Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тегін пайдаланғанның қадірі болмайды - АРҚА АЖАРЫ

Тегін пайдаланғанның қадірі болмайды

Бұл арада мен  жерімізді пайдалану туралы айтып отырмын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жер кодексінің түзетулер мен толықтырулар енгізілген төрт нормасына мораторий жариялауы халықтың жағдайын ойлап барып жасалған қадам.  Жер мәселесі қай кезде де өте нәзік,  өзекті  мәселенің бірі болған. Қазіргі таңда оның Қазақстан қоғамын алаңдатып отырғаны да  тегіннен-тегін  емес.

Біріншіден, қазақстандық азаматтарға жерді жекеменшікке иелену құқығы берілген. Бұл құқық 2003 жылдан бері заңда қарастырылған. Жаңадан енгізілген өзгерістерде оның тетіктері көрсетілген. Ал, шетелдіктер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жиырма бес жылға дейін жалға ала алады. Бұрын бұл мерзім он жыл болатын. Он жылда жерге салған инвестиция өзін ақтап үлгермейтіндіктен, бұл мерзім жиырма бес жылға дейін ұзартылды. Мұның бәрі бос жатқан жерлерді игеру қажеттігінен туындап отыр. Ол жерлер дұрыс игеріліп, тиімді пайдаланылса, тұрғындарға жұмыс табылады, бюджетке салық түседі. Бұрын 49 жылға жерді жалға алған қазақстандық азаматтар енді оны жеңілдікпен сатып алуына мүмкіндік туып отыр.
Сонымен қатар, оны пайдалану мақсатын өзгертемін деп бұрынғыдай әуреге түспейді. Яғни, онда егін өсірсе де, мал бақса да, өз еркінде. «Тегін берген затта құн болмайды» демекші ең бастысы, ол жер құнын жоғалтпай ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылса болды. Бірақ, бұл өзекті мәселе төңірегіндегі пікірталас, ұсыныстар негізсіз, жалған деректерден ада болып, нақты жер құндылықтарын қайткенде еліміздің экономикасын көтеруге, халқымыздың мүддесіне сай пайдалана аламыз деген мақсатта өрбісе дұрыс болар еді. Мораторийдің жариялануы да осы өзекті мәселенің ақ-қарасын анықтап барып,  нақты бір тоқтамға келуге мүмкіндік беріп отыр.  Ендеше, билік пен халық мұны жақсы түсініп,  бір шешімге келетіні сөзсіз.
Расында да, бүгінгі күні Қазақстанның басты байлығы жерасты шикізаты мен сахарадай ұлан-ғайыр  даламыз болса, басты артықшылығымыз еліміздің саяси тұрақтылығында жатыр. Бұл әрине, біздің елге инвестиция тарту жағынан шетелдік инвесторларды қызықтырады. Сондықтан, ұлан-ғайыр жерімізді өзіміз тоздырмай оған инвестиция салу арқылы халқымыздың жағдайын жақсартатын болсақ, бұл қадам әрине, көңілге қуаныш ұялатады.
Өйткені, ауыл шаруашылығы саласымен айналысқандықтан осыны жақсы түсінемін. Біздің «Сарытомар» шаруа қожалығының қарамағына Бурабай ауданындағы «Қаражар-2015» және Еңбекшілдер ауданындағы «Сарытомар  Агро» серіктестіктері кіреді. Шаруашылығымызда жалпы 5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар. Осы күні олардың барлығы дерлік мақсатты пайдаланылып отыр. Осының арқасында шаруамыз өрге домалап,  табысымыз да молая түсуде. Өзіміздің наубайханамыз бар. Онда тәулігіне 4,8 тонна нан өнімдерін пісіреміз. Жоғары сортты ұннан жасалынған дайын өнім  Еңбекшілдер, Бурабай және Бұланды аудандарының 370 сауда орындарына өткізіледі.
Сондықтан, бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруге келетін болсақ, мұны өз басым қолдаймын әрі дұрыс шешім деп санаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғам арасында біраз пікір тудырған Жер кодексінің бірқатар нормаларына мораторий жариялауы ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жүрген мені де және әріптестерімді де қуантты. Жалпы,  Жер кодексін жетілдіру идеясы жаман емес. Бір әттеген-айы, халықтың пікіріне құлақ түрілмей асығыстық жасалды. Жерге қатысты кез-келген мәселе халықтың оның ішінде,  ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген адамдардың пікіріне сүйене шешілуі керек. Елімізде ондай адамдар жетерлік. Кез-келген заң болсын,  кодекс болсын қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылып, әзірленуі керек. Сонымен қатар,  халықтың мүддесін қорғап, ел экономикасын көтеруге бағытталған заң немесе кодекс күшіне енгізілмес бұрын  әр тармағы, әр тарауы халыққа алдын ала тәптіштеп түсіндірілуі қажет. Сонда ғана халық бұл құжатты дұрыс қабылдап,  елдің игілігіне жұмыс істері анық.
Алдағы уақытта осы олқылықтардың орны толтырылып, ауыл шаруашылығы жерлері қадірін білетін өз иелерін табады деген сенімдемін.   
Тұрлыбек БОЛАТОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты,
«Сарытомар» шаруа қожалығының басшысы.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар