«Даму» қоры – сенімді серіктеске айналды

Баспасөз туры

Кез келген кәсіпорынның ашылғаннан кейін нарықта біршама жылдар ішінде аяғынан нық тұрып кетуі үшін оларға кепіл болатын қорлардың болуы аса маңызды. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бүгінде шағын және орта кәсіп иелеріне мемлекеттік қолдау көрсетіп, ондаған өндіріс орындарының оң аяқ алысына сеп болып отыр.

Осы орайда, жуырда аталған қор өздерінен қолдау тапқан үш кәсіпорынға облыстың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз турын өткізді.

60 жыл бойғы сүт дариясы

Бүгінде Көкшетаудағы «Гормолзавод» серіктестігінің сүт өнімдеріАқмола облысы мен еліміздің барлық өңірлеріне қоса, шетелдік нарыққа да жол тартуда. Мәселен, кәсіпорынның ірімшігі Оңтүстік Кореяға экспортталса, алдағы уақытта Қытай нарығына өнім жөнелту үшін Шымкент немесе Алматы қалаларында қосымша өндірістік желілер ашу жоспарланған.

Цехтарда йогурт, майлылығы 2,5 және 3,2 процент болатын сүт өнімдері, айран тәрізді нарық сұранысына сай өнімдер өндірісі жолға қойылған. Соңғы жылдары тұтынушылар арасында ерекше сұранысқа ие болған шоколадпен қапталған қоспа мен құрт секілді ұлттық өнімдерде дайындалады. Бұл жас ұрпақтың денсаулығына пайдалы дәстүрлі өнімдерді заманауи форматта насихаттауға арналған тың бастама. Мұнымен қоса, кәсіпорын жылдар бойы тұтынушы талғамынан шыққан 0,45 литрлік қаптамадағы сүтті де өндірістен алып тастамай, халықтың таңдауын бірінші орынға қойып келеді.

– Зауыттың балмұздақ өндіретін цехында жұмыс қызып тұр. Мұндағы конвейерлік желінің өзіндік қатаң тәртібі қалыптасқан. Технологиялық желі бір уақытта өнімнің тек бір түрін шығаруға бейімделген. Мәселен, белгіленген күні вафли стақандарындағы балмұздақ әзірленсе, келесі кезекте таяқшадағы эскимо желісі іске қосылады. Мамандардың айтуынша, күніне бірнеше мың дана өнімді нарыққа жөнелтетін желіні осылай бейімдеу өндіріс қуатын арттырып, сапаны қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік береді, – дейді Әлібек Мүреев.

Сүт өңдеу ісі қатаң технологиялық тәртіп пен заманауи талаптарға негізделген. Бұрынғы қарапайым қойманың орнына бүгінде Еуропадан арнайы жеткізілген соңғы үлгідегі автоматтандырылған желілер орнатылған. Мұнда шикізатты қабылдаудан бастап, дайын өнімді құтыларға құюға дейінгі барлық процесс жіті қадағаланады.Сүт өңдеуде талап өте жоғары болғандықтан, өндіріс орнына келетін әрбір сүт тасушы көліктегі шикізат бірнеше параметр бойынша зертханалық сүзгіден өтеді. Зауыт басшылығының айтуынша, күмәнді немесе майлылығы төмен сапасыз сүт өндіріске мүлдем жіберілмейді. Кәсіпорын өнімді сапалы жеткізу мақсатында өзінің жеке фермасының сүтіне сүйенеді әрі 16 тонналық үлкен сүт тасушы заманауи көліктерді сатып алған.

Балмұздақ өндірісі де заманауи еуропалық қондырғылармен, мұздату жүйесімен жарақтандырылған. Өнім құрамындағы какао мен өзге де шикізаттар табиғи күйінде пайдаланылады. Кәсіпорын өкілдері шикізат бағасының, электр қуаты мен логистиканың қымбаттауына қарамастан, өнімнің табиғилығы мен жоғары сапасын сақтап қалуға басымдық беріп отырғандарын жеткізді.

Отандық өндірістік майлар шығарады

Осы жолы өңірдегі өндірістік майлар мен техникалық майлау жабдығын дайындайтын «Авикс-Групп» компаниясында да болдық. Кәсіпорын Қазақстан аумағында пластикалық майлар мен тауарлық майлау материалдарын өндірумен айналысады. Бүгінде елімізде өндірілетін осы тектес өнімдердің ауқымы кең. Мұнда жалпы 150-ге жуық өнім түрі бар. Зауытта 70-ке жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс үздіксіз процесс болғандықтан, яғни, бір цикл 26–28 сағатқа созылатындықтан, цехтар аптасына 6 күн, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді.

Өнімдер көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия, Грузия, Әзербайжан, Түркіменстан, Литва, Эстония және Сербия сияқтыалыс-жақын шетелдерге экспортталуда. Әрине, өндірісті кеңейтуде мемлекеттің, оның ішінде «Даму» қорының көрсеткен жүйелі қолдауы зор. Ұжым бұл қормен он жылға жуық уақыт бойы тығыз серіктестікте жұмыс істеуде.

– Қорарқылы бізге несиелік пайыздық мөлшерлемені 22 пайыздан 12,6 пайызға дейін субсидиялау бойынша тұрақты көмек көрсетілуде. Бұған дейін берілген кепілдіктің арқасында 2018 жылы өндірістік базамызды сатып алсақ, жуырда майларды ыдыстарға автоматты түрде өлшеп құятын заманауи желіні іске қостық. Бұл құралдар жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық өнеркәсіпті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – дейді серіктестіктің бас директоры Максим Зайцев.

Сатудан өндіруге көшкен кәсіпорын

Аграрлық өңірде көктемгі егіс пен күзгі егін жинау науқаны кезінде техниканың үздіксіз жұмыс істеуі – басты талап. Бұл орайда ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектерді сырттан тасымай, өз жерімізде өндірудің маңызы зор. Жиырма жылдан астам уақыт бойы қосалқы бөлшектер саудасымен айналысып келген «АСК-Авторесурстары» серіктестігі соңғы үш жылда саудадан нақты отандық өндіріске бет бұрды.

Баспасөз турында журналистер бұрын ауыл шаруашылығына қажетті қосалқы бөлшектерді сатумен айналысса, енді өздері өндірумен айналысатын осы серіктестікке барды.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта отандық өндірушілер тізіліміне, яғни, реестріне ену жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама жергілікті зауытқа Ақмола облысындағы агроқұрылымдармен тікелей байланыс орнатып, олардың маусымдық жоспарына сәйкес қажетті қосалқы бөлшектерді алдын ала дайындап беруге және тапсырыстарды басым тәртіппен орындауға мүмкіндік береді.

Облыс аумағында тозған бөлшектерді қалпына келтірумен, яғни, реставрация жасаумен шұғылданатын шеберханалар кездескенімен, жаңа қосалқы бөлшектердің кең спектрін толық өндірістік циклмен нөлден бастап шығаратын іргелі кәсіпорын жоқтың қасы. Зауыт ескіні жамап-жасқаумен шектелмей, заманауи талапқа сай жаңа бұйымдар жасауды қолға алған. Бүгінде мұнда «К-700» тракторларына арналған радиаторлар, астық жинайтын комбайндардың транспортерлері жасалады. Сондай-ақ, дәнсепкіштердің тіркемесі, шаруалардың арнайы тапсырыстары бойынша да бөлшектерәзірленуде.  Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 4 мың данаға таяу өнім шығаруға мүмкіндік беріп отыр.

Бұл бастамаға мемлекеттік бағдарламалар мен «Даму» қорының қолдауы зор серпін берді. Алғашқы қаржыландыру аясында заманауи жабдықтар сатып алынып, бастапқы өндіріс жолға қойылса, жуырда «Өрлеу» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банк арқылы жеңілдетілген қосымша несие берілді. Нәтижесінде кәсіпорынға жаңа сандық бағдарламамен басқарылатын жону станогы мен өзге де заманауи қондырғылар жеткізілді. Жаңа техника жұмысшылардың біліктілігін арттырып, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай туғызуда.

– Биыл мамыр айында Астанада өткен салалық көрмеге Ақмола облысының атынан отандық тауар өндіруші мәртебесінде қатыстық. Бұл бізге болашақ тек өзіндік өндірісте екенін анық көрсетті. Қазіргі таңдағы басты мақсатымыз Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының аграрлық қажеттілігін толық өтеп қана қоймай, республикалық деңгейдегі нарыққа шығу, – дейді кәсіпорын басшысының орынбасары Тамара Полеткина.

Жергілікті шаруалар үшін бұл шетелдік импортқа тәуелділіктен арылып, сапалы тетіктерді дер кезінде әрі қолжетімді бағамен алудың таптырмас тетігі.Соңғы үш жыл көлемінде зауыт нақты отандық өндірушіге айналды. Бұл қадамға мемлекет тарапынан, атап айтқанда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» көрсетілген қаржылық қолдау шешуші серпінін берді. Қордың көмегімен жаңа әрі заманауи жабдықтар сатып алынып, алғашқы өндіріс желісі іске қосылды.

Енді ұжым өз өнімдерінің сапасынарттырып, қуатыннығайту арқылы республиканың өзге де астықты өңірлерін сапалы жергілікті бөлшектермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар