Меморандум
Жуырда Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы мен «Ауыл Телеком» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ол бойынша «Ауыл Телеком» ЖШС Ақмола облысында ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын орналастыруға арналған антенна-діңгекті құрылыстарды өз қаражаты есебінен салады. Бұл, әсіресе, шалғайдағы ауылдарда интернетке қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл үшін тараптар ауылдық жерлердегі байланыс сапасын жақсарту және тұрғындардың цифрлық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту бағытында бірлесіп жұмыс істейді.
Кездесу барысында компания өкілдері жобаны таныстырып, оны іске асырудың негізгі бағыттарын баяндады. Сондай-ақ, екі жақ инвестиция тарту және алдағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
– Біз цифрландыруда ең алдымен, адамдарға тең мүмкіндіктер болса екен дейміз. Елді мекенде қанша халық тұратынына қарамастан, бірде-бір ауыл бүгінгі күннің осы жаңашылдығынан тыс қалмауы керек. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер аясында ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын алда да жалғастыра береміз. Сапалы интернет балаларға заманауи білім алуға керек болса, жастарға жаңа мамандықтарды меңгеруге, ал, кәсіпкерлерге жаңа көкжиектерге шығуға жол ашады. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы өңір тұрғындары осылайша жаңа мүмкіндіктерге ие болады, – деді Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Ержан.
Компания өкілдерінің айтуынша, ауылдарды интернетпен қамту кезінде аумақтың ерекшелігі мен халық санына орай қолданылатын технологиялар да әртүрлі болуы мүмкін. Негізгі бағыттардың бірі – FWA технологиясы арқылы сымсыз кеңжолақты интернетті ұсыну. Бұл шешім әр үйге жеке кабель тартпай-ақ ғаламторға қосылуға мүмкіндік береді.
– Біз ауылдық жерлерде заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге ұмтылудамыз. Бұл орайда, нақты жоспарларымыз да бар, алайда, олардың жүзеге асырылуы көбіне қажетті инфрақұрылымның болуына байланысты. Елімізде мыңдаған отбасы тұратын елді мекендермен қатар, бірнеше ондаған үйден ғана тұратын шағын ауылдар да бар. Сондықтан, жұмыстың негізгі бағыттарын айқындай келе, расында, FWA технологиясы арқылы сымсыз интернетті дамытуды таңдадық, – деді меморандумға қол қою барысында «Ауыл Телеком» ЖШС бас директоры Әмірәли Сейілов.
Меморандум аясындағы бұл жұмыс ауыл тұрғындарының мемлекеттік онлайн-қызметтерді пайдалануына, қашықтан білім алуына, өз кәсібін дамытуына және заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуіне де жол ашады.
Жоба сонымен бірге, өңірдегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі басқа да бастамаларды толықтырады. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 281 ауылға жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Ал, Starlink және OneWeb жүйелерін қоса алғанда, жаңа буын спутниктік терминалдары қазірдің өзінде 80 ауылдық елді мекенде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, негізгі автомобиль жолдарының бойында да жаңа байланыс мұнаралары орнатылуда.
Өңірде байланыс сапасы төмен немесе байланыс мүлде жоқ деп анықталған 90 аралықтың 71-інде мәселе өз шешімін тапқанын да айта кетуіміз керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

