ақмолада емделген мыңдаған адам өлімнен аман қалды. Осы қиын-қыстау кезеңде облыс аумағындағы Ақмола, Көкшетау, Атбасар қалалары мен Ақкөл, Бурабай аудандарында жеті госпиталь жұмыс істеді. Бурабай курортты өңірінде Гамалея, Ильинский, Баранников, Вернадский, Зелинский, Мандельштам секілді құрметті академиктер ғылыми жұмыстармен айналысты. Міне, содан бері қаншама жыл өтсе де, жерлестеріміздің тылдағы жанқиярлық еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Гүлбаршын САЛЫҚ,
облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар