Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Құдай Ана Қазан иконасын алып келген Астана және Қазақстан метрополиті Александр бастаған діни делегация мүшелерімен бірге Көкшетау қаласында салынып жатқан жаңа шіркеудің құрылыс алаңында болды.
Ақмола облысына арнайы келген меймандармен кездесуде аталған діни ғибадатхана құрылысының жай-жапсары сөз болды. Бұл туралы меймандарға облыс әкімі айтып берді.
– Қазіргі кезде нысанның іргетасын қалап отырмыз. Осы мақсатта 500 бетон қазық қағылып, 100 миллион теңге қаржы игерілді. Ал, құрылысты бірер жылда толық аяқтау үшін 350-400 миллион теңге қажет, – деді облыс әкімі.
Осы орайда, меймандар кең байтақ Қазақстанда бірнеше ұлт өкілдерінің бейбіт, тату-тәтті келісіммен, түсіністікте өмір сүріп жатқанын атап өтті.
– Қасиетті қазақ жерінде ислам діні мен христиан діні қатар дамуда. Өткен жылы ашылған жаңа мешіттеріңіз осы күні қала тұрғындарының діни құлшылық ететін сүйікті орны деуге болады. Бүгінгі салынып жатқан жаңа шіркеу де осындағы православ дінін ұстанушылардың сондай орнына айналатынына сенім мол, – деді Құдай Ана иконасының Астана және Қазақстан метрополиті Александр.
Сондай-ақ, бұл күні облыс басшысы
Науан Хазірет атындағы орталық мешітте де болып, жұма намазына жиналған жамағатпен кездесті.
Аслан ОСПАНОВ