Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының және облыстық «Әдебиет және өнер» музейінің ұйымдастыруымен көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың 80 жылдық мерейтойына орай, «Ұлтын ұлықтаған суреткер» атты дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті.
Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әйгілі қаламгерге отандық әдебиетті дамытуға қосқан айрықша үлесі және бейбітшілік пен азаматтық келісімді нығайтуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметі үшін жоғары дəрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген болатын. Осыған орай өткізілген кешке Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстаздары мен шәкірттері, Көкшетау қаласының бірқатар колледждерінің студенттері, «Струны души» шығармашылық клубының мүшелері қатысты.
Кештің мақсаты – өскелең ұрпақты ақынның сан қырлы шығармашылығымен жан-жақты таныстырып, жүріп өткен дара жолын үлгі тұту. Шараның басында «Алаштың асқақ айбыны» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, кітапхана қорындағы әр жылдары шыққан кітаптары мен мақалалары көпшілік назарына ұсынылды. Ақынның өлеңдерін студент жастар жатқа оқыса, аталмыш университет оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов жете талдап берді. Ақынның өмірі мен еңбегі туралы түсірілген бейнебаян да көрермен көңілінен шықты.
Кештің соңында Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжі студенттерінің орындауында Олжас Сүлейменовтың өлеңіне жазылған Ғазиза Жұбанованың әндері шырқалды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.