Облыстық мәслихаттың хатшысы, Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Дулат Нұрмолдиннің төрағалығымен өткізілген кеңес мәжілісінде бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қаралды.
Мәжіліске Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, бірқатар департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәжілісті ашып, жүргізіп отырған кеңес төрағасы Дулат Нұрмолдин Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» Заңына сәйкес ендігі арада аудандар мен қалаларға қатысты нормативтік-құқықтық актілер жергілікті жерлерде қаралатынын жеткізді. Сөйтіп, бұдан былай Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің құзырына кіретін нормативтік-құқықтық актілердің саны бұрынғыдан азая түсетін болды. Ал, мұның өзі кеңес төрағасының атап көрсеткеніндей, осы құжаттарды, ой-шұңғылына неғұрлым кеңірек бойлап, сапалы қарауға мүмкіндік бермекші.
Бұл жолғы кезекті мәжілісте жуырда құрылған осы Қоғамдық кеңестердің рөлі барған сайын артып келе жатқандығын көрсетті. Ендігі арада кеңес қарайтын нормативтік-құқықтық актілерді дайындаған мекемелердің кеңес мүшелері алдында сол актілер туралы түсінік берулері бұлжымас қағидаға айналып отыр. Содан кейін барып қана мәселе кеңес мүшелерінің талқылауынан өтіп, оны қолдау немесе қолдамау жөнінде шешім қабылданады. Кеңестің шешімі ұсыныс сипатында болғанымен, оның соңғы шешімге тікелей ықпалы барын айта кеткен жөн. Сондықтан, басшыларға Қоғамдық кеңестің қай мәжілісіне болсын жеңіл-желпі қарауға болмайды. Осы жолы да солай істеген кейбір орындар опық жеп қалды. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары өздерінің 8 бірдей нормативтік-құқықтық актілері қаралатын осы мәжіліске келуді жөн деп таппаулары себепті, бұл актілер оларсыз қаралмай, келесі мәжіліске қалдырылды.
Ал, жалпы, осы жолы күн тәртібіне енгізілген өзге 10 актінің бәрі де тиісті басқарма басшыларының сөз алып, мән-жайды егжей-тегжейлі ортаға салулары арқылы жан-жақты қаралып, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты. Олардың ішінде рас, кей нормативтік-құқықтық актілердің түсінбестік туғызған белгілі бір баптары қарауға жатпай, қайтарылған тұстар да болды.
Облыстық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Батырбек Нығметов биологиялық сан алуандылықты сақтау және «Бурабай» ұлттық табиғат паркінің жұмысын жақсарту мақсатында хабарлама жасап, осы парктің еншісіне 3180 гектар, соның ішінде Абылай хан және Зеленобор ауылдық округтерінен 3172, ал, «Бұқпа» орман шаруашылығынан 8 гектар жер бөлу мәселесінде өздерін қолдауды сұрады. Ұлттық табиғат паркінің балансындағы жер мен ондағы жан-жануарлар әлемінің жақсы сақталатындығын ескере келе, қоғамдық кеңес мүшелері бұл ұсыныспен келісті.
Талқылау барысында «Жақсы ауданының әкімшіліктік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы» қаулының жобасы да біраз пікірталас туғызды. Онда бүгінгі таңда әрқайсысында 26 адам ғана тұратын Тайпақ және Трудовой ауылдары мен 30 ғана тұрғыны бар Старый Перекатный селосын есеп мәліметтерінен шығару туралы айтылады. Егер соңғы село мұндай есептен шығарылса, Қайрақты ауылдық округінде тек Қайрақты ауылы ғана қалады. Бала санының жетіспеуінен ондағы бастауыш мектеп 2014 жылы жабылған. Қазір балалар Беловодский ауылдық округіне қатынап оқиды. Осы жөнінде хабарлама жасаған Жақсы ауданы әкімі аппаратының басшысы Жамбыл Тәженов Қайрақты ауылдық округін таратып, аталған ауылды Беловодский ауылдық округінің құрамына енгізуді сұрады. Бірқатар сауалдардан кейін бұл ұсыныс қолдау тапты.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырыстан отырысқа белсенділіктерінің артып, күн тәртібіндегі мәселелердің байыбына тереңірек бара түсулеріне қарағанда, алдағы уақытта бұл қоғамдық органның маңызы артпай қоймайтындығы, әзір осыны ұғына қоймаған кей басшылардың келешекте онымен санасуына тура келетіндігі айқын. Кеңес төрағасы Дулат Нұрмолдиннің өз сөзінде атап көрсеткеніндей, жаңа Қоғамдық кеңестің мәртебесі оның мүшелеріне де зор жауапкершілік жүктейді. Ал, тараптардың бұл өзара түсіністігі мен белсенді іс-қимылынан сайып келгенде, ортақ іс тек қана ұтады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.