Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалану қажет - АРҚА АЖАРЫ

Ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалану қажет

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Зеренді және Сандықтау аудандарында болып, көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу мәселелеріне назар аударды, бірқатар денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің  жұмысымен танысып, жүктелген міндеттердің орындалу барысына көңіл бөлді.

Жұмыс сапарын Зеренді ауданынан бастаған өңір басшысы алдымен «Зеренді Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабында селолық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің басын қосып, көктемгі егісті уақытында өткізу мәселесіне назар аударды.
Жиында өңір басшысы топырақтың ылғалдылығын ескере келе, ауа райының қолайлы сәтін ұтымды пайдаланып қалуға шақырды. Әсіресе, дән сіңіру жұмыстарын А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдарының ғылыми тәжірибелеріне сүйене отырып,  ауданның ауа райына сай ерте пісіп жетілетін бидай тұқымын себу қажет екенін алға тартты.
Сонымен қатар, облыс басшысы шаруаларға Жер кодексінің нормаларын түсіндіріп, толғандырған сауалдарына тұшымды жауап берді. Өз кезегінде диқандар да көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау үшін алғыстарын айтып жатты. Биылғы жылы шаруашылықтардың барлығы дерлік арзандатылған жанар-жағармай және қажетті тұқыммен толық қамтамасыз етілген.
Өткен жылы егін орағын облыста алғашқылардың бірі болып аяқтаған, егін шаруашылығы жақсы дамыған астықты өңір Зеренді ауданының диқандары биылға межеленген 231,1 мың гектардың 25 пайызға жуығын еңсеріп тастапты.
 Айталық, бір ғана «Зеренді Астық» серіктестігінің диқандары биылғы жылы 36,8 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын егуді межелеп отыр. Мұнымен қоса, көпжылдық шөп пен майлы дақылдар отырғызу да жоспарланған.
Осы күні облыс әкімі аудан орталығында жаңадан салынып жатқан 250 келушіге арналған емхананың құрылыс жұмыстарына да көңіл бөлді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышеваның айтуына қарағанда қазіргі кезде медициналық нысанның ішкі әрлеу және сыртқы ауласын абаттандыру  жұмыстары қолға алынған. Алдағы медицина қызметкерлері күні қарсаңында нысанды пайдалануға беру көзделген.
Бұдан кейін өңір басшысы №3 Сандықтау балалар үйінде де болып, ұжыммен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған  балалармен кездесті. Өткен жылы облыстық бюджеттен 2,5 миллион теңге бөлініп, оған аталған әлеуметтік нысанның жатын бөлмесі, оқу корпусы, қазандық және «Ручеек» сауықтыру лагеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Одан әрі облыс әкімі «Элина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарын аралап көріп, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Кездесуде Жер кодексінің нормалары мен дән сіңіру жұмыстарын ойдағыдай өткізу мәселесі сөз болды. Осы орайда, облыс әкімі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шетелдіктерге сатылмайтынын ескертті.
– Жерге тек қазақстандықтар ғана ие бола алады. Жерді шетелдіктерге сату бірінші және екінші заңнамада да көрсетілмеген. Сондықтан, мұны дұрыс түсінгеніміз маңызды, – деді Сергей Кулагин.
Осы күні облыс басшысы Приозерный орта мектебі мен Шаңтөбе кентінде болып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты. Әсіресе, Шаңтөбе кентін жылумен қамтамасыз етіп отырған «Шаңтөбе Энерго
Комплекс» серіктестігі қазандықтарының алдағы жылу беру маусымына дайындығы пысықталды. Сондай-ақ, жасөспірімдер мен балалардың спорт мектебі, жеміс-жидек шырынын өндірумен айналысатын «Лакомка плюс» серіктестігі және мәдениет үйінің жағдайына назар аударылды.
Кент активімен өткен кездесуде табиғаты шұрайлы жерде орналасқан елді мекендегі зор мүмкіндіктерді пайдалана отырып, осындағы бар кәсіпорындардың жұмысына тың серпін беріп,  шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, осындағы әлеуметтік нысандарды назардан тыс қалдырмай, оларды қалыпқа келтіру мәселесін жан-жақты ойластыру басты міндет дей келе, келер жылы Балкашино селосына дейінгі тас жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар