Мемлекеттік рәміздерім – мақтанышым!

Облыс әкімі Сергей Кулагин «Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған патриоттық акцияға қатысып, барша ақмолалықтарды айтулы мерекемен құттықтады.

Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік рәміздері күнін атап өтуге  өңір тұрғындарының әр буыны жиналды. Әсіресе,  қолдарына жалау ұстаған жастардың шоғыры көп болды. Осылайша бұл   отаншылдық рухты  көрсетті.
Салтанатты шараның шымылдығы «Көкшетау» халықтық би ансамблінің  «Тәуелсіздік толқынында» биімен ашылды. Әуелеген әсем ән мен мың бұралған бишілердің  биі  көпшілікті бір серпілтіп тастады. Бұдан кейін салтанатты сахна төріне көк байрағымыз  көтеріліп,  жиналғандар Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжі хорымен бірге Әнұранды шырқады.
Облыс әкімі Сергей Кулагин Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері тарихына тоқталып, жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтады.
–Мемлекеттік рәміздеріміз халқымыздың рухани құндылықтарының бірегейлігін бейнелейді. Сол себепті, әр азаматтың өз Туына, Елтаңбасына, Әнұранына деген құрмет ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, елдің тарихи тұтастығын нығайтуы тиіс. Әсіресе, жастар жағы елдік нышандарымызды көздің қарашығындай сақтауға міндетті. Тәуелсіздігімізге қол жеткізген ширек ғасырда көк байрағымыз әлемнің түкпір-түкпірінде желбіреп, Әнұранымыз асқақтата шырқалды.  Біздің тұңғыш ғарышкерімізбен  зеңгір көкке көтерілген Туымыз да «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің басты нышаны болмақ. Ендеше, Әнұранымыз әр жүректе жатталып, Елтаңбамыз бүгінгі бейбіт те өркениетті еліміздің мәңгілік мақтанышы болсын!, –  деді облыс басшысы өз сөзінде.
 Одан әрі облыс әкімі қазақстандық патриотизмді дамытуға үлес қосқан  бір топ азаматтарға Алғыс хаттарын тапсырды.
Мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын үлгісіне айналған мерекелік шара мазмұнды концерттік бағдарламамен ұласты.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар