Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласында баспасөз туры болып өтті.
Баспасөз турының мақсаты – БАҚ өкілдерін, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті атқарушы органдардың мамандарын «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2025–2026 жылдарға арналған тарифтік сметасымен және инвестициялық бағдарламасының орындалу барысымен, инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен таныстыру.
Өңірдегі электр желілерінің тозу деңгейі жоғары екені жасырын емес. Осыған байланысты компания бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында инфрақұрылымды толық қайта жаңартуда. Мәселен, былтыр осы бағдарлама аясында 3 миллиард 404 миллион теңгеден астам қаражат игеріліп, жоспарланған межеден асыра орындалды. Нәтижесінде 50 шақырымнан астам электр беру желісі мен ондаған трансформаторлық қосалқы стансалар жаңартылды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда. Биылғы жылға қарастырылған инвестиция көлемі 3 миллиард 850 миллион теңгеден асып, оған 101 шақырымды құрайтын электр желісі жаңартылып, 30-дан астам қосалқы станса қайта салынады.
– Бұл инвестициялық бағдарламаның бекітілгеніне 10 жылдан асты. Бірақ, бұрын оған бөлінетін қаржының көлемі аз және қайтарым уақыты бір жыл ғана болатын. Ол кезде бұл сала қатты алға жылжи қойған жоқ, бірақ инфрақұрылымды белгілі бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Сондықтан, тозу мәселесі орын алды. Қарап отырсаңыздар, бұрынғы 50-інші жылдары қағылған қарағай бағандар әлі күнге дейін тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үлкен назар аударып, арнайы тапсырма берген болатын. Қазір тозу деңгейін азайту механизмі анықталды. Қазір екінші деңгейлі банктер және Қазақстан Даму Банкі сияқты қаржы ұйымдары арқылы ұзақ жылға несие алып, энергетикалық және коммуналдық секторды жаңартуға болады. Банктен 20 пайыздық үстемемен несие алынса, оның 10 пайызын Үкімет өзі төлейді, қалған 10 пайызы тұтынушылардың абоненттік төлемі есебінен алынады, – дейді «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Досымхан Аралбаев.
Бүгінде бұл энергетикалық және коммуналдық секторлар аясында жобалар дайындалып, тендерлер ойнатылды. Қазан айының орта кезінен бастап алғашқы сараптамадан өткен жобалар іске қосылады. Мұны Табиғи монополияларды реттеу комитеті және оның жергілікті департаменті бақылап, қандай тариф қойылатынын есептеп, бағаны бекітеді. Бұл жоба 5 жылға арналып, орта есеппен тозу деңгейін жыл сайын 3 пайыздан кемітіп, жалпы 15 пайызға төмендету жоспарланған. «Көкшетау Энерго» компаниясына қарасты электр желілері мен жабдықтардың қазіргі тозу деңгейі 83 пайыз шамасында. 2026–2030 жылдардың аяғында тозу деңгейін 65 пайызға дейін түсіру жоспарлануда.
– Инфрақұрылымның тозығы жеткеніне дәлелдер мен мысалдар жеткілікті, оны бәріңіз білесіздер. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың бастауымен үлкен жоба іске аса бастады. Бағдарламаның өзі былтырғы жылдың аяғында қабылданды. Былайша айтқанда, биыл – осы бағдарламаның алғашқы шартын орындайтын жыл. Әрине, басында «Оған қанша қаржы керек болады, соны қалай игере аламыз? Оған еліміздің экономикасы дайын ба, отандық тауар өндірушілер трансформаторлар мен сымдарды шығарып үлгере ала ма?» деген сияқты көптеген мәселелер талқыланды, –дейді компания директоры.
Мамандардың айтуынша, биылдан бастап модернизациялау ауқымы кеңейеді. 2030 жылға дейін Көкшетау, Щучинск қалаларында электр желілерін 100 пайыз жаңартуға мүмкіндік туып отыр. Өйткені, осыған дейін облыс орталығындағы желілердің жартысына жуығы жаңартылған. Бұрын тариф арқылы 1 миллиард теңге төңірегінде берілсе, биыл 24 миллиард теңге қарастырылған. Ол ақшаны игеру EPC-келісім-шарты негізінде жүзеге асырылады. Яғни, бұл жүйеде бір мердігер тапсырыс берушінің алдында жобаны тапсырғанға дейін толық жауапкершілікті мойнына алады.
Атқарылған ауқымды істердің ішінде облыс орталығы үшін стратегиялық маңызы ерекше жобаны бөле-жара айтуға болады. Инвестициялық бағдарлама аясында Көкшетау қаласындағы 110/10/6 кВ «Жылу» қосалқы стансасы 780 миллион теңгеге толық жаңғыртылып, пайдалануға берілді. 1991 жылы пайдалануға берілген бұл нысан әбден тозып, оған шұғыл жаңарту қажет болды. Аталмыш станса Көкшетау қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған негізгі жылу көздері РК-1 және РК-2 нысандарына электр қуатын жеткізеді. Толық жаңартудан өткен қосалқы станса енді шаһарды қысқы дайындық кезеңінде үздіксіз әрі сенімді жылумен қамтамасыз етуге толық кепілдік береді. Мұнымен қоса, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірісті цифрландыру мен автоматтандыруға да басымдық беруде. Орталық диспетчерлік қызмет толықтай заманауи LED-экрандармен және цифрлық жүйелермен жабдықталды. Бұл авариялық жағдайларды жедел анықтап, жою уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, желілердегі техникалық шығындарды азайту мақсатында электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде.
Кәсіпорынның алдағы жоспарлары да ауқымды. 2026-2030 жылдарға арналған бесжылдық инвестициялық бағдарлама шеңберінде шамамен 25 миллиард теңге көлемінде қаражат бағыттау көзделген. Бұл инвестициялар есебінен электр желілері мен жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, тозу деңгейін төмендету және тұтынушыларға ұсынылатын қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру жоспарланып отыр.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

