Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұрағат қызметкерлері күніне арналды - АРҚА АЖАРЫ

Мұрағат қызметкерлері күніне арналды

Шахмет Құсайынов атындағы  Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен Халықаралық мұрағат күніне арналған мемлекеттік мұрағат ұжымдарының жиналысы  өткізілді.

 

Салтанатты шараға аудандық және қалалық мұрағаттардың басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық жұртшылық өкілдері қатысты. Алдымен облыстық мұрағат және құжаттандыру басқармасының басшысы Мәрзият Тоқаева облыс көлеміндегі мемлекеттік мұрағаттардың өткен  жылы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері жайында баяндады. Қазіргі күні  өңіріміздің мұрағат желісіне облыстық мұрағат және құжаттандыру басқармасы мен 21  мемлекеттік мұрағат мекемесі кіреді. Оның біреуі облыстық, үшеуі қалалық және он жетісі аудандық мекеме. Қорда 1,3 миллионнан астам құжат сақталуда. Алайда,  қордаланған мәселенің бірі мемлекеттік мұрағаттардың жеке ғимараттарының жоқтығы. Сол себепті, құжаттарды сақтау біршама қиындық туғызып отырған көрінеді.  Еліміздің Ұлттық мұрағат қорындағы құжаттардың дұрыс сақталуын қадағалау мақсатында жыл бойы дөңгелек үстелдер және семинарлар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Десек те, кейбір мекемелердің басшылары құжат сақтаудағы жауапкершілікті жете сезінбейді. Соның салдарынан, 2015 жылы мұрағат қызметкерлері  2000 азаматтың еңбек өтілін растай алмаған. Осы орайда, басқарма басшысы адамдардың әуре-сарсаңға түспеуі үшін мекеме жетекшілерін  құжаттарға немқұрайлы қарамай,  тыңғылықты болуға шақырды.
Бұдан соң Атбасар қаласының мемлекеттік мұрағатының директоры Мұрат Ақзамов,  Степногорск қаласының мемлекетік мұрағатының директоры Ләззат Мұхамедина, Атбасар ауданының мемлекеттік мұрағатының директоры Абай Ахметов, Атбасар ауданына қарасты Шұңқыркөл ауылының әкімі Светлана Валитова, Атбасар қаласының №1 индустриалдық-техникалық колледжінің директоры Зәуреш Асқарова өз мекемелеріндегі құжаттарды сақтау және орналастыру бағытында атқарылып отырған жұмыстар жайында айтып берді.
Алқалы отырысты қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов мұрағат желісінің қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
– Баршаңызды халықаралық мұрағаттар күнімен құттықтаймын! Бүгінгі күні мұрағат қызметіне жүгінбейтін адам аз. Онда сақталған барлық құжаттардың мемлекеттік маңызы бар. Олар біздің өткенімізді бағамдауға көмектесетін тарихи жәдігерлердің қайнар көзі болып табылады. Осы орайда,  ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау, халыққа таныту жолындағы мұрағат желісі қызметкерлерінің елеулі еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс, – дей келе,  бірқатар қызметкерлерді еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Марапатталғандардың қатарында  Степногорск қаласының мемлекеттік  мұрағатының қызметкері Галина Комашко, Целиноград ауданының мемлекеттік мұрағатының директоры Баян Оразақова, Атбасар қаласының мемлекеттік мұрағатының маманы Игорь Дворников, Есіл ауданының мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы Галина Исакова мен Көкшетау қаласының мемлекеттік мұрағатының құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу бөлімінің басшысы Кенжетай Бижанова бар. Жиын соңы мерекелік концертпен жалғасын тапты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар