Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жазықсыз жапа шеккен - АРҚА АЖАРЫ

Жазықсыз жапа шеккен

Өткен ғасырдың 20-50 жылдары тарихқа жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңі болып енді. Қуғын-сүргіннен езуші тап ретіндегі байлар мен кулактар ғана емес, қарапайым халық, тіпті кеңес өкіметін өз қолымен құрған белсенді большевиктер де зардап шекті.

Қазақстанның аумағында құрылған сол тұстағы ГУЛАГ, АЛЖИР, Степлаг, Карлаг сияқты лагерьлерде 5 миллиондай адам аса ауыр жағдайда жазаларын өтеген екен. Олардың көбі ауыр жұмыстан, аурудан, аштықтан қырылды.
Саяси қуғын-сүргін салдарынан сол жылдарда 110 мыңнан астам қазақ жазаға тартылып, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілді. Осылайша, сталиндік зұлмат қазақ халқына да үлкен зардабын тигізді. Саяси қуғын-сүргіннің себептеріне келсек, тарихшыларымыз жазғанындай оның астарында асыра сілтеушілік пен большевиктердің қарумен тартып алған  биліктен айырылып қаламыз ба деген қорқыныш жатқанын бағамдауға болады. Өндірістегі барлық қателіктер зиянкестікке бағаланды, ал лауазымды міндеттерін дұрыс орындамау контрреволюциялық қаскүнемдік саналды.

Тіпті, басшы қызмет атқаратын адамға қарсы бірер ауыз сөз айтып, наразылық білдіру лаңкестік әрекетке оқталу деп қабылданды. Әдетте, құзырлы органдардың қырына ілінгендер қуғын-сүргінге ұшырап, түрлі мерзімдерге сотталды немесе жер аударылды.
1930-шы жылдарда басталған ұжымдастыру кезеңінде қуғын-сүргін онан әрі күшейе түсті. Ұжымдастыру процесінде бірнеше жылда ірі және орта шаруа қожалықтары толықтай жойылды. Ұжымдастыруға наразы және қарсы әрекет ететіндердің барлығы мемлекеттік қылмыскерлер деп танылып, қатаң жазаланды. Қазақ тарихында нәубет аталып жүрген сол кезеңде шолақ белсенділердің асыра сілтеу саясатының салдарынан бар малынан айырылған қазақтар аштыққа ұшырап, көпшілігі аштан қырылса, біразы жат елдерге босып кетті.
Қуғын-сүргінге ұлт белгілері бо-йынша, діни сенімдері үшін, әлеуметтік жағдайы мен көзқарасына байланысты ұшырады. Сол тұста қуғынға ұшырап, жазаға тартылған адаммен бір кезде аздап араласқаны үшін ғана сотты болып, зардап шеккендер көп болды. Құзырлы органдар сол кезеңде еліміздің аумағынан 186 антисоветтік ұйымдарды анықтап, қатысушыларын түгел жазаға тартты. Шындығында, мұндай үкіметке қарсы ұйым дейтіндердің бәрі ойдан шығарылған, белгілі бір тұлғалардың атымен байланыстырыла жасалатын еді. Осылайша ауылдың хат танымайтын қарапайым тұрғыны өмірі атын да, затын да естімеген әлдебір антисоветтік ұйымның мүшесі ретінде жауапқа тартылып, жазаланып кете баратын.
Әсіресе, өзгеше ойлау аяусыз жазаланып, қатаң қуғынға ұшырады. Қуғын-сүргінге түскендердің жартысынан көбі антисоветтік үгіт пен насихат үшін жауапқа тартылған тұлғалар болды. Кез келген сөз, тіпті ауыл арасындағы болымсыз әрекеттер де үкіметке қарсы насихат ретінде бағаланатын. Кейде мемлекеттік заемға жазылудан бас тарту, жоқшылыққа қапалану, өмір жағдайын революцияға дейінгі тұрмыспен салыс-тыру, «антисоветтік» сипаттағы анекдот айту да сондай үкіметке қарсы насихат деп саналып, ондай адам «халық жауы» атанып шыға келетін. «Халық жаулары»  қоғамнан оқшауланып, бас бостандығынан айыру орындарына «жарқын болашақ үшін еңбек етуге» еліміздің қиыр түпкірлеріне жіберілетін.
Тармақталған сот және соттан тыс («екілік», «үштік», УНКВД-НКВД, ГПУ-ОГПУ алқасы) органдар, «ерекше кеңестер» (НКВД-МГБ-МВД) жүйесі әрекет етті. Соттан тыс органдар 20 жылдан астам, яғни, 1953 жылға дейін жұмыс істеді. Мұндай органдар адамдарды әдетте еш негізсіз, заңсыз жазаға тартып, жер аударып, тіпті атуға үкім шығарып жатты. Лагерьлерге немесе арнайы қонысқа «халық жаулары» ғана емес, олардың отбасылары да жер аударылды.
Сол қаралы жылдардың жаңғырығы әлі де жойылған жоқ. Прокуратура органына жазықсыз жазықты болып жапа шеккендердің ұрпақтары, туыстары келіп, оларды ақтау туралы арыз жазып жатады. Өткен жылы прокуратураға 172 азамат жақындары мен туыстарын ақтау туралы өтінішпен келсе, солардың 76-сы көп жылдардан кейін ақталды, ал  96-сына түсінік берілді. Биылғы жылдың басынан бері 63 адам арызданып келсе, олардың бір кезде жазықсыз сотталған 26-ның туыстары заң бойынша ақталды,  37 арызданушыға түсінік берілді.
Бүгінгі күні өткен ғасырда саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандардың бәрі де заң бойынша ақталуға жатады. Дегенмен, адамдардың бәрі бірдей заң талаптарын біле бермейтіндіктен, арызданғандардың біразының арызы қанағаттандырылмайды.
Прокуратура органдары мұрағаттық анықтамалардың (мұрағаттық анықтамаларды ақтауды қолдану орны бойынша орналасқан Құқықтық статис-тика және арнайы есепке алу басқармасы береді), саяси қуғын-сүргінге ұшырау және арнайы қоныста болу туралы немесе қуғын-сүргінді қолдану фактісін растайтын сот шешімінің (тұратын жері бойынша) негізінде ақтау туралы анықтамалар береді. Заңның 20-бабына сәйкес, туған-туысқандарының қуғын-сүргiндер салдарынан қоныс аударуға мәжбүр болуы фактiсiнiң құжаттық деректерi болмаған жағдайда сот арқылы анықталуы мүмкiн. Азаматтардың арыздарын прокуратура органдары үш ай мерзім ішінде, ал мұрағат құжаттарын алуға байланысты кедергілер болған жағдайда алты ай ішінде қарап, жауабын береді.
Сонымен бірге, азаматтарға ақтау мәселелері бойынша прокуратура органдарына жүгінген кезде арызбен қоса жеке куәліктің нотариус арқылы куәландырылған көшірмесін, әйелдер үшін сондай-ақ, туу туралы, некеге тұру немесе некені бұзу туралы куәліктерін ұсыну қажет.
Тәуелсіздік алған Қазақстан құқықтық демократиялық зайырлы қоғам орнату жолына түсті. Қазір өткен ғасырда орын алған миллиондардың өмірін өксіткен саяси қуғын-сүргін көрген түстей алыста қалды. Ендігі ұрпақ ондай сұмдықты ешқашан көрмесін деп тілейміз.

Мұратбек ИСАДИЛОВ,
Ақмола облысының прокуроры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар