Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ізденіп, мұратына жеткен - АРҚА АЖАРЫ

Ізденіп, мұратына жеткен

Жарты ғасырдан астам уақыт ұстаздық етіп, Қазақстан Республикасының білім саласының үздігі атанған, алты бала тәрбиелеп өсіріп, үлкен шаңыраққа ұйытқы болып  отырған Хамила Әлбатырова анамыз туралы көңіл төрінен бір ауыз сыр өрнектеудің әбден реті келіп тұр.

 

Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында өмірге келіп, балалық шағы соғыстың ауыр жылдарында өткен Хамила ата-анасымен бірге өмірдің көп ауыртпашылығын көрді. Соғыстан кейін барлық қазақ балалары сияқты бір жетіп, бір жетпей жатқан заманда мектеп табалдырығын аттап, Қарағанды қаласындағы №26 орта мектепті жақсы бітіріп шығады. Ұзақ жылдар бойы математика пәнінің ұстазы болып еңбек етіп жүрген әкесі Құлбек ақсақал тұңғышы Хамила да математика пәнінің мұғалімі болсын деген ниетпен Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түсіреді.
Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын әкесі қызмет істеп жүрген Шортанды ауданында бастайды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, оқушылар арасында беделге ие болып жүргенін байқаған «Пригородный» кеңшарының партия ұйымының хатшысы Хамила Құлбекқызын партия қатарына қабылдайды. 1963 жылы Кеңес орта мектебіне ауысады. Мұнда да абыройлы қызмет атқарып, екі мәрте Ақкөл (ол кезде Алексеев) аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланады. Осы мектепте қызметте жүргенде өзі сияқты жас маман Еркін Дәуешұлымен көңіл қосып, отбасын құрды. 1964 жылы тұңғышы Гүлнәр дүниеге келді.
Ол кездегі тәртіп бойынша нәрестелі болған ана мерзімді демалысы бітісімен жұмысқа шығуы керек болатын. Сөйтіп, екі айлық сәбиін бала бақшаға береді. Мектептен бір шақырымдай жердегі бала бақшаға қыстың аязына қарамай, екі сағатта бір барып, баланы тамақтандырып отырады. Онымен қоса пеш жағу, уақытында ас да-йындау, сабаққа әзірлік сияқты басқа да үй тіршілігінің жұмыстары бар. Одан бөлек, ана ретінде бала тәрбиесімен айналысу, жұбайының алаңсыз қызметін атқаруына жағдай жасау және үйдің бітпейтін ұсақ шаруаларын атқару, бәрі өз мойнында.
Отағасы Еркін Дәуешұлының жұмыс орнының жиі ауысып отыруына байланыс-ты Азат (бұрынғы Ивановка), Қарабұлақ, Сілеті, Ақкөл мектептерінде қызмет атқаруға тура келеді. Азат ауылы кілең  тың игерушілердің қоныстанған мекені еді. Қазақстанға келгендердің бәрі патриоттық сезімнің адамдары  деп айту қиын. Олардың арасында бұрын сотталғандар да болды. Солардан туған балалардың да біразы ата-ананың тәрбиесін көрмеген бұзық балалар болды. Оларға қоса, ата-аналарын да тәрбиелеуге тура келді.
Хамила Құлбекқызы осы қиыншылықтардың бәрін жеңіп, еселі еңбек етті. Жұбайын Қарабұлақ мектебіне директор етіп жіберген соң мұнда да біліктілігін көрсетті. Ол кезде математика пәнінен жоғары білімді ұстаздар аз болатын. Бұл мектепте сегіз  жыл  жұмыс істеп, Сілеті орта мектебіне ауысады. Мұнда да өзі жетекшілік еткен сыныбы алдыңғы қатарда болып, үздік ұстаз  атанды. Балалары Гүлнәр, Гүлшат, Динара бірінен соң бірі мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орындарына түсті. Сілеті өңірі өмір сүруге қолайлы, халқының пейілі кең мекен еді. Бірақ, аудан орталығы күре жолдардан бұрыстау болған соң студенттердің үйге қатынауы қиын болды.
Осыны ескеріп, жұбайы екеуі ақылдасып, Еркін Дәуешұлының туған ауданы Ақкөлге ауысуды жөн деп санайды. Сөйтіп, Ақкөл қаласындағы №3 орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Мұнда да белсенді жұмыс істеп, білім саласының үздік қызметкері атағын иеленді. Бірнеше әдістемелік оқулық құралдарын жазып таратты. Аудандағы ең ірі қазақ орта мектебінің іргесін қалаған алғашқы ұстаздарының бірі десек артық айтпағанымыз. Бірінші қазақ сыныбына оқушылар жинаудың қандай қиын болғанын, ата-аналардың көзқарасын өзгертуде талмай еңбек еткендерін бүгінде сондай бір жылы сезіммен еске алып отырады Хамила апамыз. Ақкөл де бұл отбасы үшін құтты мекен болып, жоғарыда аталған балалары жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірсе, кейінгі балалары Марат пен Әлия да университетке оқуға түседі. Осында алғашқы немерелері дүниеге келіп, ата-әже атанады. Үй иесі зейнетке шыққаннан кейін Астана қаласына қоныс аударып, мұнда да №3 орта мектепке өз мамандығы бо-йынша мұғалім болып орналасқанын айта кеткен жөн.  
Бұл ұлағатты ұстаздың білім саласындағы ұшан-теңіз еңбегін көрсетсе керек. Бүгінде ардагер ұстаздың балалары да жоғары оқу орындарын бітіріп, отбасылы болып, қызмет атқарып жатқан жағдайлары бар. Төрт баласы мен екі немересі республикалық дәрежедегі қызметтерде істейді. Бірі ғылым кандидаты, екіншісі докторантураны бітірді. Бүгінгі күні Еркін Дәуешұлы мен Хамила Құлбекқызы ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған бақытты отбасы, он немере мен бір шөберенің қадірменді ата-әжесі. Алда да қос ұлағатты ұстаздың денсаулықтары зор болып, өмір, парасат биігінен көріне берулеріне тілектеспіз!

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.  

Суретте: ардагер ұстаз Хамила Құлбекқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар