Ғылыми экспедиция
Осыдан екі апта бұрын Бурабайдағы Абылай хан алаңынан Өзбекстандағы байырғы қазақ жері Жиделі-Байсынға аттанған «Абылай ханның қара жолы» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясы елге оралды.
Жергілікті зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен жастар ыстық ықыласпен шығарып салған 17 адамнан тұратын бұл топты Көкшетау қаласының кіреберіс қақпасынан қалың жұртшылық қошеметпен қарсы алды. Қоғам қайраткері, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлы жетекшілік еткен экспедиция бағзы заманнан қазақтың жұмақ мекені аталған өңірді аралап, Абылай ханның жүріп өткен жолдарын зерделеп қайтты.
Бұл жолғы сапардың маңызы ерекше. Себебі, Қазақстан тарапынан, атап айтқанда, Көкшетаудан Жиделі-Байсынға аттанған бұл алғашқы ресми экспедиция екі ел арасындағы алтын көпірге айналды. Сапар барысында Ташкенттегі және гуманитарлық ғылымдар университетінде, Самарқанд және Термез мемлекеттік университеттерінде ғылыми-практикалық іс-шаралар, дөңгелек үстелдер мен академиялық қауымдастық өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Өзбекстан аумағындағы Ұлы дала мен Мауереннахрдың ежелгі мәдени орталықтарын аралаған экспедиция мүшелері көне мұрағаттарды көріп, Сурхандария облысының бірегей етномәдени ортасын кешенді түрде зерттеді.
Белгілі тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаев бұл сапардың екі ел арасын жақындастырудағы рөлін жоғары бағалап, ұлан-асыр той жасауға тұрарлық маңызды қадам екенін жеткізді. Өз кезегінде экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы сапар барысында Абылай ханның Сарыарқадан Бұхараға шығатын «Арғын жолы» немесе «Хан жолы» сияқты тағы екі бағыты анықталғанын атап өтті. Сондай-ақ, өзбек халқының қонақжайлығына, жастарының үлкенге құрмет көрсетіп, иіліп сәлем беру мәдениетіне тәнті болғандарын айтып, бұл оң үлгіні қазақ жастарының бойына да сіңіру қажеттігіне тоқталды.
Елге оралған экспедиция мүшелері Көкшетаудағы Достық үйінде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, алдағы уақытта арнайы деректі фильм түсіріліп, кітап жарық көретінін жеткізді. Шара соңында экспедиция мүшелеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Айта кету керек, ортақ тарихи-мәдени мұраны дәріптеп, екі бауырлас халықтың рухани байланысын нығайтуды көздеген бұл халықаралық жоба қазақ-өзбек қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеруге қызмет етпекші.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

