Ақкөл қаласында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш мүсін орнатылды.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Қарулы Күштер бас штабының басшысы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен Құрлық әскерлерінің бас қолбасшылары, аудан басшылары, жергілікті әскери басқару органдары, әскери қызметшілер мен «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, батырдың қызы мен жерлестері қатысты.
Шара №68665 әскери бөлімінің құрмет қарауылы ротасы мен армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі тәрбиеленушілерінің салтанатты сап түзеуінен бас-талды. Тарихи ескерткіштің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Сәкен Жасұзақов: – Аты аңызға айналған генералдың өмір жолы – әскери қызметшілер үшін Отанға шексіз адал еңбек ету мен ерліктің жарқын үлгісі. Біз Қарулы Күштеріміз құрылған сол күрделі, қиын-қыстау кезеңді жақсы білеміз. Ол өзінің тағдырын әскери қызметпен байланыстырған әрбір адам үшін үлгі тұтар азамат болды, – деп атап өтті.
Сонымен қатар, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова әкесінің құрметіне ескерткіш қоюға қол ұшын берген азаматтарға алғысын білдірді.
– Әкеміздің құрметіне орай, ол кісінің туып-өскен жерінде ескерткіш орнатылғанына қуанышым шексіз. Тірі болса, бүгін 92 жасқа толар еді. Ол жалынды патриот, өзінің ұстанымдарына берік, ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған жан еді, – деді батырдың қызы.
Салтанатты шара барысында даңқты батырдың құрметіне бір минуттік үнсіздік жарияланып, ескерткіш маңына гүл дестелері қойылды.
Аслан ОСПАНОВ
Ақкөл ауданы.