Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарихи тұлғаға тағзым - АРҚА АЖАРЫ

Тарихи тұлғаға тағзым

2016 жылдың 9 сәуірінде Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде Қарауыл Қанай бидің баласы Итқара батырдың қай жерде жерленгені туралы деректі мақала жарияланған еді.

Итқара батыр Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыбастау ауылдық округінің аумағындағы Арқарлы асуындағы таудың басына жерленген.
2016 жылдың 9-10 мамыры күндері Зеренді ауданының Игілік, Қанай би, Еңбек бірлік ауылдарында, Астана, Көкшетау қалаларында тұратын  Итқара батырдың ұрпақтары ұйымдасып, Итқара батырдың зиратына құлпытас орнатып, басын көтеріп, ас берді. Оған Алматы облысы Кербұлақ ауданының Жоламан,  Сарыбастау ауылдық округтерінің әкімдері, Қарашоқы ауылының тұрғындары, ақсақалдары қатысты. Осы жиында Итқара батырдың ата-бабасы, елі туралы, зиратының қалай табылғаны жөнінде сөз қозғалды.
Осы орайда, Арқарлы асуы маңында жерленген қазақ батырлары туралы да айта кетсек, артық болмас. Алматыдан Талдықорған қаласына баратын тас жолдың бойында Кербұлақ ауданына қарайтын Жоламан ауы-лы орналасқан. Сол Жоламан ауылының жанында қолбасшы, қазақ батыры Сәмен Дәненұлының зираты бар. Құлпытастағы жазуларға қарағанда қолбасшы батыр Сәмен Дәненұлы 1717 жылғы жоңғарлармен болған Еңірекей, 1727 жылғы Аңырақай шайқастарына қатысып, 1757-1759 жылдары Аягөздегі шекара әскеріне басшылық еткен.  
Одан әрі Кербұлақ ауданына қарасты Малайсары ауылы бар. Бұл ауылдың атауы  жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысқан Арғын ішіндегі бәсентиін руынан шыққан қазақтың Малайсары батырының есімімен аталған. Малайсары батыр жоғарыда көрсетілген Арқарлы асуы, Малайсары ауылының жанында жерленген екен.  
Ұлы ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановтың «Исторические предания о батырах XVIII века» деп аталатын мақаласында Малайсары батырдың тарихтағы орнына жоғары баға берілген. Малайсары туралы деректерді өткен ғасырдың 90-жылдары Павлодар облысынан белгілі өлкетанушы, марқұм Жеңіс Марданов жинақтаған екен. Ол деректер «Дауа» шығармашылық бірлестігі жариялаған «Қазақ халқының қаhармандары» кітабының бірінші томында шыққан. Өлкетанушының жазбаларына қарағанда, Малайсары батыр да Итқара батыр қаза тапқан 1754 жылы өмірден өткен. Абылай хан Жетісуға 1700 жауынгерден тұратын әскерді бастап келгенде, оларды жоңғарлардың он мың адамдық үлкен әскері күтіп тұрған. Жазбада осы шайқаста, Алтын-емел тауының бір сілемінде Малайсары батыр оққа ұшты деп көрсетілген. Осыған қарағанда,   Малайсары мен Итқара батырлар 1754 жылы бір шайқаста қаза тапқанға ұқсайды.
Малайсары батыр, Итқара батыр жерленген тау жоталары, оның ішінде Арқарлы асуы қазіргі Қазақстан Республикасының картасында Қарашоқы, Малайсары жоталары деп көрсетілген, одан әрі Алтынемел жотасы жалғасады. Жоңғар Алатауының басталатын тұсы да осы жер.  Осыған орай, көкшелік
жазушы-журналист Жанатай Бекеновтың Қанай би туралы кітабында Қанай бидің баласы Итқара жоңғарлармен соғыста қаза тауып, Алматы жақтағы Итқара тауында жерленді деп көрсетілгеніне қарағанда, батыр жерленген тау ерте уақытта ел арасында Итқара тауы деп аталуы да мүмкін. Ел ішінде Итқараның шын аты Есмұхан деген әңгімелер де кездеседі. Осыны анықтау мақсатында Қанай би туралы қолда бар деректер тағы бір сараланып, тарихи шығармалар қайта қаралды, тарихшылармен де әңгіме болды. Олардың  айтуы бойынша Қанайдың Есмұхан деген баласы болды деген нақты жазбаша дерек жоқ. Дегенмен, бұл жай  әлі де іздене түсуді қажет етеді. Итқара батыр жерленген таудың төменгі жағында, Алматы – Талдықорған тас жолына қарай бір жотаның басында мұсылман зираттарында қойылатын айдың белгісі мен найза қадаулы тұр. Бұл жерде де қазақтың елі мен жері үшін жау қолынан қаза тапқан тағы бір батырдың жерленуі мүмкін. Сол маңдағы ауыл тұрғындарының айтуынша, жоңғар шайқасында қаза тапқан ата-бабаларын біз сияқты іздеп тауып, зират басына тас орнатып, ас берген қазақтар жоқ емес, бар. Осыған қарағанда, Жоңғар Алатауы басталатын Арқарлы таулары, Малайсары, Алтынемел жоталары арасында тарихта әлі күнге дейін белгісіз талай қазақ батырларының мүрдесі
жатуы әбден ықтимал.
Жоғарыдағы жайларды айта келе, сөз соңында Алматы облысындағы Итқара батырдың зиратына тас орнатып, ас беруге атсалысқан Қанай би ұрпақтары – Қанай би, Игілік, Еңбек бірлік ауылдарындағы, Астана, Көкшетау қалаларындағы азаматтарға және 2016 жылдың 9 сәуірінде осы елдік іске қатысты деректі мақаламызды басылым бетінде басып шығарып, көптен ойда жүрген бір парызымыздың орындалуына игі септігін тигізген Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясына алғысымызды білдіреміз.
    
Қадырбек ШАҚЫМОВ.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар