Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ аштыққа қалай ұшырады?.. - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ аштыққа қалай ұшырады?..

Қазақ халқы тарихының қайбір қалтарыс, бұлтарысына үңілсек, XX ғасырдың отызыншы жылдары әкелген зұлматпен шендесер қасіретті табу қиын. Әйгілі «Ақтабан шұбырынды…»  сыртқы жаудың басқыншылық шабуылының салдары болса, отызыншы жылдар ойраны қаскөйліктің, екі тізгін, бір шылбырын сталинизм ұстаған шикі социализмнің, голощекиншіл ұр-тоқпақтардың «асыра сілтеп», жасыра бүркеп жүріп, қолдан жасаған зобалаңдарының кесірі еді.

Бұрын «Жайлауымды жау алды, қыстауымды қар алды» деп мұңайған қазақтың енді жайлауында жаны, қыстауында қаны шықты. Қара жолдың бойында шашылған сүйегі жинаусыз қалды. Бұл –тарихымыздың «ақтаңдағы» емес, дамыл-дамыл еске алар, еске алған сайын бүгінді барлап, ертеңді – ескертер, жазылуы қиын қара жара. Бұл – мың-миллион бейбақтар құрбан болған өткелсіз өткеніміздің құрдымы.
Қанатымен өртке су сепкен қарлығаштай шырылдап келіп, арашаға түскен Тұрардай, Ғабиттей, Ораздай, тағы басқадай арыстарымыздың хаттарын жүректен қан, көзден жас ағызбай оқу мүмкін емес. Соның бірі халық Комиссарлар Советінің председателі Ораз Исаевтың 1932 жылы тамызда жазған хаты.
Сталин жолдасқа!
Қазақ ауылындағы қазіргі жағдай мені мына бір жайтты тікелей Өзіңізге хабарлауыма мәжбүр етіп отыр. Бізде, Қазақстанда атқарылған және атқарылып жатқан істерді түгел тізіп, сіздің уақытыңызды алғым келмейді. Одақтың бір бөлігі ретінде Қазақстанда жасалып жатқанның бәрі социализмнің еліміздегі жалпы жеңісінің нәтижесін бейнелейтіні хақ. Алайда, Қазақстанның халық шаруашылығының аса маңызды бір саласы – мал шаруашылығы, оны дамытуда түбірлі өзгерістер болғанымен, сан тұрғысынан алғанда тұп-тура қиямет жағдайға ұшырап отыр. Бұл арада біздің жағдайымыз сөзсіз өзгеше, оны мал шаруашылығын дамытуды тұтас алғандағы жалпы қиыншылықтармен салыстыруға әсте болмайды.
1929 жылғы есептің деректері бойынша Қазақстанда 40 миллион бас мал болған, ал қазір небары 6 миллиондай мал қалды, оның 2 миллионы совхоздарда, ал колхоздық сектор мен жеке меншік сектордағы
4 миллион бас малдың көп бөлігі қазақтың бұрынғы негізгі мал шаруашылық аудандарында емес, орыс аудандарында. Мал шаруашылығы қазақ халқының көпшілігі үшін негізгі кәсіп және бірден-бір дерлік табыс көзі болғандықтан, мал шаруашылығының мұндай жай-күйі қазақ жұртын күйзелтіп отыр. Турасын айту керек, мал шаруашылығындағы қазіргі қалыптасқан жағдай қазақ ауылын өркендетуде қолымыз жеткен табыстарымызды едәуір кемітіп тастайды.
Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ аудандарында халықтың едәуір бөлігі қазір де аштыққа ұшырауда. Алынған болжамды деректерге қарағанда, биылғы көктемде 10-15 мың адам аштан өлген, әсіресе, 1931 жылы ерекше етек алған жаппай қоныс аудару, басқа өлкелер мен республикаларға кету қазір де тоқтамай отыр. Көптеген қазақ аудандарында 1929 жылмен салыстырғанда халықтың жартысы да қалмаған. Өлкедегі шаруалар қожалықтарының жалпы саны 1931 жылдағыдан қазір 23-25 пайыз кем. Арып-ашыған қазақтар мен олардың панасыз балалары өнеркәсіп орындарының, Семей және Ақтөбе аудандарындағы совхоздардың, темір жол станцияларының төңірегінде сеңдей соғылысады, ұрлықпен айналысуда, колхоз егініне түсіп, масақты көктей жұлуда.
Мал шаруашылығын қазіргі күйге душар еткен басты себеп Қазақстанда партия саясатының артта қалған ұлт аудандарындағы коллективтендіру туралы Сіздің талай рет айтқан нұсқауларыңыздың бұрмалануы деп білу керек. Бұл күштеп коллективтендіруден, барлық  малды ықтиярсыз қоғамдастырудан және мал дайындау ісінде тікелей озбырлық жасаудан көрінді. Мұның бәрі негізінен жергілікті жерде, аудандарда жасалды, ал, Өлкелік комитет осы бұрмалауларды жеткілікті түрде батыл түзеп отырмады.
Коммунистік сәлеммен О.Исаев.
Орыстың либералдық дворян әулеті, империя идеологтары тиянақтап шығарған жоспар іске асырылып жатыр еді. Ресейдегі мыңжылдық аштықтың мәселесін шешу үшін бұл жоспарға сәйкес қазақ жерінің қолқа-жүрегін ойып тұрып орыс қалалары салынады.
Қазақ халқы резервацияларға, Мойынқұм, Қызылқұм, Бетпақдала сияқты шөлейт аймақтарға ығыстырып шығарылады, кейіннен жаппай жойылуы мүмкін. Әскер жетіспеген жерлерде мұжықтарды винтовкамен қаруландырды. Империялық саясаттың жын-пері ұясында тиянақталған, кейіннен Столыпин «кемелдендірілген», одан кейін Хрущев іске асырған бұл жолдардың сырын, құпиясын шатып-бұтып жүріп Солженицын өзінің «Как нам обустроит Россию?» атты мақаласында байқамай жариялап қойған.
Көп ұзамай Октябрь төңкерісі басталды… Құдайдың өзі қазақ халқын ажал шегінен кейін шегіндіргендей еді. Бірақ, көп ұзамай большевик үкіметі империяның бұрынғы жерін түгендей бастады. 1932 жылдың аштығы бұрынғы патша саясатының жалғасы болатын. Бұл жолы большевиктер америкалық тәжірибені алды. «Бизон болмаса, үндіс те болмайды» дейді американ мақалы. Миллиондаған бас мал кәмпескеленгеннен кейін қазақ даласына екінші «Ақтабан шұбырынды» келді десе де болғандай еді.
Аштықтан есі кеткен адамдар бір үзім нан іздеп, темір жолды жағалады, қалаларға ұмтылды. Барнауылдан Саратовқа дейінгі аралықтағы бүкіл Түрксиб және басқа темір жолдардың бойы самсаған өлік болды. 1933-1935 жылдары мындаған адамнан құрастырылған командалар тек жартылай шіріген адамның өлексесін көмумен айналысты. Кеңес үкіметінің сахарадағы канибализм фактілерін мұқият жасырды. Ферғана сияқты қалаларында қазақтардың өз балаларын астыққа немесе бір үзім нанға айырбастағандары әредік болса да баспасөзде айтылатын, бірақ, қазақ даласында адамның етін жеу дағдысының елес бергендігі жайындағы деректер барынша жасырылып отыратын. Көптеген адам өздеріне қол салды. Бұл қалай десеңіз де, сол қасіретті оқиғалардың арасындағы жан түршігерлік жағдаяттар еді.
Алайда, жағдай 30 жылдардың басында мүлдем басқаша болып қалыптасты. Сол кездегі қазақ ауылының жағдайын жете білмеген республика басшысы Ф.Голощекин және оның жандайшаптарының «Қазақстан бүкіл Шығыста бірінші болып социализмге жетуі керек» деген желеумен колхоздандыру және отырықшыландыру сияқты аса қиын әрі күрделі науқандарды бір жылда бітірмекші болған адам айтқысыз асыра сілтеушіліктері ескі қазақ ауылын демографиялық апатқа ұшыратты. 1930-1933 жылдары Қазақстанда халық 5,7 миллионнан 3,0 миллионға дейін кеміді. Сол қысқа мерзімнің ішінде респуб-ликамызда оның байырғы тұрғындарының саны 2 миллион 250 мың адамға кеміді, ал 450 мыңдай адам республикамен жапсарлас жатқан аймақтарға көшіп кетіп, қайта оралмады.
Күні бүгінге дейін отызыншы жылдардың бірінші жартысында болған демографиялық апаттың қиын зардабы бой көтеріп келе жатқан демографиялық тасқынды 1960-1973 жылдары күрт басып тастады. Мысалы, осы жылдары жоғарылап қалған туудың коэффициенті 45 промильден 30-ға дейін төмен түсті. Сол кезде бұған өмірге келген жастар санының аздығы кері
әсерін тигізді.

Оразбек АХМЕТОВ,
зейнеткер, отставкадағы полковник.
 Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар