Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақық дәннен тау тұрғызған жампозым - АРҚА АЖАРЫ

Ақық дәннен тау тұрғызған жампозым

Бір кезде атақ-даңқы кең-байтақ Кеңес Одағына мәлім болған, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, даңғайыр диқан Тұрлыбек Әбілпейісовпен көрші тұрамыз. Атам қазақта «көрші хақысы, тәңір ақысы» дейтін аталы сөз бар. Бүгінде тоқсан жасқа толып жатқан Алаштың абыз ақсақалы жөнінде бір ауыз жылы рәуішті пікір айту міндет.

Еңбекпен көзін ашып, бұғанасын бекітіп, қабырғасын қатайтқан, кейін адал еңбегінің арқасында жалпақ жұртқа жақсы аты мәлім болған Тұрлекеңнің өнегелі өмір жолына ертеден қанықпыз. Жалғыз біз ғана емес, жақсылыққа құлағын түріп жүретін барша ел көршіміздің кісілік келбетін, адамгершілік бейнесін, ең бастысы, еңбектегі ерлігін біледі. Жас-тайынан бейнетті белден кешіп, өмір жолында кездескен кедергілердің барлығын бойындағы қажыр-қайратымен жеңе білген диқан ағамыздың толайым табыс-тары кейінгі жастар үшін шын мәнінде үлкен өнеге. Сол бір кезеңде қарапайым еңбек адамының еңбегін бағалау, оны өзгелерге үлгі ету шынын айту керек тәп-тәуір ұйымдастырылды. Міне, осындай жақсылыққа жұмылдырудың арқасында адамдардың бәрі дерлік адал еңбек етуге, дастарханына маңдай терімен табылған дәмді қоюға ұмтылды. Бұл баға жеткізгісіз жақсылықтың бастауы еді.
Тұрлыбек Әбілпейісовтің заманындағы ерен еңбегі жайлы әлі де айтыла жатар. Негізінде менің ойымша мұндай адамдармен жас толқынды жиі кездестіріп, өнегелі өмір жолдарын өзек ете отыра, тәлім-тәрбие беруге әбден болар еді. Дәл осы кісілердей жан аямай жұмыс істеген қарапайым еңбек адамдарының түптің түбінде бағы жанып, абырой мен атаққа ие болатындығын көрсете алсақ, қоғамдағы жатып ішер жалқаулықтың тамырына балта шабар едік.
Ендігі бір сөз Тұрлекеңнің жеке басындағы адам айтқысыз асыл қасиеттері туралы. Тілдесе кетсең ағып тұрған шежіре. Шешендігі өз алдына әр сөзін көңілге қонымды, ажарлы етіп айтады. Дәлел мен дерегі қандай. Тыңдаған сәтте жан сарайың ашылып, бұл күнде тарих қойнауына еніп бара жатқан кешегі күндердің келісті ісі жайлы тағы да ести бергің келеді. Халқымыздың бағалы бір қазынасы сөз өнерін жетік меңгерген, жан сарайы нұрланып тұратын диқанның өзін-өзі ұстауы бір ғанибет. Менің сондай атақ-абыройым бар деп кеудесін керген жан емес. Ал, шын мәнінде Тұрлыбек Әбілпейісов кеңес заманында қандай марапат болса, соның бәрін алған адам және сол мақтау-марапаттың барлығы өзінің еңбегіне берілген адал
баға деп білеміз.
Аты аңызға айналған ел ағасын бір кездегі еңбегі ғана емес, кісілік қасиеті де шырқау биікке шығарып тұрғандығы да анық. Сөз соңын шиыра келе, абзал азаматқа мықты денсаулық тілей отырып, елге ес, жастарға ақылшы болып жүре бергей деген тілегімді арнағым келеді.

Өмірбек БӘЙКЕНОВ,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар