Арқа ардақтылары
Биылғы қазан айында Ерейментаудың аудандық газеттеріне басшылық жасаған қос азамат – Дуанбай Әлімжанов пен Серік Жұматовтың туған күндері аталып өтпекші. Дуанбай аға тірі болса 115, Серік аға 85 жасқа толар еді.
Қазақ баспасөзінің абызы, КСРО Журналистер одағының мүшесі, мәдениетке еңбегі сіңген белгілі қайраткер Дуанбай Әлімжановтың бүкіл өмір жолы туған халқына мүлтіксіз, риясыз қызмет етудің шынайы әрі асқақ үлгісі болатын.
Ұжымдастырудың қыспағы мен қиын-қыстау жылдарында бұқараны бірлікке үгіттеп, берекеге шақырды. Ал, 1937 жылы «Еңбек туы» газетінің белсенді ауылдық тілшісінен басталған талапты қадам көп ұзамай оны облыстық «Социалистік Қарағанды» басылымының меншікті тілшісі биігіне көтерді. Арман қуып Алматыға барып, Қазақ коммунистік журналистика институтында білімін шыңдады. Оқу бітіргеннен кейін Дуанбай өз ауданына қайта оралып, «Еңбек туы» редакциясында жұмысын жалғастырды.
Бейбіт күннің баянды шежіресін жазып жүргенде қаламгер тағдырын Ұлы Отан соғысы күрт өзгертіп сала берді. Дуанбай аға 310-атқыштар дивизиясының құрамында Ленинградты қорғауға қатысты. Майданнан ауыр жараланып елге оралған соң, «Еңбек туы» газетінің редакторы болды. Содан соң, Алматыдағы Орталық партия комитеті жанындағы мектепке жіберіліп, онда екі жыл білім алды. Партия мектебін бітірген соң, Ақмола қаласындағы облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды, кейін облыстық партия комитетіне қызметке ауыстырылып, онда 1950-1953 жылдар аралығында үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы болып жұмыс істеді. Ал, 1957 жылдан бастап «Знамя труда» газетін абыроймен басқарса, 1962 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін «Прогресс» аудандық газетінің қазақша басылымында редактордың орынбасары болып еңбек етті. Осы қызметтердің бәрінде де Дуанбай аға жасқануды, қалтарыста қалуды жақтырмаған кісі.
Екінші бір ғажап ел азаматы Серік Жұматов Ерейментаудың қос тілді «Прогресс» газеттеріне ұзақ уақыт жетекшілік еткен. Мен ол кезде жас тілші болдым. Серік Дәулетбекұлы өмірде көргені көп, байсалды әрі парасатты, сирек жандардың бірі болатын. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты, біздің редакцияда аяқ астынан туындаған даулы мәселе менің есімнен шыққан емес. Себебі, бұл оқиғаны қолдан жасаған орыс редакциясының 3-4 әсіре белсендісі болатын. Серік ағамыз табиғатынан таза, артық әңгіме мен сөзге жоқ, еңбекқор жорналшы еді.
Бір күні аудан басшысы В.Ф.Ерохин мен атқару комитетінің төрағасы В.Дитрих аяқ астынан келе қалды да редакция ұжымын жедел түрде жиынға шақырды. Мәселенің мәнісін күрделендірген орыс бөлімінің тілшілері В.Гусенцова мен В.Балтиева болып шықты. Олар сыртынан өздері кесіп-пішіп, редакторлыққа жаңа кадрды тағайындап қойған. Сол үшін ауданның басшыларына тура арнайы хат жолдапты. Владимир Федорович Ерохин жалтармай кесіп айтты.
– Мына хат сіздерден келді. Бәріңіздің пікірлеріңіз бірдей ме? – деді ол қолындағы қағазды көтеріп. Залды бір минуттық үнсіздік басты.
– Бұл хабарды біз бірінші рет естіп отырмыз, – дедім мен аудан басшыларына қарап.
– Сонда кімді ұсынып отыр мына ханымдар? – деді залдағылардың бірі.
Ерохин тағы да сөзін жалғастырды:
– Ол бөтен кісі емес – Ю.Маркер.
Төмен қарап отырған редактордың орынбасары Маркерге бәрі жалт қарады.
Тағы да Гусенцова орнынан тұрып, өз таңдау себептерін айта бастады.
Ерохинге оның сөзі ұнамады, сондықтан, қолын көтеріп, тоқта деген ишарат жасады.
Жиынға қатысушылардың бірі ретінде мен алға суырылып шықтым. Серік ағаға өтірік пәле жауып отырған әйелдерге біраз сын айттым. Гусенцова менің сөзіме орнынан тұрып, шапылдай бастап еді, аудан басшысы істің насырға шабатынын болжағандай, үстелді бір соғып, ана әйелдің аузын жауып тастады.
– Бәрі түсінікті болды маған, даулы хатты ұйымдастырғандар осында отыр, – деді ол көзін алартып. – Серік Жұматовқа аудан тарапынан ешқандай сын жоқ, сендерге айтатыным, барлық амал-әрекеттерің Қазақстан заңына қарама-қайшы. Іс осы жерде тоқтасын. Әйтпесе, прокуратура арқылы әрқайсыңды жеке-жеке тексертемін.
Міне, жиналысқа «дайындалып келген» Дитрих те, Маркер де үнсіз қалды.
Серік Дәулетбекұлы өзінің біртоға сабырлы мінезімен сыншыл-міншілдерге нақты жауап қатқандай болды. Арызқойлардың орынсыз шағымдары өздеріне өмірлік сабақ болды.
Редактордың қоғамдағы, жалпы жұмыс кезіндегі белсенділігіне көзіміз қанық. Біз сол кісілердің ізімен жүрдік. Ауыз толтырып айтатындай еңбектері зор адамдар еді.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.
Астана.
![]()

