Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өз алаңында ойнамағанның да салқыны бар - АРҚА АЖАРЫ

Өз алаңында ойнамағанның да салқыны бар

Премьер-лигада өнер көрсететін  Көкшетаудың «Оқжетпесі»  маусым айы келсе де, әлі өз алаңында ойнап көрген емес.

Біресе Астанадағы «Астана Арена» стадио-нында, біресе Щучинскідегі «Жақсы» стадио-нында ойнап жүр. Облыс орталығындағы «Оқжетпес» стадионы былтыр да футбол маусымына уақытында дайын болмаған еді. Сондықтан, жерлестеріміз өз стадионындағы алғашқы ойынын мамыр айының ішінде өткізген болатын. Биыл жағдай одан да әрі. Көкшелік жанкүйерлер әлі күнге оқжетпестіктердің өз алаңында доп тепкенін көрген жоқ. Өйткені, биыл көктемде басталған стадиондағы футбол алаңына жаңа жамылғы төсеу әлі аяқталған жоқ. Газетіміздің өткен сандарының бірінде жазғанымыздай, алғашқы ойын бері алғанның өзінде маусымның ортасында ғана өтпекші.
Бұл – команданың біріншіліктегі ойынына да өз салқынын тигізбей қоймауда. Себебі, стадионды қиқулатқан жанкүйері жоқ команда діттегендей ойын өрнегін көрсете  алмайтыны, бар күшін салып, жігерленіп ойнамайтыны айдан анық. Соңғы ойындарда сылбыр көрініп жүрген «Оқжетпес» те осының кебін киіп отыр. Сырт алаңда Алматының «Қайратынан» 6:0 есебімен ойсырай ұтылғанымен, турнир кестесінде көш соңында келе жатқан «Тараз» командасын қайтсе де ұтуы керек еді. Бірақ, біздіңше,  тағы да өз алаңында ойнамағанының салдарынан тең ойынды ғана қанағат тұтқаны жанкүйерлер салын суға кетіргені рас. Команда фанаттарынан үркердей ғана топ баратын  «Астана Арена» қанша дегенмен, өзіміздің «Оқжетпес» стадионы емес. Өз алаңымызда ойнаса, келетін жанкүйерлердің  де көмегімен есеп тақа бұлай  0:0  болмас еді, «бет көрсе жүз ұялады» дегендей, команда барын салып, жігерлі ойнар еді.
Оның үстіне алаңы қанша оңды болғанымен, «Жақсы» стадионында да жолымыз болмады. «Астанадан» жеңіліп, «Тобылмен» өткен ойында да басымдылықты ұстап тұра алмадық. Қайта екі кезең бойы соңғы минуттарда есепті теңестіріп кеткен қонақтар тегеурінді көрінді. Стадионға сиятын небары 500 адаммен осы жолы да «Оқжетпес» жанкүйерлер қолдауын айқын сезінді деп  айта алмаймыз.
Уақыт зырлап, чемпионаттың өзі де өрмек жүзіне тақап қалды.  Демек,   «Оқжетпестің» қарсыластарын өз алаңында қабылдайтын кезі  баяғыда-ақ жетті.  Жанкүйерлер де үлкен футболды әбден сағынып зорға жүр. Бүгін жерлестеріміз «Астана Аренада» тағы да көш соңындағы командалардың бірі – Оралдың  «Ақжайығымен» кездеседі. Бұл жолғы  қарқынымыз қалай болар екен?!.
Міне, газетіміздің өткен сенбілік санына дайындаған шағын материалымыздың нүктесін осылай қойсақ та, жариялауға асықпай, соңғы ойынның нәтижесін күткеніміз дұрыс болыпты. Бұл жолы бір қуаныштысы, «Оқжетпесті» қолдауға Елорданың іргесіндегі Целиноград, Қорғалжын аудандарынан да жанкүйерлер барған екен. Мұның бәрі олардың жерлестерімізді жеңіске жігерлендірген қолдарындағы жазулардан да айқын көрініп тұрды. Бұл жолы жанкүйерлердің сол молдығы да оң әсер еткен болуы керек, қарсыластар қақпасына төрт гол  соғып, өздеріне екі доп жіберіп алған «Оқжетпес» «Ақжайықтан» әлдеқайда ширақ көрінді. Футболдағы біз айтып отырған көп болып қолдау деген міне, осы. Ендеше, сүйікті командамыздың өз алаңында ойнаған әрбір ойыны оған тың күш бере түсетіні айқын. Алайда, стадионымыздың сол ойындарға кешеуілдеп жатқаны қинайды…         
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар