Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көп тыңдағаннан, бір көрген артық - АРҚА АЖАРЫ

Көп тыңдағаннан, бір көрген артық

Облыстық мәслихаттың аграрлық және үдемелі индустриялық-инновациялық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмыс тобы Қорғалжын, Атбасар аудандарындағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдары мен өңдеуші кәсіпорындарда болып, жергілікті жерлердегі істің аяқ алысын өз көздерімен көрді, ұсыныс-пікірлерге құлақ түріп, осы орайда біраз жайға қанықты.

Алдымен, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов бастаған жұмыс тобы Қорғалжын ауданындағы мал шаруашылығы мен осы саланың өнімін өңдейтін кәсіпорындардың дамуы мен көкейтесті мәселелеріне назар аударды. Кеңес заманында Қорғалжын өңірінің жайылымдық және шабындық жері мол болғандықтан, өрісі төрт түлік малға толы болатын. Қазір бұл жай көңіл көншітпейді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дінмұхамед Баешевтің айтуынша, өңірдегі барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары мен елді мекеннің тұрғындары бағып отырған ірі қараның саны 22 мыңға әзер жетіп жығылады. Оның 8 мыңнан астамы сиыр. Сондай-ақ, ауданда 29,3 мың қой, 9,4 мың жылқы бағылады. Бұл көрсеткіш те аудан мүмкіндігінен көп төмен.
– Биыл 849,2 тонна сүт, 629,4 тонна ет өндірілді. Аудандағы ауыл шаруашылығының жері 656527 гектарды құрайды. Оның 129 мың гектардан астамы егіс алқабы, қалғаны жайылымдық және шабындық жерлер болғандықтан, мал басын көбейтуге тырысамыз, – дейді бөлім басшысы.
Жұмыс тобы Біртабан ауылындағы «Балтабеков и К» серіктестігінің мал қораларын аралап көріп, жұмыс барысымен танысты. Мұнда малшылар үшін үш тұрғын үй, жеті мал қорасы салыныпты. Ауыл шаруашылығы техникалары да жылы тұраққа қойылған. Мал қораларының маңына отырғызылған әртүрлі жеміс ағашы көшеттерін көрдік. Серіктестіктің директоры Ербол Балтабековтың айтуынша, 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықта 1400 бас ірі қара мал, оның ішінде 560 бас асыл тұқымды ірі қара, 500 жылқы мен 800 қой бағылады. Келесі жылы қазақтың ақбас сиырлары, ангус және герефорд тұқымдас асыл тұқымды мал басын екі мыңға, жылқы мен қой санын мыңға жеткізуді межелеп отыр. Өткен жылы 152 бас қазақтың ақбас ірі қарасы сатылған. Қазір ет, сүт өнімдері мен қымыз өндіретін цехтар салынуда. Серіктестіктің 21 мың гектарға жуық алқабы болса, 17 мың гектары жайылымдық және шабындық жерлер. Өзге алқапқа дәнді дақылдар сіңіріледі. Астық арнайы қоймада сақталады. Шаруашылық кәсіпорындарға, ұйымдар мен тұрғындарға әртүрлі сервистік және тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысады.
– Өзіміздің кір жуып, кіндік кескен Біртабан ауылының іргесі сөгіліп, үш-ақ түтін қалған еді. Ауылды қайта жаңғырту үшін ағайынды алтауымыз мал шаруашылығымен және туризммен айналысуды жөн көрдік. Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017-ге байланысты қомақты қаржыға туристік нысандар салдық. Мейманханада асхана жұмыс істейді. Шетелдік туристер үшін этноауыл саламыз.  Табан көлінің жағасын қалпына келтіреміз. Бұл көлде әртүрлі балық бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды атқа мінгізу арқылы емдеуді қолға аламыз. Аудан орталығында 350 орындық мейрамханамыз жұмыс істейді. Бүгінгі күні су мен жол мәселесі туындап отыр. Осы нысандардың құрылысын мемлекеттік бағдарлама арқылы жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындап жатырмыз,– дейді серіктестік басшысы.
Серіктестік 2009 жылдан бері туризм саласын дамыту барысында ауқымды жұмыс атқарыпты. Тұрақты комиссияның жұмыс тобы жаңадан салынған үш мейманхананы аралап көрді. Олардың біреуі екі қабатты ғимарат болса, екеуі қарағай бөренелерден бұрап салынған. Мұнда меймандар үшін барлық жағдай жасалған. Асхана мен сауна жұмыс істейді. Туристерді қабылдау үшін «Біртабан» ат спорты кешені ашылған. Шаруашылық басшысы бізбен әңгімесінде еліміз бен шетелдерден келетін туристер санын көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты. Ол үшін шаштараз, денсаулық және сән салоны, аквопарк, жазғы және қысқы жабдықтар мен техниканы жалға алу станциясын ашу тәрізді сервистік қызмет жүйесі кеңейтілмек.
Бұдан кейін жұмыс тобы Сабынды ауылындағы «Астана Агропродукт» серіктестігінің «Бакара» ет комбинатында болып, цехтарды аралап көрді. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жыл өткен сайын ет өңдеу көлемін арттыруға тырысуда. Биылғы жылы жобалық қуатына шығып, жыл сайын 5400 тонна ет өнімдерін өңдеуді жос-парлап отыр. «Бакара» ет комбинатының бас технологы Елена Коволева бізбен әңгімесінде ет комбинаты бір ауысымдық мезгілде 90 ірі қара мал соя алатынын айтады. Әзірше оның жартысы сойылатын көрінеді. Ет өнімдері мұздатқышта сақталады. Еттің бір бөлігінен шұжық және 20 түрлі жартылай шикізат жасалады. Комбинатта 110 адам жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мал іздеу мен өнімді сату мәселесі туындауда. Өндірілген 40 түрлі ет және шұжық өнімдерін сапалы сақтау үшін ваккумдік целофанға оралып сатылады. Өнімдерді Астана, Алматы, Қарағанды және еліміздің өзге қалаларындағы дүкен сөресінен көруге болады. Серіктестік Сабынды ауылын абаттандыруға өз үлесін қосуда. Тұрақты комиссияның жұмыс тобы Атбасар ауданының «Шуйский ХХІ», «Бастау» және «Полтавка-2» серіктестіктерінде болып, мал шаруашылығын дамытудың келешегі мен бүгінгі жағдайына назар аударды. Депутаттар «Шуйский ХХІ» серіктестігінің сүт бағытындағы мал шаруашылығы кешенінің жұмысымен танысты. Мамандармен және малшылармен кездесіп, осы саланың дамуына қатысты проблемаларды талқылады. «Бастау» серіктестігінің басшылары жұмыс тобымен әңгімесінде 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен мал шаруашылығы кешенінің жұмысы жөнінде айтты. Серіктестікте 4619 бас ірі қара мал бағылады. Оның 2603-і қазақтың ақбас ірі қарасы, қалғаны «Абердин ангус» асыл тұқымды малы. Дегенмен, шаруашылықта жайылымдық жер жетіспейді. Соның салдарынан серіктестік малын 350 шақырым жердегі Қарағанды облысының Нұра ауданында бағуға  мәжбүр. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Полтавка-2» серіктестігінің директоры Николай Белобров өз тәжірибесімен бөлісті. Серіктестік егіншілікпен және ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда 418 бас ірі қара мал бағылса, оның 126-сы сиыр. Сондай-ақ, шаруашылық 144 жылқы, 1432 шошқа ұстайды. Өткен жылы  15,4 мың теңге субсидия алды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша герефорд тұқымдас 100 бас асыл тұқымды бұзау сатып алынған.
  – Бүгінгі таңда Үкімет мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жан-жақты қолдау жасауда. Субсидия мен несиелер берілсе де бұл сала серпінді дамымай отыр. Соның салдарынан бірқатар ауылдардың іргесі сөгіліп, тұрғындары қалаға қоныс аударуда. Біз бұл іссапарымызда мал шаруашылығы неге дамымай отырғандығына көз жеткізгіміз келді. Осы саланың мамандарына жолығып, тәжірибе алмастық. Олардың ұсыныстарын тыңдадық. Бізді Қорғалжын ауданындағы «Балтабеков и К» серіктестігінің директоры Ербол Балтабековтың игілікті ісі сүйсіндірді. Осындай туған ауылына жаны ашитын азаматтар көп болса, мал шаруашылығы дамитыны сөзсіз. Биылғы жылдың маусымында мал шаруашылығын дамыту мәселесі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында қаралатын болады, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов.
 Рамазан ТІЛЕУОВ
Қорғалжын, Атбасар аудандары.

Суретте: облыстық мәслихаттың депутаттары Нартай Ысқақов, Сағадат Әшебеков және Александр Гусев «Бакара» ет комбинатында  өндірілетін өнімдермен танысуда.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар