Көкшетау қаласында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысушылар студент жастармен кездесті.
Чернобыль апатының отыз жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға ядролық апатты залалсыздандыруға белсене қатысқан Қайырбай Мұқажанов, Рамазан Есмағұлов, Николай Юдин және Әлия Налаева шақырылып, олар жастарға адамзат тарихындағы ең ірі апат жөнінде әңгімелеп берді.
Кездесу барысында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина сөз алып, жас ұрпақ сол қаралы күндердің ауыртпалығын есте сақтап, бейбіт өмірді бағалай білуі керектігін айтты. Атап өтетін бір жай, бүгінгі күні облысымызда осы алапат оқиғаға қатысқан 500-ге жуық, ал, Көкшетау қаласында 116 азамат бар екен.
Шара қорытындысында Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің оқушылары қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, шағын концерттік бағдарлама ұсынды.
Алма НЫҒМЕТОВА.