Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шәкіртінің табысына қуанды - АРҚА АЖАРЫ

Шәкіртінің табысына қуанды

Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейінде батырдың «Құрмет жұлдызы» жүлдесіне арналған байқау болып өтті.

Мәлік Ғабдуллин музейі ұйымдастырған байқауға 4 үміткер қатысып, додада бабы мен бағын сарапқа салды. Сайысқа әр мектептен 10 сынып оқушылары арасынан білімді, ойы ұшқыр, спортпен шұғылданатын, өнерлі ұл балалар іріктеліп алынған. Дәстүрлі түрде жыл
сайын өткізіліп отыратын сайыстың шымылдығын музей директоры Құдайберлі Мырзабек құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан кейін үміткерлер өздерін өлеңмен таныстырып, отбасы және өздері оқитын мектептері жайында айтып берді. Ал, келесі кезеңде берілген бес минутта бірі тамылжыта ән шырқаса, бірі музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігін ортаға салды. Сонымен бірге, үміткерлер актерлік қабілеттерімен дана да, дара Абайдың жыр жауһарларын мүдірмей жатқа айтып,  көрермендерді тамсандырды. Одан әрі вальс биін дөңгелете билеп, байқауды қыздыра түсті.
Бірақ, «әттеген-ай» дегізген олқы тұстардың да болғанын айтып кеткен артық болмас. Алғашқы сындарда қатысушылар байқауға жіті дайындалғандарын байқатса, кейінгі кезеңдерде кейбір кемшіліктер көрініп қалды. Спорт түрлері бойынша күш сынасқанда осалдықтары байқалса, Қазақстан тарихы және қазақ әдебиеті пәндері негізіндегі сұрақтарға жауап бергенде жеңіл сауалдардың өзінен сүрініп жатты. Ал, шешендік өнер сынында бозбалалар өз ойларын көркемдеп жеткізе алмай, сөз жұтаңдығы, тіл байлығының кемістігі байқалып қалды.
Бірақ, байқау болған соң біреудің озуы заңды құбылыс. Сайыс қорытындысында жан-жақты қырынан танылған №17 орта мектептің оқушысы Біржан Баймағанбет «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. Жеңімпаздар мен байқауға қатысушыларды марапаттау Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Мәлік Ғабдуллин музейінде өтті. Бойындағы өнері мен білімін қатар көрсете алған жеңімпаз Біржанға көкшетаулық ақсақал Тельман Мұқышев батасын беріп, байқауға қазылық еткен қазылар алқасының төрағасы Қаратай Төлекеев құттықтау сөзін арнады.
Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл Біржанның мойнына жеңімпаздың лентасын тақты. Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызы да талапты жасқа игі тілегін жеткізді. Оқушысының бүгінгі жеңісіне қуанған №17 орта мектептің директоры Ләззат Құрманғалиева қазақтың дәстүрі бойынша шашу шашып, шараны ұйымдастырған музей ұжымына және оның өтуіне демеуші болған «Намыс» құрылыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысын білдірді.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар