Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа аурухана қуанышы - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа аурухана қуанышы

Державинск қаласында салынып жатқан үш қабатты жаңа аурухана ғимараты биылғы жылдың шілдесінде, Астана күні мерекесі қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мұның өзі денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін ғана емес, барша аудан тұрғындары үшін зор мерей болатын түрі бар. 

Жоғары білімді маман дәрігерлердің жетіспеушілігі шалғай аудандардың бәрінде дерлік бар. Жарқайың ауданының орталық ауруханасында да дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі 65,2 пайыз болып отыр. Аудандық ауруханаға жоғары білімді 46 дәрігер қажет болса, бүгінде  30 дәрігер еңбек етуде.  Аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Әлия Дүйсееваның айтуынша, кардиолог, гинеколог, неанотолог дәрігерлер жетіспейді. Соңғы екі жылда ауруханаға 6 дәрігер келіпті. Олардың төртеуі мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтермен қамтамасыз етілген. Медициналық жоғары оқу орындарымен байланысып, жас мамандар шақырылып тұрады екен. Жергілікті жастарды оқуға жіберу мәселесі де назарда ұсталады. Маман тапшылығын жоюдың осындай шаралары қолға алынуда.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауданда халықтың денсаулығын сақтау мәселесін шешу күрделі болатыны түсінікті. Ауыр науқастарды үлкен қалалардағы ауруханаларға жеткізу жайы қиындық келтіреді. Осыған орай, науқастардың денін жергілікті жерде емдеп, ауруды асқындырмай алдын алу шараларына жете көңіл бөлінеді. Бұл бағытта аудандық аурухана мен ауылдарда орналасқан фельдшерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мүмкіндіктерінше жұмыс істеп жатыр.  50 орындық аудандық орталық аурухананың жанында 10 орындық стационар бар, сондай-ақ, ауылдық жерлерде орналасқан төрт дәрігерлік амбулаторияда  20 орындық стационар жұмыс істейді. Бас ауырып, балтыры сыздағандардың бәрі мүмкіндігінше жергілікті жерде емделеді. Ал, операцияны қажет ететін ауыр науқастар облыстық ауруханаға немесе Астанаға жіберіледі.
Бүгінгі заманның озық технологиясын қолдануға да шалғайдағы ауданның ауруханасында жете көңіл бөлініп отыр. Ауруханада шет елдік қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтар ауруды анықтау, емдеу жұмыстарында  қолданылады. Ауруханада телемидицина орталығының ашылуы дәрігерлер үшін үлкен көмегін тигізіп отыр. Кейбір күмәнді жағдайларда немесе дертті анықтау, оған ем қолдануға байланысты туындаған күрделі мәселелерге орай облыстық, республикалық медицина мекемелерінде істейтін білікті мамандар мен ғалымдардан ақыл-кеңес алуға мүмкіндік бар.
Қазіргі күні аудандық ауруханада орта деңгейлі медицина қызметкерлерін қосқанда жүзден астам адам еңбек етуде. «Бізде өз жұмысын өте жақсы білетін, ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігерлер көп», – дейді бас дәрігердің орынбасары. Дәрігер-фтизиатр Қарлығаш Байжұманова, дәрігер-педиатр Нұрикамал Бимендина он жылдан астам осы салада еңбек етсе, хирург Ідіріс Өмірзақов қырық жыл бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Бөлімше меңгерушісі дәрігер-педиатр Ғалым Сыздықов жиырма жылдан астам денсаулық сақтау саласында үзбей еңбек етіп келеді екен.  Жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізгенмен, аудандық орталық аурухана орналасқан ескі ғимарат үнемі сыр беріп қояды. Салынғанына жарты ғасырдан асқан бір қабатты үйдің кейде сылағы түссе, кейде қыстың қытымыр аяздарында жылу құбыры істен шығып, қиындық туғызып тұрады. Осы орайда, жаңа аурухана салу мәселесі аудан басшылығы тарапынан көтеріліп, жоғарыдан қолдау тапты. Сөйтіп, екі жыл бұрын бұрынғы әскери қалашық аумағынан жаңа аурухана ғимаратының құрылысы басталған болатын. Қазір ол бітуге жақын.
Аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Әлия Дүйсеева жаңадан салынып жатқан ауруханаға бастап алып келді. Үш қабатты қызыл кірпіштен тұрғызылған ғимарат алыстан көз тартады. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде. Құрылысты жүргізіп жатқан «Уралстройинвест» серіктестігінің бас инженері Виктор Руденковтың айтуынша,  жұмыстың 80 пайыздан астамы аяқталған. 2 миллиард теңгенің жұмысы игеріліпті. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары мен аумақты абаттандыру және көгалдандыру ісі жүргізіліп жатыр.  Үш қабатты жаңа аурухана кешенінде 100 орындық аурухана мен 50 орындық стационар, емхана, жедел жәрдем қызметі, тағы да басқа қосалқы жайлар қарастырылған. Жаңа ауруханадағы жұмыс барысы аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың күнделікті қатаң бақылауында ұсталуда.  
Осы арада, Әлия Мұратқызы тағы бір жағымды жайды айтты. Бұрынғы әскери қалашықтан салынып жатқан үйден ауруханаға қызмет етуге келетін жас мамандарға пәтер берілмекші екен. Аурухананың дәл жанынан жаңа пәтер алып, жаңа қызметке кірісетін жас мамандардың жайы жаман болмайтын сияқты. Сондай-ақ,  аурухана жиһазбен, қазіргі заманғы жаңа құрал-жабдықтармен де толықтай жарақталмақ. Яғни, жаңа ауруханада жұмыс істеуге қажетті жағдайдың бәрі болады деген сөз.
Облыс орталығынан алыста жатқан шалғай ауданда осындай қазіргі заманғы талапқа сай аурухананың салынуы еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасалған лайықты тарту болатыны анық.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар