Алқабилердің қатысуымен өтетін істерді қараудағы өзгерістер

Ұлт жоспарының «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағдарында еліміздің сот жүйесін түбегейлі жаңғыртуға, оны халықаралық стандарттарға сай келетін сапалық биіктерге көтеруге арналған нақты өзгерістер қарастырылған. Бұл  қадамда қарастырылған алқабилердің қатысуымен өтетін соттарда халық өкілдерінің өкілеттігін кеңейту және қылмыстық істерді қарағанда алқабилердің қатысуын міндеттеу сияқты өзгерістер – бұл заңдағы және Жоғарғы сот түріндегі сот билігі тарапынан жүргізілген ауқымды жұмыстардың жемісі десек, артық айтқандық емес.
Мұндай өзгерістердің бәрі 2015 жылдың 31 қазанында қабылданған және биылғы жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының сот төрелігі жүйесін жетілдіруге байланысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуалдық кодексінің 52 бабы бірінші тарауында алқабилердің қатысуымен өтетін сот аясы едәуір кеңейтілген. Алқабилердің қатысуымен өтетін сотта өлім немесе өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілетін ауыр қылмыстармен бірге, адам ұрлау, адамдарды құлдыққа салу, жасөспірімдерді қылмыстық топқа тарту сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды саудаға салу сияқты қылмыстар бар.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуалдық кодексі жаңа редакциясының 52 бабының екінші, үшінші және төртінші тарауларына сай алқабилердің қатысуымен өткен соттың шешімін апелляциялық негізде қарау кезінде сот алқасының құрамында кем дегенде үш судья болуы керек. Кассациялық негізде істерді, оның ішінде алқабилердің қатысуымен қаралған істерді  қарауды кем дегенде үш адамнан тұратын Жоғарғы соттың судьяларынан құралған сот алқасы жүзеге асырады. Жоғарғы соттың төрағасы немесе оның тапсыруы бойынша судьялардың бірі алқа төрағасы болып табылады.
Жоғарыда аталған заң негізінде сот төрелігін жүзеге асыру бұрынғыдай бес сатылы емес, үш сатылы негізде өткізілетін болды. Бұл биылғы жылдың қаңтарынан бастап күшіне енгізілді. Жаңа өзгеріс сот қарайтын істің созылып кетуіне жол бермейді және сот шешімдерінің сапасына да айтарлықтай игі ықпалын тигізбек.
Сондай-ақ, күшіне енбеген сот шешімдері, оның ішінде алқабилердің қатысуымен өткен сот шешімдері мен қаулылары қылмыстық-процессуалдық заңнамада қарастырылған ережеге сай апелляциялық тәртіпте қайта қаралатындығы заңмен бекітілген.
Апелляциялық тәртіпте қаралып, күшіне енген сот шешімдері мен қаулылары Жоғарғы сот деңгейі болып табылатын – Жоғарғы сотта кассациялық тәртіпте ақырғы шешім шығару үшін қаралуға жатады. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 70 тарауында алқабилердің қатысуымен өткен соттардың заң күшіне енген шешімдерін қайта қараудың ерекшеліктері нақты көрсетілген. Мәселен, кассациялық негізде қайта қаралатын істер қатарында жазықсыз сотталғандарға  қатысты  істер және мемлекет немесе қоғамның мүдделеріне қатысты сот актілері бар. Сондай-ақ, алқабилердің қатысуымен өткен қылмыстық істерді кассациялық тәртіпте қарау апелляциялық сатыда қайта қаралғаннан кейін Қылмыстық кодекстің жалпы және айрықша заң нормаларын қолдануда қателік жіберілген жағдайда жүзеге асады.
Алқабилердің қатысуымен өткен сот шешімдеріне қатысты жоғарыда аталған заңдағы жаңа өзгерістердің бәрі биылғы жылдың қаңтарынан тәжірибе жүзінде қолданыла бастаған Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында жасалған оң қадамдар екені анық. Бұл өзгерістер сот шешімдерінің сапасын заман талабына сай жаңа биіктерге көтереді деген сенім бар.

Бауыржан БАЙМЫРЗИН,
Ақмола облысының  
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар