Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүрек жарасы жазылмайды... - АРҚА АЖАРЫ

Жүрек жарасы жазылмайды…

Сол бір қарғыс атқыр жылдар жайлы фактілерді сөйлетсек былай дер еді: «1935 жылы Ленинград, Москва және басқа да кейбір қалаларда «таптық жағынан жат» элементтерді жер аударып, қуғын-сүргін науқаны басталды. 1937-1938 жылдары 5-7 миллиондай адам жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Бұлардың 1 миллиондайы партия мүшелері еді. Сонын ішінде 80 пайызға жуығы революцияға дейін партияға өткен коммунистер және басым көпшілігі кеңес өкіметі кезінде қызметі жоғарылаған партиялық-мемлекеттік және шаруашылық активі, әскербасылар, зиялы қауым өкілдері еді.

1937-1938 жылдары тұтқындалғандардың 1 миллионнан астамы ату жазасына кесілді, қалғандары лагерьге жіберілді, делінеді. Ал, осы миллиондаған адамдардың артында қалған ұрпағы жалған жалаға шыдай алмай іш-құса болып өліп кеткендері қаншама… Шаңырақтары ортасына түсіп, тоз-тоз болып кетті. «Халық жауы» деген ат жамылған адамның отбасы, ағайын-туысы елден аластатылды. Кешегі тай-құлындай тебіскен құрдас, жақын сыйласқан құдайы көрші де, тіпті туған бауыры да бір-ақ күнде жат болып шыға келді. Бұл алапат қазақ еліне де үлкен соққы болып тиді. Сорпаның бетіне шығар игі жақсыларды сыпырып алып, саясаттың ажал тырнағы жаншып тастады. Көзі қарақты, кеудесінде оты бар дегендерді қыспаққа алып, тұқыртып, жаншып, көзін жойып отырды. Олар көктей солды, жанбай өшті.
«Сол бір қанды қырғынды көрмесем де, соның зардабынан мен анамнан екі жасқа толар-толмаста айырылып қалдым», – деп балалық кезін есіне түсіргенде өз анам Қарлығаш жанарына жас толып, әңгімесін жалғастыра алмай, булығып, көпке дейін үнсіз қалды. Тек біраз үнсіздіктен кейін ғана «Ананың ақ төсінің жұпар исін искеп, оны махаббат мейіріне бөленетін балғын сәби кезінде жалтаң қағып, анаңнан айырылып қалсаң, нағыз сор маңдай жетімектің күйін кешесің. Алла өмір берсе, жылай жүріп жетілесің. Бірақ, ананың махаббат мейірімі жетпейтінін өмір бойы сезесің және оны аңсайсың. Жасым алпысқа келсе де анамның, «құлыным»,  – деп бауырына басып, маңдайымнан сүйгенін есіме түсіргім келеді, бірақ, әттең ондай елес мүлдем жоқ. Өзім әже атансам да, анамның ыстық құшағын бір сезінсем деп армандаймын. Сол бір қуғын-сүргін болмағанда нағашы атам да, апам да, жездем де, өз анам да аман болар еді ау!», – деп ішіндегі өкініш-арман, сырын ақтарды.
Менің үлкен нағашы атам Тыным өз заманында көзі ашық, мұсылманша хат таныған, қажы атанған адам екен. Негізі Арғынның ішінде Қуандықтан тарайтын Құлымбет руының бетке ұстар беделді азаматы болған. Тыным бабамыздың көріпкелдігі жайлы, оның емшілік қасиеті жөнінде кезінде Нұра ауданының қарт журналисі Махмет Темірұлы жазған болатын. Осындай әкеден тәрбие алған Қиқым да мұсылманша хат таныған. Адалдықтың ала жібін аттамаған, еліне сыйлы молда болған адам. Қиқым атамыз екі қызы Торғай мен Баяшты мұсылманша оқытқан. Одан кейін Кеңес үкіметі құрылғанда заман талабына сай сауат ашып оқуларына жағдай жасаған. Әкесінің қамқорлығының арқасында нағашы апамыз Торғай мұсылманша және жаңаша білім алып, өз ортасында көзі ашық, озық ойлы жастардың бірі болады.
Заман ағымы өзгеріп, жаңа үкіметті белсенді жастар жұмысшы шаруалардың үкіметі деп имандай сеніп, оны құруға белсене атсалысады. Осы жалынды жастардың ортасында Торғай апамыз да болған. Ол әуелі комсомол, одан кейін партия қатарына өтеді. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. Отыздан енді ғана асқан, жалындап тұрған жас келіншектің жұмысқа деген құлшынысын, оның іскерлігін байқаған басшылар сол кездегі ең артта қалған Исаев атындағы колхозды басқаруға жібереді. Адалдықты ту қылып, намысты қамшылай білген апамыз жаңа үкімет үшін аянып қалмапты. Артта қалған колхоздың ісін алға сүйрейді. Апамыз Торғайдың өмірлік серігі – Мәжен жездеміз де жігіттің төресі еді. Ол өзінің зайыбы атқарған ісіне қолдау жасап отырды. Көзі қарақты екі жас жаңа үкімет үшін аянбай еңбек етті. Торғай Нұра ауданының Исаев атындағы колхоздың басқарма төрайымы болса, Мәжен осы ауданға қарасты Шахаман ауыл кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Торғай Тынымова мен Мәжен Сүлейменов ел ішінде беделі артып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Жездеміздің анасы ұлы мен келінінің еңбек етуіне жағдай жасап, екі кішкене немерелерін бағып, балаларының тіл-көзден амандығын тілеп отырған. Бірақ, тағдыр сыйы алда екен…
 1937 жылы 18 наурыз күні Торғай апамызды тұтқындайды. Артында шырылдап екі бала қалды. Бірі екіде, екіншісі алтыда. Көп ұзамай осы жылдың 15 сәуірінде жездеміз Мәженді әкетеді. Ол аздай атамыз Қиқым да халық жауы атанды. Нағашы атамыз тұтқындалғанда 70-те болса, нағашы апам 33-те, жездем 42-де екен. Бар жоғы екі-үш айдың ішінде «халық жауы» деп танылып, үштіктің шешімімен 1937 жылдың 10 тамызында ату жазасына кесіліп, үкім тамыздың 21-де орындалған.Не деген қатыгездік! Бар жоғы он бір күннің ішінде асығыс үкім орындайтындай үкімет кімнен қорықты? Не, олар сырттан келген жау ма еді? Кеше ғана сол үкімет үшін аянбай еңбек етіп жүрген ауылдың қарапайым ғана адамдары емес пе? Кеңес үкіметі деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен қайран ерлер Абдолла Асылбеков, Сәкен Сейфуллиндермен елдес немесе олармен дәмдес болғаны үшін ғана кінәлі деп танылған. Сол арыстар ұсталысымен жездеміз бен апамыз, атамыз және сол ауданның басқа да колхоздары мен селолық кеңестерінде істеген тоғыз қызметкерді «халық жауы» деп айыптап, ату жазасына кескен. «Қаралған адамды НКВД-ның адамдары түнде әкететін. Қараңғыда есік тарсылдатқаны, анамның келіп бізді бауырына қысып, бетімізден сүйіп, үйден шыққаны, сондағы бөтен адамдардан жасқанып әжейдің артына тығылғанымыз ғана есімде», – дейді Торғайдан қалған жалғыз тұяқ, бүгінде бақилық болған Сайдалы Мәженұлы. «Анамның бойын тік ұстап есіктен шығып бара жатқаны әлі көз алдымда. «Адалдыққа ара түсер елім бар», – деп нық сеніммен кетті ғой, қайран анам! Көп ұзамай әкем Мәженді, атам Қиқымды да тұтқындады. Әжем екі баламен аңырап, далада қалды. Еңсесі биік ағаштан салынған үйімізден қуып шықты. Далада қалдық. Әжемнің есімі – Жігіт болатын. Жігіт десе дегендей, нағыз ер мінезді. Шындығында да сол кездегі әжемнің ерлігіне таңғаламын»  – дейтін Сайдалы ағай. «Ағайын-туыс бәрі теріс қарады. Үйлеріне паналатуға қорқады. Тіпті, күнде көше шаңын бұрқыратып бірге ойнап жүрген балалардың өзі, мені «халық жауының баласы» деп маңайларына жолатпайтын болды. Әкесі мен апасы «халық жауы» деп ұсталғанда, менің анам он алтыға енді ғана келген жас қыз екен. Әке мен ананың, апа мен жезденің ортасында еркелеп өсіп келе жатқан Баяш анамның басына да қара бұлт үйірілді. Жақындардың, құрбы-құрдастардың қырғи-қабақтарынан қашып анасы Ажар екеуі Қарағандыға қоныс аударады. Халық жауының балаларын пионер, комсомол қатарынан шығарып, соңғы партаға отырғызатын. Осы сорақылыққа шыдамаған талай бала өзіне қол жұмсаған. Менің нағашы әжем Баяш та табалаушылықтың бәрін көрді. Тіпті, тұрмыс құрып, ана атанып, еңбек еткен кезде де сол сорақы саясаттың қамшысы арқасынан осып отырды. Жабылған жала, жағылған күйе нағашы әжемнің еңсесін көтертпеді.
«Жүрек шіркін шыдамады. Сол зобалаңның кесірінен ерте кетті ғой. Жүрекке түскен жара жас жанның өмірін ерте қиды. 33 жасында анаң құсадан өлді. Артында алды сегізде, арты екі айлық төрт сәби қалды. Анасыз аңырап қалдыңдар ғой», – деп Меруерт апамыз кезінде анам жайлы осылай есіне алған еді. Меруерт апамыз айтқандай жүрек қайдан шыдасын. Тірідей әкеден, бауырдан айырылу оңай ма?! Әрі, өз еліңде өгейдің күйін кешіп, жау атансаң. «Әкесіз жетім жарты жетім, анасыз жетім анық жетім» – деп қазақ дұрыс айтады. Нағашы әжем өмірден озғаннан кейін менің анамның бауырлары да бірінен соң бірі шетінеген екен. Менің анам Қарлығаш анасы қайтқаннан соң жүре алмай, аурушаң болып отырып қалыпты. Содан нағашы атам Байсал екінші рет үйленіп, екінші нағашы әжем Ұмсындық болды. Бұл кісі өте мейірімді, жуас адам болыпты. Төрт ағайындыдан қалған нағашым Сайлау мен анам екеуін осы кісі асырап баққан. «Мен бұл анамның жақсылығына ризамын. Топырағы торқа болсын!», – деп анам үнемі есіне алып бізге айтып отырады.
«Шіркін, туған анамды бір болса да түсімде көріп, оның «қызым-ау» деген сөзін аңсаймын ғой, балам», – деп анам өткен өмірге күрсіне отырып шолу жасады.
Енді, анамның және оның туыстарының бастарынан кешірген ащы да болса осындай шындық менің қалам алып жазуыма себепкер болды. Бүгінгі ұрпақ мұндай зобалаңды көрмей өтсе екен. Қамшының сабындай ғана мына қысқа өмірде сыйластық, татулық, бірлік болсын! Аспан асты кең ғой, ұлт пен ұлысқа бөлінбей, ынтымақта өмір сүруге жазсын.

Гүлжан БАУЫРЖАНОВА,
саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының   «АЛЖИР»
мемориалды мұражай кешенінің маманы,
қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар