Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұрағаттарымызды сақтауда ескеретін жайлар аз емес - АРҚА АЖАРЫ

Мұрағаттарымызды сақтауда ескеретін жайлар аз емес

Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорындағы көп пайдаланылатын құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және облыс ұйымдары мен мекемелеріндегі ведомстволық мұрағаттарды ұйымдастырушылық-әдістемелік жағынан басқару біздің жұмысымыздың өзегі  болып табылады.

Қазіргі таңда облыста 21 мұрағат мекемесі бар болса, ондағы 5279 қорда бір миллион үш жүз мыңнан астам құжат сақтаулы тұр. Соның ішінде басқару құжаттары 855 мың 137-ні құраса, 6490-ы жеке бас құжаттары, 933-і
ғылыми-техникалық, 20937 фото және 714 аудиовизуальды құжат бар. Облыстағы 1024 жинақ көзі Ұлттық мұрағат қорына жатады.
Осы орайда, салада жылдар бойы шешімін таба алмай келе жатқан мәселелерге тоқталып өтсем деймін. Өкінішке орай, бірқатар қалалық және аудандық мұрағаттар арнайы талаптарға сай келмейтін жалдамалы ғимараттарда орналасқан. 21 мемлекеттік мұрағат мекемесінің тек 12-сінде ғана «өзіміздікі» деген ғимарат бар. Аршалы, Бұланды, Бурабай, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау, Целиноград және Шортанды аудандарының мемлекеттік мұрағаттары жалға алынған ғимараттарда жұмыс істейді. Бурабай мен Целиноград аудандарында мұрағат қоры тіптен көп. Сол себепті, оларды сақтайтын орынның жеткіліксіздігі біраз қиындық тудырып отыр. Аталған мекемелер осымен алты жыл қатарынан өзге ведомстволардан құжаттар қабылдамай келеді. Бұл мәселе қазіргі таңда өте өзекті. Оны шешу үшін қосымша орын бөлу жеткіліксіз. Өйткені, құжаттарды сақтаудың, орналастырудың өз ережелері бар. Есесіне, облыс аумағындағы барлық мемлекеттік мұрағаттар өрт дабылы жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал, күзет дабыл жүйесімен қамтылуы 72 па-йызды құрайды.
Еліміздің Ұлттық мұрағат қорындағы құжаттардың дұрыс сақталуына жағдай жасау мақсатында өткен жылы және  үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 9558 қойма бірлігінің сырт пішіні,  сөздері өшірілуге шақ қалған 1316 беттік мәтін қалыпқа келтірілді. 92237 қағаз күйіндегі құжат және 1000 фотоқұжаттың бар-жоғы тексеріліп, тағы 44567-сі қатты қағазбен қапталды.
Сондай-ақ, осы уақыт аралығында мемлекеттік сақтауға 13600-ден астам бірлік басқару құжаты, он мыңға жуық жеке бас, фото-видео, басқа да  құжаттар келіп түсті. Атап айтсақ, қоғам қайраткері, публицист Тұрғын Сыздықовтың, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Күләш Темірбаеваның, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері Өмірбек Кәкімұлының, соғыс және еңбек ардагері Мырзағали Тыныбекұлының, тағы бірқатар танымал азаматтардың жеке құжаттары мемлекеттік сақтауға алынып, мұрағат қорын толықтырды. Бізге келіп түскен әрбір жаңа құжат бірден анықтамалық тізімге енгізіліп отырады. Басқарма қызметкерлері құжаттандыру мәселелері жөнінде түрлі ұйым өкілдеріне үш жүзге жуық кеңес берді. Целиноград партия обкомы қызметкерлерінің  атаулы анықтамаларын құру жұмыстары қайта жанданды. «Құжаттардың бірыңғай электронды мұрағаты» ақпараттық жүйесіне қордағы бес мыңнан астам жазба енді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.
Мұрағат деректері негізінде өткен жылы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арнап «Жадымызда мәңгі жаңғырады», «Соғыс. Жеңіс. Естелік», «Ұмытуға хақымыз жоқ» атты бірнеше кітап жарық көрді. Бұл іске белсене араласқан Сандықтау, Ақкөл аудандарының мемлекеттік мұрағаттарын ерекше атап өткім келеді. Мәдени-ағартушылық жұмысты атқара отырып, біз мұрағат құжаттарын үнемі бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаймыз, дәрістер, көрмелер ұйымдастырамыз. Ең бастысы, түрлі ұйымдардан, қарапайым тұрғындардан келіп түскен өтініш-сауалдарға уақытында жауап берілуіне үлкен мән беріледі. Мәселен, «Мұрағат анықтамаларын беру» секілді мемлекеттік қызмет түрі тікелей мемлекеттік мұрағаттармен жүзеге асырылады, сондай-ақ, оларды халыққа қызмет көрсету орталықтары және «Электронды үкімет» порталы арқылы да алуға болады.
Мақалада баян етілгендей, бұл салада да біраз жауапты істер атқарылып жатыр. Мұнын өзі, кейбір азаматтар дың «Мұрағат деректерін ешкім пайдаланбайды, жылдар бойы шаң басқан сөрелерде жатады. Олар күн түспейтін көлеңке секілді»  деген теріс пікірлерін өзгертеді деген сенімдеміз.  Бәлкім, мұрағат құжаттарын күнделікті өмірде аса көп қажет етпейтін де шығармыз, алайда, күндердің күні өткен тарихымызды айғақтайтын құндылықтар – дәл осы деректер екенін ұмытпайық. Жылдар өткен сайын мұрағат құжаттарының мән-маңызы арта түсіп, көненің көзіндей болып қала беретіні анық.

 Мәрзият ТОҚАЕВА,
облыстық мұрағат және құжаттандыру басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар