Өзекті мәселе
Нан тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы, дастарқанның сәні мен мәні. Қазақ халқы үшін нанның орны қашан да ерекше. «Нан болса, ән болады» деген халық даналығының астарында терең мағына, үлкен өмірлік шындық жатыр. Өйткені, арамызда бір үзім нанның қадірін тоқшылықта емес, таршылықта ұққан ұрпақ бар.
Сол ұрпақтың бірі Целиноград ауданының Жаңа Есіл ауылының тұрғыны, республикалық «Мерейлі отбасы — 2025» ұлттық байқауының Гран-при иегері атанған Мекебай Кәкенұлы.
Бүгінде тоғыз баласынан тараған ұрпағының ортасында отырған ақсақалдың өмір жолы еңбек пен төзімнің, сабыр мен шүкіршіліктің үлгісі іспетті. Атамыздың тағдырына үңілсек, өткен күндердің қиындықтарымен қатар, сол сынақтардан түйген тағылымды да көреміз. Әсіресе, нанның қадірі туралы айтқан әңгімелерінің өзі кейінгі буынға ой салары анық.
Мекебай Кәкенұлы 1948 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Ақсу деген жерде дүниеге келген. Балалық шағы мен жастық кезеңі өткен ғасырдың күрделі кезеңдерімен тұспа-тұс келген ақсақалдың білім іздеп, Ұланбатыр қаласына барған жылдарындағы қиындықтары жадында айрықша сақталыпты.
– Жастық шағымызда нанның қадірін ерте түсіндік. Өзімізбен бірге техникумда оқып жүрген жастардың бәрі бірдей алаңсыз білім алып, уайымсыз өмір сүрген жоқ. Сол шақтарда қатарластарымыздың бір үзім нанды аңсап жүріп білім алғанын қалай ұмытайық?! Қазіргідей дастарханның үсті нанға толып тұрмайтын. Барға қанағат етіп, жоққа сабыр қылдық. Нан табудың өзі мұң болған шақтар да бастан өтті. Сондай күндерде қолдағы барды бағалауды, ас атасын аяқасты етпеуді үйрендік. Бір үзім нанды бөліп жеудің өзі адамдардың арасындағы бауырмалдықты арттырып, шүкіршілікке тәрбиелейтін. Бүгінгі ұрпаққа үйреншікті көрінетін, той-томалақта ысырап болып, қоқыста шашылып жататын нанның артында диқанның маңдай тері, диірменшінің еңбегі, наубайшының тынымсыз тірлігі тұрғанын ұмытпауымыз керек, – дейді ақсақал өткен күндерді тебірене еске алып.
Қарияның осы сөздерінің өзінен-ақ, қазір күнделікті тұтынатын асымыздың оңайлықпен келмейтінін ескере бермейтіндігіміз мен мұндалайды. Дастарханға қойылған нанды қажетімізден артық алып, желінбей қалғанын қоқысқа оп-оңай тастай салатын жағдайлар да жиі кездеседі. Ал, нанға зәру болған шақтарды бастан кешкен адам үшін оның әр түйірі қастерлі. Өйткені, нанның қадірі оның бағасымен ғана өлшенбейді. Оның артында төгілген тер, күткен үміт, адал еңбек пен отбасының несібесі бар.
Мекебай ақсақалдың тағы бір еске алғаны тоқсаныншы жылдардағы елге оралуы болды. Сол тұста Кәкен әулеті тарихи Отанына түбегейлі қоныс аударып, Қазақстанға табан тіреді. Ата-баба жеріне оралу жүрекке қуаныш ұялатқанымен, жаңа ортаға бейімделу, тіршілікті қайта бастау, бала-шағаның қамын ойлау оңай болған жоқ.
Елге оралу әр отбасы үшін үлкен белес еді. Бір жағынан, атамекенге деген сарытап сағыныш сейіліп, туған жердің топырағына табан тигізудің бақыты бұйырды. Екінші жағынан, күнделікті тұрмысты жолға қою, баспана мен күнкөрістің қамын ойлау, балалардың болашағына жағдай жасау сияқты міндеттер алдан шықты. Кәкен әулеті де осы кезеңнің қиындықтарын бастан өткерді. Нанның қадірін жастайынан білген отбасы үшін тоқсаныншы жылдардағы тұрмыс та адамды төзімге, үнемге, барға қанағат етуге үйретті.
Алайда, қиындық адамның сағын сындырып қана қоймай, жігерін де шыңдайды. Кешегі жоқшылықтың өзі бүгінгі молшылықтың бағасын ұғындырады. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татқан жан қолындағы бардың қадірін өзгеше сезінеді. Мекебай ақсақалдың өткенге құр өкінішпен емес, тағылым көзімен қарауы да содан болса керек. Оның әңгімесінде таршылықты әсірелеп көрсету жоқ, қайта сол кезеңнен қалған адам қандай жағдайда да адал еңбектен қол үзбеуі, үмітін жоғалтпауы, айналасына мейіріммен қарауы керек дейтін қарапайым ғана қағида бар.
Мекебай Кәкенұлы мен зайыбы тоғыз баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде отыз немере мен үш шөберенің қызығын көріп отыр. Бұл бір әулеттің ғана бақыты емес, ұрпақ сабақтастығын қастерлеген қазақы тәрбиенің де көрінісі. Осынша ұрпақты өсіріп, олардың әрқайсысының өмірден өз орнын табуына жағдай жасау ата-анадан төзімділік пен жауапкершілікті, мейірім мен талапты қатар ұстануды қажет ететіні даусыз.
Осындай өнегелі отбасының берекесі дастарқандағы астың молдығында ғана емес, отабасы мүшелерінің өзара сыйластығында, ағайынның амандығында, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсеткен ұрпақтың ынтымағында жатыр. Дастархан басында айтылған өнегелі сөз, үлкендердің батасы, ата-ананың күнделікті ісімен көрсеткен үлгісі бала тәрбиесінде ерекше орын алады.
– Отбасындағы тәлім-тәрбие күнделікті тіршіліктен басталады. Бала алдыңғылардың ісіне қарап өседі десек, осы еңбекке үйреніп, қолындағы барын бағалап, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеу өнегесін отбасынан алуы керек. Қандай жағдайда да адамдық қасиетті жоғалтпау маңызды. Нанның қадірін білу де отбасындағы тәрбиенің бір өзегі. Сондықтан, үлкендер нанды жерге тастамауды, аяқасты етпеуді айтып отыруы қажет. Дастарханға нанды қажет мөлшерде ғана қою, қалғанын дұрыс сақтау, асқа жауапкершілікпен қарау сияқты қарапайым әдеттер баланың бойына қанағат пен ұқыптылықты сіңіреді, – дейді Мекебай ақсақал.
Мекебай Кәкенұлының өнегелі болмысы тек отбасы тәрбиесімен шектелмейді. Бүгінде батагөй қария жүзге жуық бата түрін жатқа біледі. Қазақтың батасын жаттап қана қоймай, оның мағынасын, тәрбиелік мәнін ұрпаққа жеткізуді де парыз санайды. Сонымен қатар, ол шежіре мен тарихқа да ден қойған жан. Ақсақал «Әкелер ізімен», «Туған жерге тағзым», «Өмір – өзен, көңіл – көл дария» атты кітаптардың авторы ретінде танылып, Керей руының шежіресін жазуға үлес қосқан тарихшы.
Осындай өнеге өрімдерімен өрілген Мекебай Кәкенұлының өмір жолы бізге өзгеше ой салады. Қазір дүкен сөрелерінде нанның сан түрі самсап тұрғанымен, оны дастарханға жеткізу үшін қаншама еңбек жұмсалатынын ескере бермейміз. Дәннің жерге себілуінен бастап, егіннің жиналуы, астықтың өңделуі, одан ұн тартылып, нанның пісірілуіне дейінгі әр кезеңде көптеген адамның маңдай тері бар.
– Нанды қадірлеу үшін міндетті түрде жоқшылық көру шарт емес. Оны бағалау бүгінгі ұрпақтың саналы таңдауы болуы керек. Ас атасын ысырап етпеу, дастарханға қажет мөлшерде ғана тағам қою, артылған асты орнымен пайдалану, нанды қадірлеуді балаларға кішкентайынан үйрету әр шаңырақтан басталатын игі іс. Бір үзім нанға құрметпен қараған бала ертең өзгенің маңдай терін де бағалай білетін азамат болып өседі, – дейді келесі бір мезетте Мекебай ақсақал.
Нанның қадірін таршылықта ұққан Мекебай ақсақалдың өмірлік ұстанымы міне, дәл осындай.Ендігі кезекте біз де дастарханымыздан нан үзілмесін десек, осы бір жанның айтқанына құлақ асып, адал еңбек пен өзара сыйластықты бағалай білейік. Өйткені, бір үзім нанға деген құрметтің өзінде тұтас бір ұрпақтың өмір тәжірибесі мен халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан даналығы жатыр. Бұл – ақиқат!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сурет aqmolanews.kz сайтынан.
![]()

