Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел бірлігі – ең қастерлі құндылық - АРҚА АЖАРЫ

Ел бірлігі – ең қастерлі құндылық

Құз аспанды қиялап ұшып, асқақтықты ары мен намысы етіп үкілейтін қазақ жұрты қыран құс сияқты биіктікке ғана ұмтылады. Бірде сағы сынып, азат күннің арайлы сәтін сарыла тосып, қарбалас күй кешсе, енді бірде бүгілген тізесін тіктеп, еңсе көтергені бар. Азат ел боламын деген астарлы ұғымның қашанда оңайлықпен пешенеге жазылмайтыны тағы жасырын болмаса керек.

 

Қыран құстың көк байрағымыздың бір нышаны болып алынғанының астарында да азаттықты сүйетін елдің  мұрат-мақсаттары жатыр. Кешегі небір аласапыран кездерде ел билеген хандарымыз да, қол бастаған батырларымыз да, халқына бәтуалы сөзін айтқан  даналарымыз да  бірлік пен ынтымақты қастерлі құндылық ретінде қарастырып,  сырттағы жаудан, іштегі даудан сақтанған жоқ па еді.
  Бүгін біз азат та, тәуелсіз елміз. Алғашқы тәуелсіздік алған күннен бастап бейбіт сүйгіш ел боламыз деп атом аждаһасы болған Семей полигонын да жаптық. Жаһанның жаңа ғасырға қарыштаған заманында біз осы құндылықтарымызбен өзгеге үлгі бола алдық. Қазақ жұрты өзінің де берекесін келтіріп, басқаның да ынтымағын ойлаған ел екенін бүкіл әлем мойындады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген еді. Жүздеген ұлт пен ұлыс мекен еткен елде тұрақтылық сақталса, ең алдымен қазақтың тасы өрге домалайтынын қадап айтқаны ақиқат. Әсіресе, қазіргідей жаһандық дағдарыс белең алып тұрғанда  тіліміз мен түріміз басқа болса да, тілегіміз бір болып, топтаса білудің қандай маңызды екенін түсінсек қой. Қазақтың басқаны бауырына басып, бір үзім нанды бөлісіп жеген қамқорлығын ешкім ұмыта алмайды. Біздің халқымыздың досына жанын беріп, көрші-қолаңына ізгілік танытатын асыл қасиеті осы бірлігіміздің айшықты ошағы сияқты көрінеді.
Біз алакөз болған дұшпанына да кешіріммен қараған жұртпыз. Мұндай ірілік екінің бірінің қолынан келе қоймайды. Олай болса, қаншама тағдырлар тоғысқан елімізде бірлік пен ынтымақ жарасым тауып жатса, алар асуымыз да асқақ болары бар.
«Ұлт бірлігін негіздейтін бірінші қағидат – әр азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының – Қазақстан Республикасының – ортақ екенін ұғыну. Біздің ұлттық бірлігіміз, этникалық шығу тегіне қарамастан, әрбір адамның жоғары деңгейде Қазақстанмен және оның болашағымен етене бірігуіне негізделген. Қандай да бір елдің азаматы болу – әр адамның тағдыры. Алайда, адамдар әрқашан таңдау құқығына ие, ал, біз өз таңдауымызды жасадық. Біздің таңдауымыз терең дара сипатта, осы таңдау  біздің барлығымызды отандастар етеді. Себебі, біздің ортақ еліміз, ортақ Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. «Тарихи тағдырымыздың ортақтығын түсіну және осы таңдауды түйсіне білу – елдің барша азаматын біріктіретін ең басты негіз» делінеді Қазақстанның «Ұлт бірлігі» доктринасында.
Міне, жүздеген ұлттың өкілін бір шаңырақтың астына жинап,  тату-тәтті өмір сүрудің астарында алысты аңсаған, биікке ұмтылған елдің асқақ армандары жатыр. Бұл қастерлі іске дін өкілдері де өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.
Қасиетті Құранның  «Әли Имран» сүресінде: «Барлықтарың Алланың жібіне жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» деген даналық сөз бар. Иман бар жерде, ынтымақ та қатар жүреді. Мұсылман адамның басқаға жақсылық ойлайтынын, өзінің тілімен де, қолымен де басқаға зиян келтірмегендері ғана шын мұсылман екенін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадистерінде айтып кеткен.
Адамзатты жаратқан Алла тағаланың қасиетті кітабында бәріміздің шығатын тегіміз, алатын арнамыз бір екені айтылады. Хужурат сүресінде: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» деген ұлағат даналық бар.
Ислам діні қашанда адамдарды ізгілік пен мейірімділікке уағыздап келеді. Бүгінде бірлігіміз бекем, ынтымағымыз тұрақты болуы үшін ата-бабалардан мирас болған асыл дінімізді де, ұлттық салт-дәстүрлерімізді де құрметтеп, қастерлеуіміз керек. Иманды елдің – болашағы да зор.
Бас Мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы дінішілік бірлігімізді нығайту үшін қаншама бастамалар көтеріп, Әбу Ханифа мазһабының  біздің ұлттық құндылықтарымызбен біте қайнасқанын кеңінен насихаттауды ұсынады. Соңғы жылдары дін мен дәстүр жылдарының «Дін және тарих тағылымы» деген атаумен жалғасын тауып жатқанының бір көрінісі де осы болса керек.
Біз өзіміздің әрбір уағызымызда адамдарды ізгілікке үндеп, бірлікке шақырамыз. «Бауыры бүтін ел болайық» деп тілек тілейміз. Себебі, бөліну ешкімге жақсылық әкелмейді. Араға түскен кикілжің араздыққа апарып соғады. Қаймағы бұзылмаған киелі шаңырағымыз шайқалмасын десек, әрбіріміз бұған өз қал-қадірімізше үлес қосуымыз керек.
«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деді бір сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Шынында да, бүгінгідей әлемді торлаған қаржы қиындығы кезінде  біз өзіміздің бірлігіміз, ортақ мүддеге жұмылған ынтымағымыз арқылы ғана оны жеңіп шыға аламыз. Биыл біздің тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толғалы отыр. Бұл да атаулы мереке ғана емес, болашаққа түзейтін көшімізді сайлап, жаңа белестерге көтерілудің мерейлі бір жетістігі іспеттес.
Қазақ бабаларымыз: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп тегін айтпаса керек. Ал, «алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген даналықтың астарында да  ынтымақ-бірліктің қастерлі ұғым екені жатқан жоқ па?!.
Шетелдік ғалымдар қазақ еліндегі ұлттар арасындағы ынтымақтың жарасымды көрінісіне баға бергенде тұрғылықты жұрттың ұрпақ тәрбиесіндегі даналығын ауызға көбірек  алады екен. Себебі, қазақ өз баласын кекшілдікке емес, мейірімділікке  тәрбиелейді. Бұл иманды ұрпақ өсірудің бір қамы ғана емес, осы елде тұрып жатқан сан ұлттың да қамын ойласын деген тілек-ниет екенін аңғарар едік.
Сөзімді тағы да «Ұлт бірлігі» доктринасында айтылған сөздермен аяқтағым келіп отыр. Онда: «Біздің ұлы мақсатымыз – этникалық шығу тегімізге қарамай бірігіп, Даңқты Ұлтқа айналу және қолымызда тұрған ең бағалы құндылық – егемен, тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету. Ол үшін біз әлі күнге дейін ынтымағымызға кедергі келтіретін болымсыз істерден және қолдан жасалған кедергілерден арылуымыз керек» делінеді.
Біздің ел болашағы мол, алар асуы биік, жетер жолы да сан тарау мемлекет. Бұл мақсат елдің бірлігі бекем, татулығы нық болғанда ғана  орындалады. Ендеше, осы бағы асып, бақыты тасыған күндеріміз көп болғай.
Қанат ҚЫДЫРМИН,
ҚМДБ-ының Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан хазірет атындағы  Көкшетау орталық мешітінің
бас имамы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар