Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ САҢЫЛАҒЫ - АРҚА АЖАРЫ

ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ САҢЫЛАҒЫ

Естай ақын туралы ел ішінде сақталған кейбір деректер

 

Қазақ ән мен жырды өзінің өмірлік рухани азығына айналдыра білген халық. Бұл орайда, сал-серілер көп шыққан Арқа елінің орны бәрінен бөлек тұр. Ұлы даланың дара тұлғалары Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Балуан шолақ, Үкілі Ыбырай мен Иманжүсіптерді кезінде әрбір өңір халқы ең мәртебелі қонақтары ретінде қуана қарсы алып отырған. «Аралап талай жердің дәмін таттым» деген жыл жолдары бізге солардан мирас боп қалған. Осындай елдің алдында өнерлерін аянбау біздің сал-серілер үшін ежелден қалыптасқан салт болғаны шындық. Сондай бір сырлы сезімге толы естелікті біз жасы 90-ды шамалап қалған қадірлі апамыз Дәмек Мұқышқызының аузынан естігеніміз бар. Бұл айтайын деп отырған әңгімеміз барша қазақ еліне «Құсни-Қорлан» әнімен мәшһүр болған Естай ақын жайлы. Соңында өлмейтін махаббат гимнін қалдырған кісіні көзімен көргені есінде сол күйі сақталып қалыпты. Ұлы Отан соғысы басталмаған, елдің жаймашуақ өмір кешіп жатқан мамыражай шағында Ерейментаудың халқына: «Естай ақын келіпті» деген хабар ілезде тарайды.
– Желтоқсанның қары таулы қыраттарды толық көмкерген кез. Құдайы қонақты үнемі аңсап отыратын ел жұмыстың қамытынан босап, біраз сайрандап қалып еді сонда, – дейді кейуана бұдан 76 жыл бұрын көрген оқиғасын есіне түсіріп. – Әкем Мұқыш Жүзбасұлы Ұябай қарағашында запперме. Жан-жағымыздағы Ақшоқы, Тұқпи қарағашы, Алғабас пен Ұсамбай ауылдарында ұлы нәубеттен кейін жылқы мен қойдың басы едәуір көбейіп, халықтың тұрмыс-тіршілігі бірте-бірте түзелген кез еді. Атышулы ақынның бұл сапары елді масайратқаны сонша, қасқыры қалың келетін Ерейменнің үлкен-кішісі тойдан қалмаудың бар амалын қарастырыпты. Тіпті, үлкен шаналарға түйелерін жегіп
келген ересек балалар да өнерге қатты ынтықтығын аңғартып еді.
Сері боп, сайран салып, дүние көрдік,
Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік,–
деп жырлаған Естай Беркімбайұлына қонақжай елдің үлкендері барынша сый-құрметтерін жасай білді. Ұсамбай ауылындағы жылқы фермасының бастығы Байлақ деген ақжарқын азаматтың үлкен үйіне әдейілеп келген кісілер сыймай кетті. Әйтеуір, сығылысып отырған жұрт өздеріне аталас болатын сал-серілердің соңғы өкілі Естайдың әнін таң атқанша кірпік қақпай тыңдағаны бар. Сол жолы әкесінің оң тізесінде отырып, қайталанбас осынау қызықты тамашалаған өрімдей қыз ұлы сазгердің «Құсни-Қорлан» әнінің жолдарын сол жолы бірден жаттап алып, қай жерде жүрсе де шырқап жүруді әдетке айналдырғанын өзі де сезбей қалады. Қазіргі жас әншілердің әуенді де, сөзді де жиі бұрмалайтынын да әңгіме арасында қағыс жібермеген апамыз  «Ғашықтар жырының сәнін бұзуға ешкімнің қақысы жоқ қой»,–дейді әннің қайырмасын өзі ыңылдай айта отырып.
Қыстың қытымыр аязы Естайдың Ерейментау бауырындағы сауықты күндеріне бөгет бола алмады. Әнші-күйшіні құрметтеуден ел де жалықпаған. Мұқыш атамыздың еркешора болып бұлаңдап өсіп келе жатқан жалғыз баласы – Дәмек апай бұл айтулы кездесуден ерекше әсер алады. Ерке қыздың бүгін де өзін таныта түскен ақжарқын, кеңпейіл мінезі өзінің туған ата-анасынан дарыпты. Күлімсіреген күйі апамыз алаңсыз бақытты бал шақтарынан сыр толғайды:
– Әкем ер тұрманы күміспен қапталған ақбоз атта жүргенімді қатты ұнататын. Жүрісі жайлы, адамның ықыбын сезгіш жануармен малшы ауылдардың арасында алыс-жақынына қарамай, шауып жүру әдетіме айналды. Қырдан бізге бет түзеген кісіні көрсем, «қонақ келе жатыр, қазан көтер» деп сүйінші сұрайтынмын. Әкемнің мырзалығы, шешемнің ширақтығы, келген қай кісінің болсын, көңілін қалдырмады. Қазіргілердің кейде ет түгілі, шайы қайнамайды ғой…
Естай ақынның думанды кеші Ерейменде едәуір күнге созылады. «Қонақ ықтиярсыз» дегендей, оны аса қадір тұтқан туған елі біраз бөгей түседі. Бірде әнін аяқтаған ақын домбырасын іргеге қоя бергенде, Дәмек апамыз қасиетті аспапты қолына алып: «ата, енді біздің үйден дәм татасыз» деп әкесінен бұрын қолқа салады.
Қызыл шырайлы, көзі ұялы, дүйім елге танымал мейманның 12 жастағы қызға ырзалықпен қарай қалғанын көрген әкесі қуанғаннан баласын құшақтап көтеріп алады. Естай ақынның баланың маңдайынан сүйіп: «сендей үлкен кісі шақырып тұрғанда, бармау маған үлкен әбестік, алтыным» деген сөздері содан жадында ұмытылмастай сақталып қалады.
Көп қырлы қазақ өнерін жете меңгерген кісі болғандықтан да Естай Беркімбайұлы жас күнінен талай бозтарландармен сайысқа түскен сұңғыла жыр дүлдүлі.  Сарыарқаны тегіс аралаған жан кезінде Өр Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Түркістан өңірлеріне де ат басын тірепті. Соңғысына Ерейменнің тумасы әйгілі Үмбетей жыраудың ұрпағы, әнші-жыршы Бопы Кенжеқараұлының ұлымен барған.
Атақты ғалым Әлкей Марғұлан 1983 жылы «Жұлдыз»  журналында жазған «Күйді ерттеп, әнді мінген» мақаласында Естай ақын туралы салиқалы пікір айтыпты: «…киім киісі, жүрісі серілердің әдетіндей көркем, өте саңлақ кісі. Әнді салтанатты бейнемен, әдемі дауыспен шалқыта шырқайтын».Үлкен өнер додасына 14-15 жасында жолдама алған Естайдың есімі 20 жасында бүкіл Ертіс өңіріне жайылады. Қазақ еліне барынша мәлім болып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен, Нартай ақындармен айтысқа түсті деген деректер де бар. Ұлы дала өнерін жетік меңгерген ол батырлар туралы қиссаларды да нақышына келтіре орындай білген. Ән мен жырға сусындаған ел Естайға сондай қасиеттері үшін зор құрметтерін көрсетуден жалықпапты деседі көзі көргендер.
Ерейменге арнайы келген кездерінде ел іші «Шәңкейдің күйін» тартуын тағатсыздана күтіп отыратынын естігеніміз бар. Оқырманға түсінікті болу үшін мұны да таратып айтқан жөн. Кенесары қозғалысы кезінде Ерейментауды қоныстанған қазақтың аруақты батыры Қанжығалы Бөгенбайдың ұрпақтарына соңғы ханның немере інісі Нұрқан келіп, атақты Бапан биге: «Менімен бірге көш, өйтпесең, кепілдікке ұлың Саққұлақты бер» деген талабын қояды. Кейін «Арғынның ақсақалы» атанған Саққұлақ биді Ұлытау жеріндегі осы тығырықтан апасы Шәңкей босатып алады. Бірнеше сенімді кісілермен із кесіп барған келіншек өзінің сырт киімін інісіне беріп, ұрымтал тұста жолға шығарып жіберіп, өзі керісінше оның шапан, бөркін алып, біраздан кейін соңына ілесе бергенде қуғыншы жақтың көзіне ілінеді. Ерейменнің жүйріктеріне жете алмасын білгендер, соңғы кеткен кісіні қолға түсіру үшін қару қолдану амалына көшіп, садақтан оқ жаудыра бастайды. Туған бауырын құтқаруға бел буып, шалғайдағы күншығыстан жанын шүберекке түйіп келген Бөгенбайдың ұрпағы – жаужүрек Шәңкей апамызды астындағы пырағы, Бапан бидің сәйгүлігі тура келген ажал оғынан құтқара алмайды. Арғын елінде Мамырдан кейін өз қандастарымыздың атқан жебесінен мерт болған ару осы Шәңкей апамыз. Мұндай мәрттікке барған аруға оның туған елі күні бүгінге дейін үнемі сүйсінумен келеді.«Шәңкейдің күйі» туралы қилы заманның бұл мұңды әңгімесін өткен ғасырдың 80-інші жылдары Ерейментау қаласындағы бір кездесуде Саққұлақ бидің ұрпағы, екібастұздық Қазыбек Нұралыұлы басынан аяғына дейін қызықты ғып айтып бергені бар. Сол жолы осынау еңбек және соғыс ардагерінің маған сырға тұнған көне сандықтай көрінгені рас еді.
Мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері келешекте біз айтып отырған осы жайларды ескеріп, игі шаралар ұйымдастырса, бұл да жастарды батырлық пен патриоттық рухында тәрбиелеуге септігін тигізері айдан анық. Өткенді білгеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Адамгершілік, ерлік пен туысқандықтың айнымас бір үлгісінің өзі  жоғарыдағы мысалдай-ақ болар. Естайдың сан қырлы өнерін жоғары бағалаған жұрттың ол келген сайын көп күйлердің ішінен осы күйді орындауды жиі өтінуі тектен тек емес қой.
Арқалы ақын батыр бабасының елімен үнемі араласып тұрған. Семейде мұғалімдер институтында көп уақыт қызмет істеген Бөгенбай батырдың ұрпағы Тұрсынбай Ералыұлы Естай ақынды 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдығына арнайы қонақ ретінде апарады. Осыған қарағанда, көзі тірісінде Естай Беркімбайұлы қазақ мемлекетінің сый-құрметін көрген сирек жандардың бірі десек те болатындай. Ол 1939 жылы «Қазақстанның халық ақыны» атанады. Сол кездері жиі Алматыға шақырылып, бірталай әндері нотаға түсіріледі. Қараөткелде әйгілі Майра әншімен де кездеседі. Орыс-қазақ аралас тұратын Ертіс өңірі Майраны Нюра деп те атаған көрінеді. Соған сәйкестендіріп Естай ақын оған «Юран-ай» деген тамаша бір әнін арнаған екен. Бұл туындының тұсауы сол кезде Қараөткел
жәрмеңкесінде кесіліпті.
Осы орайда, атақты Шәмші Қалдаяқовтың да Естай бабамызға ертеректе Алматыда студент жастармен болған бір кездесуінде берген жоғары бағасын келтіре кетуді орынды санадым.
– Сіздей өнер шыңына көтерілген жанның арманы бар ма? – деген сұраққа танымал композитор алдындағы рояльда бір тамаша әуенді бар жан-тәнімен нақышына келтіре ойнай түскен қалпы:
– Бар. Мен  Естайдың «Қорланындай» ән шығара алмай жүргеніме қысыламын,–деп еді.
Сонда Шәмшідей тектінің бұл жүрекжарды сөзіне залда отырған біз де куә болып, қатты таңырқап едік. Бұлай шын талантты мойындай білу – әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл тек ұлыларға ғана тән қасиет болса керек.
Қазақ төл өнерінің ақсұңқары Естайдың соңғы бір топ жырларын, соның ішінде «Қоштасу» әнін ғажап әнші, белгілі өнер зерттеушісі әрі жазушы Жәнібек Кәрменов 1990 жылы шыққан «Халық әндері»  жинағына енгізген екен. Қартайған шағында қалың елімен кешулік алысуды өзіне парыз санаған Сарыарқаның соңғы бір серілерінің бірінің жүрегі 1946 жылдың қысында өз соғуын мәңгілік тоқтатады.
Сәлем де Қанжығалы туған елге,
Ереймен кіндік кесіп өскен жерге.
Баруға соншалықты құмар едім,
Қайтейін, маған арман осы күнде.

Заманның түскен талай безбеніне,
Халқының тағдыры бар сөздерінде.
Сал Біржан, Ақан сері аманатын,
Тапсырам кейінгі ұрпақ, өздеріңе.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.

Астана.

Суреттерде: өнер дүлдүлі Естай Беркімбайұлы және асылдың сынығы Дәмек Мұқышқызы.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар