Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Бурабай ауданы мен Степногорск қаласында болып, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Облыс басшысының Бурабай ауданындағы жұмыс сапары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын «Хоттей» серіктестігінен бас-талды. Серіктестік директоры Болатбек Әбдірахманов атқарылып жатқан жұмыстар жайында жан-жақты әңгімелеп берді. 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның негізгі кәсібі – сапалы ұн өндіру. Мұндағы диірмен кешені тәулігіне 120 тоннадай бірінші және жоғары сортты ұн тартады. Өнім ішкі рынокты ғана қамтып қоймай, еліміздің өзге аймақтарына және Ауғанстанға шығарылуда.
Бұдан кейін облыс әкімі Щучинск қаласының «Заречный» ықшамауданында салынып жатқан мектеп құрылысын көрді. Құрылыстың басталғанына бірнеше жылдың жүзі болса да әлі күнге дейін бітпей отыр. Мердігер «ASTI» ЖШС биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға береміз деп жоспарлағанмен, әлі бітпей жатқан жұмысы көп болып шықты. Облыс басшысы мектеп аумағын көгалдандыру және абаттандыруға байланысты бірқатар сын-ескертпелерін айтты және құрылысты уақытында тапсыру қажеттігін қадап тапсырды. 1999 жылы Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің ұйытқы болуымен ашылған туризм индустриясы мен сервисі колледжі бүгінде орта буынды мамандар даярлайтын іргелі оқу орнына айналған. Облыс басшысы болашақ шаштараздардың өз мамандықтарына сай жұмыс істеп жатқан сәтінің куәсі болып, орта буынды мамандарға деген сұраныстың еңбек нарығында жыл санап өсіп келе жатқандығын атап өтті.
Жедел жәрдем және балаларға дәрігерлік кеңес беру қызметі орталығы өткен ғасырда салынған қаладағы көне ғимараттардың бірі. Облыс басшысы аудандық емхана мен осы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге қажетті қаражат қарастырылатынын, ең алдымен жобалық-сметалық құжаттарды нақты дайындау керектігін атап өтті.
Облыс басшысы аудан әкімдігінде актив жиналысын өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайында аудан әкімінің есебін тыңдады және алдағы көңіл бөлінуге тиіс шаруаларға назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Бұдан кейін облыс әкімі Т.Уәлиев атындағы спорт кешенінде болып, оның қызметімен танысты және осы күні кездескен көкшетаулық «Оқжетпес» командасы мен «Астана» командасы арасындағы футбол сайысын көрермен ретінде тамашалады.
***
Степногорск қаласындағы жұмыс сапарын өңір басшысы егін шаруашылығын зиянкестерден қорғауда үлкен рөл атқаратын гербицид өндіретін «Август Нан» ЖШС-нен бастады. Құны 40 миллиард теңге болатын жаңа жоба ауыл шаруашылықты аймақ саналатын біздің облысымыздың диқандарын ғана емес, барлық солтүстік облыстардың шаруашылықтарын калий тұзды глифосат және глифосаты бар гербицидпен қамтамасыз етпек. Кәсіпорын қазірдің өзінде жұмысын бастап кетті. Жыл соңына дейін бес мың тоннадай гербицид өндіріледі деп күтілуде. Таяуда ашылған «Айлана» шағын орталығы қаладағы бала бақшаға деген тапшылықты азайтуға өз үлесін қосып отыр. Мұнда кішкентай бүлдіршіндерді тәрбиелеу үшін қажетті барлық жағдайлар жасалған. Бұдан кейін облыс әкімі «Сибирь» сауда үйінде болды.
Сауда үйі ғимараты іргелі бірнеше фирмаларға жалға берілген. Қызмет көрсету мәдениетінің жоғарылығын айтпағанда, сауда орталығындағы баға нарық бағасынан біршама төмен. Киім-кешектен бастап, электронды заттар, жиһаз, шаруашылық тауарлары сияқты халық тұтынатын тауарлардың түр-түрін табуға болады. 1999 жылы газ балонының жарылуынан қираған төрт қабатты тұрғын үй сол кезден бастап қала көркін бұзып қаңырап тұрған еді. Облыс басшысының арнайы тапсырмасымен бұл үйді қайта жаңғыртып, пайдалануға беру жұмыстары басталмақ. 48 пәтерлі үй баспана кезегінде тұрғандардың санын қысқартуға игі ықпалын тигізбекші.
Қаланың орталығындағы «Тағзым саябағы» аталатын көшені аралап көрген Сергей Кулагин бұдан кейін қала активімен кездесіп, атқарылған жұмыстар туралы қала әкімінің есебін тыңдады. Өткен жылдармен салыстырғанда өнеркәсіп саласында біршама даму байқалады. Бұған жаңадан іске асырылған бірнеше инвестициялық жобаның тигізіп отырған ықпалы бары анық.
Қалкөз ЖҮСІП